Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тапсырмасы барысында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті ағымдағы жылдың 22 тамыз бен 22 қыркүйек аралығында, Қазақстан Халқы тілдерінің күні мерекесі қарсаңында «Тіл - татулық тірегі» атты айлық шараның басталғанын жариялаған болатын. Мемлекеттік тілге байланысты әртүрлі бағыттағы іс-шаралар жоспарға сәйкес өткізілді.
Қорғаныс саласының қызметкерлері Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері ұйымдастырған «Ана тілім-тұғырым» атты кітап көрмесімен танысты. Көрмеде мемлекеттік тілімізге қатысты соңғы шыққан ақын-жазушылар мен ғалымдардың кітаптары және ғылыми еңбектерімен танысып, рухани азық алды.
Сонымен қатар, облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен, «Қазақылықтың Атамекені» қоғамының облыстық филиалы ұйымдыстырған «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты байқауда әскери қызметші Қ.Жұматов арнайы «Алғыс хатқа» ие болды.
Әскери қызметшілер мен қызметкерлер арасында «Ана тілімізді ардақтаймыз!» тақырыбында ойлау қабілетімен біліктілігін анықтау аясында шахматтан жарыс өткізілді.
Атқарылған жұмыстың негізін қортындылау мақсатында 22 қыркүйек – Қазақстан Халқы тілдерінің күні мерекесі қарсаңында «Сөз мерген» тақырыбында қорғаныс департаменті бөлімдері арасында сайыс ұйымдастырылды.
5 кезеңнен тұратын сайыстың мақсаты мемлекетіміздің қасиетті ана тілін насихаттау, құнары мол қазақ тілін өз мәнінде қолдану, ұлттың рухани байлығын ұлықтау болып табылады.
Тартысқа толы шараның жеңімпазы материалдық-техникалық қамсыздандыру бөлімінің қызметкері А.Алтыбай атанды. Барлық қатысушыларды облыстық қорғаныс департаментінің бастығы полковник М.Даулетбахов арнайы марапаттады.
Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі.