КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВ ҚҰРАМЫН ІРІКТЕУ

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы кадрлық резервін қалыптастыру жұмысын өткен жылдың 20-желтоқсанында саяси кеңес Бюросының қаулысымен 140 үміткер қамтылған резерв құрамын бекітіп, орталық партия аппаратына жолдаған болатын. Осы орайда аймақтық филиалдардағы аталған құрамға қосымша іріктеу туралы тапсырмаға сәйкес бірқатар өзгерістер енгізілді.
– Облыс бойынша ұсынылған 140 үміткердің 1-і қоныс аударуына байланысты, тағы 1-і қайтыс болуына байланысты кадрлық резерв құрамынан шығарылса, қалған 138 үміткердің жұмыстары сарапталып, алтыайлық бағалау нәтижесімен 65 үміткер тізімнен шығарылды. Маусым айында өткен қосымша іріктеу жұмыстарында 33 азаматтың кандидатурасы ұсынылып, тестілеу мен сұхбаттасудың қорытындысы бойынша 7 азамат тізімге енгізілді. Қазіргі уақытта облыстық партия филиалының кадрлық резерв құрамы 80 азаматты құрайды. Олардың 30-ы аймақтық, ал 50 азамат аумақтық резерв құрамында, – деді облыстық филиал төрағасының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов.
Айта кету керек, жоғары белсенділік танытып, әлеуметтік мәселелерді шешуге байланысты шараларға қатысып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру барысында жұмыс атқарып, Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді айтарлықтай тиімді іске асыруға дайын резервистер жақын мерзімді резервке енгізіледі. Олар мәслихат депутаттығына, партия филиалдарының Саяси кеңесі, партия жанындағы комиссиялар мен қоғамдық кеңестер мүшелігіне ұсынылатын бірінші кезектегі кандидаттар.
Ш.ЖАМАЛТЕГІ.
ҚОҒАМ 23 қыркүйек 2017 г. 643 0