Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Жалпыға бірдей еңбек қоғамы» туралы мақаласында еңбекке деген, оның қадір-қасиетіне, құрметіне деген ой-пікірлері баршамызды қуаттандырды. Әсіресе, Президенттің ел-халықтың асыраушысы – ауыл шаруашылығына деген көзқарасы біздің көңілімізге қуаныш ұялатады. Содан да осы сала еңбеккерлеріне құрмет пен қошемет көрсету дәстүрге айналған.
Жыл сайынғы «Алтын күз» мерекесі биылғы жылы Сыр аймағында өзгеше сипатта мерекеленді. Қойнауы тереңнен сыр шертетін, іргетасы қалағанына 195 жыл толған Қызылорда қаласының күні аясында өткен шаралар оның мазмұнын байыта түсті.
Киелі де шежірелі Сыр аймағы әлеуметтік-экономикалық, рухани дамудың мекеніне айналған. Бұған біз бір апта бойы дүркірей өткізілген думанды тойда көз жеткіздік. Биылғы жылы еңбек адамдарына көрсетілген құрмет орасан зор болды. Социалистік Еңбек Ері, айтулы азамат Цай Ден Хактың 100 жылдық мерейтойына байланысты ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, еңбек адамдарына біртуар азаматтың өнегелі өмір жолы дәріптелді. Сонымен бірге, белгілі қоғам қайраткерлерінің мерейтойлары мазмұнды өтуде.
Мереке соңында Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында биылғы егін жинау науқанының қорытындысы бойынша өндіріс озаттарын марапаттау салтанаты болып өтті. Осы салтанатты шарада облыс әкімі Қ.Көшербаев еңбек озаттарына жүрекжарды лебізін жеткізіп, ауыл шаруашылығы саласының 29 номинациясы бойынша анықталған жеңімпаздарды Алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Айта кету керек, осы салтанатта облыс басшысы кезінде Социалистік Еңбек Ері атағын иеленген бір топ қариялар мен еңбек озаттарына темір тұлпарларды тарту етті.
Елге сіңірген еңбегімізді елеп, ұрпаққа өнеге еткен игі шаралар үшін аймақ басшысына алғысымыз шексіз. Ең бастысы, Еңбек деген қасиетті ұғым баршамыздың қадірлейтін асыл мұратымыз екенін халық сезіне түсті деп ойлаймын. Сыр бойындағы тағылымды, тәрбиелі шаралар соның жарқын айғағы болды.
Ұзақ ЕСПАНОВ,
еңбек ардагері,
Социалистік Еңбек Ері.