Қала орталығында орналасқан аймағымыздың маңдайалды білім ошақтарының №101 орта мектепте Әли Мүсілімұлының бюстін ашу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Еламанов Бекмырза Қайыпұлы және білім саласының ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
– «Баршаңызды Алаштың анасы - Сыр елінің бас шаһары – Қызылорда қаласы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
«Өткенге салауат, келешекке аманат» - демекші, тек қаламызда ғана емес, аймағымыздың маңдайалды білім ошақтарының бірі саналатын №101 орта мектепте Әли Мүсілімұлының бюстін ашу салтанаты, барлық қызылордалықтар сағынып күтетін дәстүрлі мереке – «Қала күні» қарсаңында ұйымдастырылуымен ерекшеленуде.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жалпақ жұртыңды құрметтеу - туған өлкеңнің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан тұрады» дегендей, еліне елеулі еңбек сіңірген азаматтардың абыройын асырып, рухын тасыту біздер үшін басты парыз деп білеміз.
Осы мақсатта, Әли Мүсілімұлының елі үшін жасаған еңбегі мен жарқын бейнесін, жерлестерінің жадында мәңгі сақтау үшін бюст орнату ел ертеңі – өскелең ұрпаққа үлгі боларлық маңызды шара», - деді, қала әкімі Н.Нәлібаев құттықтау сөзінде.
Әли Мүсілімұлы - 1941 жылы Сырдария ауданының Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүниеге келген.
Ұлылығы мен ұлағаттылығының арқасында, саналы ғұмырының барлығын білім саласына арнап, 40 жылдай осы саланың дамуы мен өркендеуі үшін тер төккен.
Педагогика ғылымдарының докторы, академик Әли Мүсілімұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни қайта құру кезеңінде еліміздегі білім саласын экономикалық дағдарыстан шығару мақсатында маңызды реформалар мен тың жаңалықтар енгізді.
Еткен еңбек, төккен тердің арқасында білім саласында жауапты қызметтерді асқан зор абыроймен атанған ірі Ағарту саласының генералы еңсеріп, қайраткер ғалым және тұлға.
Талай жылғы табанды тірліктің лайықты бағасындай «Еңбек қызыл ту» ордені, «СССР халық ағарту ісінің үздігі», «СССР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «ҚазССР ағарту саласының үздігі» төсбелгілерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» және тәуелсіздік жылдарынан кейін «Астана», «Ы.Алтынсарин» медальдарымен, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталса, 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімімен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі.
Әли Мүсілімұлының артында өнегелі де ұлағатты істерімен қатар 4 монография, 6 оқу құралы, 120-дан астам ғылыми мақалалары бүгінгі ұрпаққа мол мұра болып қалған.