Қыркүйектің 27-29 күндері Қызылордада «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фольклорлық музыкалық өнер фестивалі өтеді. 2006 жылдан бері 3 жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан фестиваль биыл 4-рет бауырлас халықтардың өнерпаздарын Қорқыт баба тыныс тапқан қасиетті мекенге жинамақ. Дәстүрлі шара халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылуда. Оған түркітілдес 10 елдің өкілдері қатысады. Сонымен бірге қазан айында халық батыры Текей Қарпықұлының 350 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы мен батырлық дастан орындаушылардың байқауы өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Жанат Құрамысова мәлімдеді.
Брифингке басқармаға қарасты барлық мекемелердің басшылары қатысып, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында Қазақстанның 100 киелі жері іріктеліп алынды. Оған біздің өңірден 10 нысан енгізілді. Олар Сығанақ, Жанкент, Шірік Рабат, Жент қалашықтары, Қорқыт ата ескерткіш кешені, Оқшы ата, Төлегетай-Қылышты ата, Қорасан ата кесенелері, Бегім ана мұнарасы және Қызылорда қаласындағы Христос спаситель шіркеуі, – деді облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеменің директоры Сапар Көзейбаев.
Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының директоры Сәбит Амангелдиев «Қорқыт. Қобыз» музыкалық жобасы туралы айтып берді. Бұл жоба Қорқыттың мұраларын насихаттау, талантты балалар мен жастардың қобыз аспабымен күй үйреніп ғана қоймай қобыздың сүйемелдеуімен терме-толғаулар айтуды үйрету мақсатында әзірленген. Алдағы уақытта мәдениет үйлері мен клубтарда «Қорқыт. Қобыз» ұлттық бірлестіктері мен үйірмелері құрылады.
Бағдарламаның «Асыл ұрпақ» жобасы бойынша Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы «Оқитын өлке» акциясы мен «Буккроссинг. Оқы және өзгеге ұсын» жобаларын жүзеге асыруда. Кітапхана директоры Нұржамал Мырзамұратова кітаптар мен мерзімдік басылымдарды цифрлық форматқа көшірудегі, көзі нашар көретін оқырмандарға арналған дыбыс жазу студиясындағы жаңалықтарды баяндады.
Брифинг барысында облыстық филармония директоры Талғат Мақашов «Жыр керуені» жобасының жүріп өткен жолдары, гастрольдік сапарлар туралы айтып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Сыр өнерпаздары Әзербайжанға, Ресейдің бауырластарымыз тұратын аймақтарына өнер сапарымен барып келді. Дәстүрлі орындаушылар осы жылдың қазан айында Ташкент қаласында концерттер өткізбек. Сонымен қатар, өнердің түрлі жанрлары бойынша 11 облыстық, 1 аймақтық байқау-конкурс ұйымдастырылған.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Бахыткүл Бекмамбеттің айтуынша, Шірік Рабат, Жанкент, Сығанақ қалашықтарынан табылған экспонаттар және Мәскеу қаласындағы РҒА Миклухо-Маклай атындағы «Антропология және этнография» институты қорында сақталған керамикалық ыдыстар көшірмелерінің негізінде барлығы 665 дана экспонат музей қорына қабылданған.
М.МЕРЕЙ.