Облыста балық шаруашылығының дамуына байланысты шағын кемелер саны көбейген. Соңғы уақытта мемлекеттік тіркеуге алынбаған кемелерде оқыс оқиғалар жиіледі. Осыған сәйкес, өткен жылдың қазан айында облыс әкімі тапсырмасымен Арал ауданында көшпелі мәжіліс өткізілді. Нәтижесінде 2017-2018 жылдары су айдындарында су көліктерінің және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне бағытталған бірлескен жоспар бекітілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов мәлімдеді.
– Жұмыс тобы Арал ауданына жүргізген түсіндіру барысында 114 шағын көлемді тіркеуге алынбаған кемені анықтады. Оның 25-і жарамсыз және тіркеуден алынбаған. Жыл басында «Ішкі су көлігі туралы» Заңының 26-бабы, 6-тармағына өзгеріс енгізілді. Онда 2014 жылға дейінгі тіркелген, салмағы қоса алғанда 200 келіге дейінгі өздігінен жүрмейтін шағын көлемді кемелер, сондай-ақ ұзындығы тоғыз метрден аспайтын, қозғалтқыштары жоқ және демалуға арналған орындармен жабдықталмаған спорттық желкенді кемелер шағын көлемді кеме иесінің өтінішінсіз кеме кітабынан алып тасталу керек, – деді ол.
Заңнамаға енгізілген өзгерістер ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып отыр. Талдау нәтижесінде бүгінде 727 өздігінен жүрмейтін шағын көлемді кеменің 505 су көлігі аталған мерзімге дейін тіркелгендер. Осыған орай, олардың мемлекеттік тіркеуден шығарылатындығы белгілі болды. Негізінен, өздігінен жүрмейтін шағын кемелердің көбісі Арал ауданы мен Қызылорда қаласы тұрғындардың иелігінде.
Шынар БЕКБАН.