Қызылордалық полицейлер қырғыз азаматтарын тонаған 28 және 25 жастағы Қармақшы ауданының 2 тұрғынын ұстады.
Оқиға 21 кыркүйек күні түнгі сағат 03:50 шамасында Шымкент-Самара тас жолының бойында орын алған. Белгісіз бір азаматша ішкі істер бөліміне телефон соғып, қылмыс фактісі орын алғандығы жөнінде хабарлаған.
Хабарлама негізінде жедел түрде сол аумақта барлау жұмыстарын жүргізіп жүрген жол-патрульдік полиция ротасына тиісті нұсқау беріліп, нәтижесінде 1992 жылғы және 1989 жылғы 2 азамат ұсталды. Тергеу барысында ұсталған 2 азамат алдын ала сөз байласып, Қырғызтан Республикасы азаматының басқаруындағы «Mercedes» маркалы автокөлігін тоқтатып, автокөліктің ішінде болған 4 азаматтың 40000 теңге көлеміндегі ақшасын, 10 дана қосымша доңғалақтарын және ұялы телефондарымен қоса «Кама» үлгісіндегі велосипедін ұрлағандары белгілі болды.
Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-бөлігі 1,3-тармағы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.
Қызылорда облысы ІІД баспасөз қызметі