Өткен аптада Қызылорда қаласындағы №197 қазақ орта мектебінде спортты жанына серік етіп, бокстан бірнеше дүркін облыстық, республикалық, халықаралық додаларда тәуелсіз мемлекетіміздің, барша қазақ елінің намысын қолдан бермей келе жатқан Сыр елінің «Қос тарланы» Қамшыбек Қоңқабаев және Тұрсынбай Құлахметовпен кездесу ұйымдастырылды.
«Қуана білгенге құт қонады, бағалай білгенге бақ қонады» деген қазақ мақалы бекер айтылмаған. Біз жақсылықты көре білген, оны жадына түйе білген дана халықпыз. Бұл ретте бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналған былғары қолғап шеберлері осы Сыр бойының, оның ішінде өзіміз тұратын КБИ мөлтек ауданының тумалары, тіпті баршаға білім нәрін беретін киелі де қасиетті қара шаңырақ яғни, №197 қазақ орта мектебінің түлектері екендігі әрине көңілімізге қуаныш ұялатады. Ал бұл басқосу «Қос тарланымызға» деген құрмет, ақжолтай ізгі тілек саналмақ .
Кешті ашып беру үшін алғашқы сөз мектебіміздің директоры Рахымшаева Сабила Байқоңырқызына берілді. Ол қос спортшының толағай табыстарымен шын жүректен құттықтай келе: «Біз сіздерді Олимп шыңынан көргіміз келеді. Ол әрине алдағы күндердің еншісінде» дегенді баса айтты.
«Ұстазы жақсының - ұстанымы жақсы» деген. Осы орайда Тұрсынбай Құлахметовтің өз әкесі әрі қос боксшының да осы мектепте алғашқы бапкері бола білген және олардың осы салаға келуіне тікелкей ықпал еткен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, капитан Байменов Молдахмет ағай «Қос тарланның» спорт саласына басқан бастапқы қадамы жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Кез-келген мектеп түлегі үшін өзін он бір жыл білім нәрімен сусындатып, мол тәрбие берген аяулы да ардақты ұстаздарының орны ерекше. Бұл орайда Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбектей ел таныған азаматқа кезінде сынып жетекшілік қызмет атқарған мектебіміздің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, білікті ұстаз Фатима Сағатқызы шәкіртінің балалық шағынан қызықты естеліктер айтып берді.
Қамшыбек пен Тұрсынбайдай Сыр саңлақтарының спорт саласында жеткен жетістіктерін, бағындырған белестерін айтып жеткізу әрине мүмкін емес. Жиналған көпшілік электронды тақтадан оқып танысып, бейнетаспадан шаршы алаңдағы жарыс сәттерінен үзінді тамашалады.
Дана халқымыз қашанда жақсылыққа сүйіне білген. «Жақыныңды жаттай сүй, жат бойыңнан түңілсін» деген. Бұл ретте мектебіміздің 11 сынып оқушысы, бүгінде бірнеше мәрте қалалық, облыстық жас ақындар мен жасөспірімдер айтысының, сондай-ақ жыр мүшәйраларының бас жүлдесін қанжығасына байлап үлгерген өрен Ерасыл Мамырұлы өзінің жүрекжарды арнауын батыр ағаларына арнады. Сондай-ақ бұл кездесуге «Қос тарланымыздың» ізінен ерген ізбасарлары, спорттың әр түрлі саласында додаларға қатысып, жүлдемен оралып жүрген мектебіміздің жоғары сынып оқушылары да арнайы қатыстырылып, олар кеш қонақтарына бағытталған өздерінің көкейінде жүрген көп сұрақтарына тұшымды жауап алды. Осылайша киелі қара шаңырақ өз түлектерін мақтан етті.
Кәмшат Махмұтқызы.
№197 қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.