Сырбойылық кәсіпкерлер «Атамекен» ҰКП жариялаған республикалық «Атамекенім» акциясына қатысуға ынталы. Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте бизнес қауымдастық өкілдері осылай мәлімдеді.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, акция бизнес иелерінің әлеуметтік жауапкершілігін, қайырымдылық шараларындағы белсенділігін арттыруға бағытталған. Ұлттық палата осы бағытта біршама ұсыныс әзірледі. Біріншіден, қайырымдылық жобасын іске асыру үшін әлеуметтік мәселелер реестрі жасалады. Қандай да бір көмекке зәру кісілер онлайн режимде өтініш қалдыра алады. Екіншіден, «Парыз» қайырымдылық идеясын өрістету мақсатында мемлекеттік «Парыз» наградасын беру ұсынылып отыр. Салық кодексінде әлеуметтік жауапкершілік шараларына ерікті түрде қатысқандарға жеңілдіктер қарастырылған. Ұлттық палата жеңіл¬діктерді пайдалану механизмдерінің тиімділігі мен қайырымдылықтың қоғам дамуына әсерін бағалап, мониторинг жүргізу керек деп есептейді.
– Акция аясында одан бөлек, 10-11 сыныптардың мектеп бағдарламасына «Кәсіпкерлік пен бизнес негіздері» пәнін қосу ұсынысын көтердік. Бүгінде бағдарлама дайын. Оқулықтар жазылып, педагогтар біліктілігін арттырып жатыр. Бұл пән балаларды кәсіпкерлікке, қаржылық сауаттылыққа баулиды. Оқулықпен бірге оқыту порталы ашылады, – деді Ғ.Жақсылықов.
Брифингте «Нұрай» ЖШС директоры Сейітқали Алшынбаев, «Сана-сезім орталығы» ЖШС директоры Раушан Базарбай, Қызылорда қызмет және сервис колледжінің директоры, техника ғылымдарының кандидаты Тәшім Оразбек бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі турасындағы тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіпкерлерді «Атамекенім» акциясына белсене қатысуға шақырды.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.