Осы аптада “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының ХI есеп беру-сайлау конференциясы өтті. “Нұр Отан” партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаевтың қатысуымен өткен конференцияда “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында қоғамның қозғаушы күші саналатын жастарға мол маңыз берілгені айтылды.
– Қазір білектінің емес, білімдінің заманы. Болашақ сіздердің қолдарыңызда. Жалынды жастарға қойылар басты талап – өрлі рухтың, саналы сананың иесi болу, озық технологияларды жіті меңгеріп, жаңашылдыққа икемделу. Сондай-ақ, көп тіл үйреніп, қабілетті болу, ел ертеңі үшін тер төгу. Жастардың билікке келуі, сауаттылығы мен басқарушылық саладағы әрбір ісі маңызды рөл атқарады. Сондықтан қазақстандық жастар осы мақалада көрсетілген үдеден шығу керек, – деді И.Құттықожаев.
Ал “Жас Отан” ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Абылайхан Сабанбаев өз кезегінде жасотандықтардың бұл мақсатты жүзеге асыруда аянып қалмайтынын айтты. Сонымен қатар қараша айының соңында өтетін “Жас Отан” ЖҚ ІV съезінде облыстық филиал атынан 43 делегат сайланғанын жеткізді.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.