Қызылордалық шаруалар 5 мың тоннадан аса бақша дақылдарын экспорттаған. Соның ішінде күріштен кейінгі бренд саналатын Сырдың бал татитын қауын-қарбызына сұраныс артуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында белгілі болды. Шара аясында БАҚ өкілдері Белкөл кентіндегі «Іскер-М» серіктестігінің алқаптағы жұмысын көзбен көрді, соқпағы мен тәуекелі көп бизнес ортада өз орнын еншілеп ғана қоймай, табысқа кенелген Ержан Сүгірәлинмен тілдесті. Жас кәсіпкердің жаңаша тәжірибесімен танысты. Байқағанымыздай, сары-ала түске боялған алқапта қайнаған қызу тірлік. «Еселі еңбек өрісі – ертеңгі молшылықтың кепілі» деп санайтын серіктестік еңбеккерлері таза табиғи өнім алуға жұмыс жасауда. Қазір бұл жерде француз асқабағы, голландық және испандық қауын мен тәтті жүгері өнімдері пісіп, сатылымға шығуда.
– Көлемі 5 гектар жерді алып жатқан аумаққа қауынның 16 түрі егілді. Үлкендерінің салмағы 2,5-3 келіні құрайды. Ешқандай химикат, тыңайтқыш қолданылған жоқ. Қара қауынға ұқсас сорты Испаниядан жеткізілді. Оның құрамындағы қант мөлшері 17-18 пайызға дейін жетеді. Көлемі кішілеу келетін сары торлама да – өзге елден әкелінген сорттардың бірі. Біз ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің әлем елдеріндегі сәтті тәжірибелерін қолдандық. Тамшылатып суарамыз. Сорттардың шығымы жақсы. Зиянкестер мен өсімдік ауруларына төтеп бере алады. Дәмі де тіл үйіреді. Сондықтан сұраныс көп. Мұнан бөлек, баялды, қияр, черри қызанағы, қырыққабат секілді дақылдарды сынақтан өткізіп жатырмыз. Нәтиже жаман емес, – деді Е.Сүгірәлин.
Осылайша, «іскерліктер» іскерлігін көрсетті. Серіктестік шаруалары бүгінде қауынның 10 тоннасын Ресейге аттандырыпты. Сондай-ақ, қожалық өнімі қаладағы «Жібек жолы» ойын-сауық орталығының «Радуга» сауда нүктелеріне қойылған екен. Қорыта айтатын болсақ, облыстың экспорттық потенциалы жоғарылаған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жахановтың мәліметіне сүйенсек, биыл 389,3 тонна өнім облыс аралығында сатылымға шыққан. Оның ішінде қауынның 510 тоннасы шетелдік нарыққа жөнелтілген.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.