Облыс прокуроры кәсіпкерлер палатасында қабылдау жүргізді

Облыс прокуроры Халидулла Дауешов Қызылорда облысының аумақтық кәсіпкерлер палатасындағы «прокурор кабинетінде» кәсіпкерлерді жеке қабылдау жүргізді.
Жеке қабылдауға барлығы он бизнес өкілдері қатысты. Кәсіпкерлердің өтініштері негізінен балаларды тәрбиелеу мен оқыту бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін қаржының уақытылы бөлінуі, мемлекеттік сатып алулар, бөлінген субсидияларды қайтару мәселесіне және монополия субъектілері мен қылмыстық істер бойынша ішкі істер органдарының әрекеттерімен байланысты болды.
Мысалы, бірнеше жеке мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері оларға мемлекеттік қаржыны аударудан бас тартқан қалалық білім бөлімінің әрекетіне шағымданды.
Басқа кәсіпкер оның кондитерлік цехын ешбір ескертусіз газдан өшіріп тастаған және 70000 теңге көлемінде есептелген соманы төлеуді талап еткен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өкілдерінің әрекеті туралы хабарлады.
Қабылдау барысында Халидулла Дәуешов жекелеген кәсіпкерлерге жаңа «Прокуратура туралы» Заңның өтініштерді қарау тәртібін реттейтін талаптарын түсіндіріп өтті.
Облыс прокуроры жекелеген өтініштер бойынша облыстық прокуратураның құрылымдық бөлімдеріне бизнес субъектілерінің уәждерін мұқият қарауды тапсырды.
Жалпы 2017 жылдың өткен мерзімінде «прокурор кабинетінде» 49 кәсіпкерлер қабылданса, прокурорлық қадағалау шараларымен барлығы 150-ден астам кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қорғалды.
Белгіленген кесте бойынша кәсіпкерлер палатасында қабылдауды жүргізеді: айына бір рет – облыс прокуроры, айына екі рет – облыс прокурорының орынбасары, апта сайын – облыстық прокуратураның басқарма бастығы.
Осындай «прокурор кабинеттері» кәсіпкерлер палатасының аудандық бөліністерінде де бар, ол жерде қабылдауды аудан прокурорларының жеке өздері жүргізеді.

Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
ҚОҒАМ 21 қыркүйек 2017 г. 627 0