Бейсенбіде ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының ұйымдастыруымен мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартының жобасы талқыланды.
Шараға «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының «Педагогикалық шеберлік» орталығының директоры Ермек Қасымбеков, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Ғалия Сыздықова, білім беру бағдарламалары орталығы директорының орынбасары Мақпал Жадрина, облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов және жоғары оқу орындарының ұстаздары мен мектеп директорлары қатысты.
Бастауыш білім беруді жүйелі жаңарту мен жаңаша жүйеге көшуді, оқу үрдісіне заманауи жобалар мен әдістерді енгізуді мақсат еткен жиында оқушы тұлғасын бастауыш сыныптан бастап айқындап, оларды шығармашыл тұлға ретінде тәрбиелеп шығару мәселесі кеңінен сөз етілді. Алғаш сөз алған білім беру бағдарламалары орталығы директорының орынбасары Мақпал Жадрина әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, орта білім берудің жаңартылуын жүзеге асыру үшін атқарылуға тиіс жұмыстар мен одан шығатын нәтиженің қалай болатындығы, осыған орай жаңа талапқа сай білім беруді ұйымдастыруға қажетті негізгі құжатты әзірлеу керектігін баса айтып, тың ұсынымдар ұсынды.
«Заман талабына сай жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандарты – бір күндік дүние емес, бірнеше жыл бойы зерттеліп, сараланып келе жатқан құжат. Сондықтан біздің алдымызда білім беру мазмұнын, оқушының білім беру ортасын жаңарту, қолжетімді, әрі алуан түрлі ақпаратқа көшу, сондай-ақ, объективті бағалау мен мектепті басқарудың инновациялық және ашық жүйесін енгізу секілді келелі мәселелер тұр. Осы жаңа жүйеге көшу аясында біз оқушыларды ХХІ ғасырдың өмір талаптарын орындай алатындай сапалы етіп даярлауымыз қажет. Оған қоса, олардың сыни тұрғыдан ойлау деңгейін арттырып, туындаған мәселелерді шығармашылықпен шешуге баулуға тиіспіз. Сонымен бірге, білім беру негізінде оқушының рухани-адамгершілік, сауаттылық пен бәсекеге қабілеттілігін арттыруымыз керек. Жалпы Елбасы Жолдауында айтылғандай жай ғана орта мектептердің біліктілік дәрежесін Назарбаев зияткерлік мектебінің іс-тәжірибесі мен оның деңгейіне жеткізуіміз керек», – деді М.Жадрина өз баяндамасында.
Жиын барысында республикалық «Педагогикалық шеберлік» орталығының директоры Ермек Қасымбеков ауқымды жобаны іске асыруда ұстаздар мен мектеп директорларының үлесі зор екендігін жеткізді. Осылайша, мазмұнды мәліметтерге қаныққан ұстаздар қауымы бастауыш білім беру стандарты жобасын жан-жақты талқылап, өз ойларын ортаға салды.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.