АБЫЗ АҚСАҚАЛМЕН ҚОШТАСТЫ

Кеше Қызылорда қаласындағы Достық үйі алдында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, Сыр елінің абыз ақсақалы Қалиев Ыдырыс Қалиұлын ақтық сапараға шығарып салуға арналған азалы жиын өтті.
Алғаш сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қоштасу рәсіміне жиналған қаралы қауымға Сыр елінің ардақты тұлғасының қазасына байланысты ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың көңіл айту жедел хат жолдағанын жеткізіп, қаралы митингке жиналғандарға таныстырды.
Үкімет басшысы өзінің жеделхатында Ұлы Отан соғысының ардагері Ыдырыс Қалиұлының бейбіт өмірдегі бүкіл саналы ғұмырында кәсіби біліктілігі және жоғары ұйымдастыру қабілеттілігімен, сондай-ақ ісіне адалдығымен ел есінде қалған азамат екенін айрықша атап өткен. Ы.Қалиевтің кезінде жауапты лауазымды қызметтер атқарып, Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша еңбек сіңіргені, сонымен қатар, даңқты қолбасшы Жалаңтөс Бахадүрдің тікелей ұрпағы ретінде жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосқаны айтылған. Бақытжан Әбдірұлы ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген ардақты азаматтың ғибратты ғұмыры халықтың жадында сақталатынын жеткізді.
Қырымбек Елеуұлы осындай жеделхат ҚР-ның Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықовадан да келгенін жеткізді. Мұнан аймақ басшысы абыз ақсақалымызды соңғы ақтық сапарға шығарып салуға арналған азалы жиынға келген халыққа сөзін арнады.
Ол бүгінгі қазаның қасіретті салмағы өте ауыр екенін айтты. Ол кісіні тұлпарлардың тұяғы, сұңқарлардың қанаты, алтынның сынығы деді. Ыдырыс ағамыз замандастары, қатарластары секілді балалықтың балдәуренін сүре алмады, бүтін киім кие алмады. соғысқа қатысып, оқ пен оттың ортасынан оралды. Халық шаруашылығын қалпына келтірудің барлық қиыншылықтарын көріп, елдің еңсе көтеруіне өзінің ерекше қосты.
Аймақ басшысы ХХ ғасырдың екінші жартысында Қызылорда облысында атқарылған барлық игілікті, ізгілікті істерде Ыдырыс Қалиұлының өзіндік үлесі, қолтаңбасы бар екені баршаға аян екенін атап өтті.
Ардагер ақсақалымыз Тұңғыш Президент, Елбасының сарабдал саясатын шын жүректен қолдаған насихатышы еді, елді әрдайым ынтымақтастыққа, бірлікке, еңбекке шақырды.
Азалы жиынды жүргізуші облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов ардагер абызымыз Ы. Қалиевтің өмірден озуына байланысты ҚР Бас прокуроры Жақып Асановтан, Республикалық "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл Мұхаммедтен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтан, облыстың бұрынғы басшылары Серікбай Нұрғисаевтан, Икрам Адырбековтан, Болатбек Қуандықовтан, облыстың құрметті азаматы Брынкин Виталий Алексеевичтен және тағы да басқа көптеген жерлестерімізден көңіл айта жедел хаттары келіп жатқанын хабардар етті.
Ал белгілі ақын Шөмішбай Сариев өзінің жедел хатында:
Сыр елінің бағы едің,
Жанған шырақ шамы едің.
Алла ісіне амал жоқ,
Асқар таудай ақ едің.
Ел-жұртыңды қимадың,
Бар жақсылық жиғаның.
Қош бол, аға, Ыдеке,
Жолдас болсын иманың, – деген өлең жолдарын арнапты.
Қаралы жиында замандастары атынан майдангер еңбек ардагері Бөрібай Құлманов, әріптес інілері атынан Абдулла Дәулетов, Жарылқасын Шәріпов, туған-туыс, құда-жекжаттарынан атынан Бақберген Досманбетов көңіл қостарын білдіріп, Ыдырыс Қалиұлының өнегелі өмірі, игілікке толы еңбек жолы, мен жарқын бейнесі Сыр халқының жүрегінде ұзақ сақталатынын жеткізді.

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.
ҚОҒАМ 26 қыркүйек 2017 г. 1 069 0