Тұрғындар тілегі ескеріледі

Облыс орталығындағы Базарбек Өсербаев көшесі бойында орналасқан үйлердегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін аталған аумақта күшейтілген жүйеде жұмыстар жүргізілуде.
Жергілікті полиция қызметінің ұйымдастыруымен Өсербаев көшесінің бойында орналасқан пәтер тұрғындарымен кездесу жиыны өткізілді. Жиын барысында Қалалық ішкі істер басқармасы Жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция майоры Ермек Құдайбергенов осы мәселеге қатысты тұрғындардың арыз-шағымдарын тыңдап, өткен жиыннан бері, яғни 10 күндікте атқарылған жұмыстар жайын сөз етті.
Қазіргі таңда аталған аумақта, яғни Өсербаев көшесінде күндізгі уақытта 2 учаскелік полиция инспекторы, түнде 5 учаскелік полиция инспекторы күшейтілген жүйеде қызмет атқаруда.
Учаскелік полиция инспекторларымен және құзырлы органдармен бірлескен түрде тексеру жұмыстары жүргізіліп, есепті мерзімде заңсыз жалға берілетін 21 пәтер анықталып, олар бойынша Қызылорда қалалық кірістер басқармасына ұсыныстар жолданды.
Сонымен қатар, есепті мерзімде түн тыныштығын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабына сәйкес 5 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылса, белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін 27 тұлға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетерлік жайт, жиын барысында кей тұрғындар бұл бағытта атқарылу қажет мәселелер жайлы ұсыныс-пікірлерін білдіріп, қалыпты күн көруіне кері ықпал ететін факторларды сөз етсе, кей тұрғындар аталған аумақтағы бұл мәселе біршама өзгеріп, жергілікті полиция қызметкерлері мен басқа да құзырлы орган тарапынан атқарылып жатырған жұмыстардың нәтижесінде жағдай түзеліп келе жатқандығын атап өтті. Ал, Жергілікті полиция қызметі мұнымен тоқтап қалмайтынын, тұрақты түрде күшейтілген жүйеде жұмыстар жүргізіле беретінін жеткізді.

Қызылорда облысы ІІД баспасөз қызметі
ҚОҒАМ 26 қыркүйек 2017 г. 510 0