АЛМАТЫДА СЫР БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

Сыр өңірі – мектепке дейінгі тәрбиемен қамтитын мекемелердің мәселесі шешілген аймақ. Қызылордадағы ата-аналар «жұмысқа баратын болсақ, баламызды қайда апарамыз?» дейтін машақаттан құтылған. Өйткені, мұнда бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын балабақшалар баршылық.
Облыстағы бөбекжайлардың озық тәжірибе¬сіне өзге аймақтар да қызығушылық білдіруде. Жуырда Қызылордадағы «Алтын Орда-Шұғыла» балабақшасының Алматы қаласында филиалы ашылғанын сөзіміздің дәлелі ретінде айтып өтуге болады.
Білім күні қарсаңында Алатау баурайында ашылған осынау балабақшаның құрылтайшысы қызылордалық «Нұр-Ай» ЖШС директоры Сейітқали Алшынбаев екенін айта кеткен жөн.
– Алматыда «Алтын Орда-Шұғыла» балабақ¬шасының филиалын ашып отырмыз. Бұл жерде 180 бала мектепке дейінгі тәрбиемен, 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады, – деді белгілі кәсіпкер Сейітқали Алшынбаев.
Аталған балабақшаның ашылуына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысып, Сейітқалидай Сыр азаматына алғысын білдірді.
Алматы қаласына қарасты Жетісу ауданын¬дағы бұл балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылды. Ол заманауи үлгі¬¬дегі құрылғылармен жабдықталған. Қос қабат¬тан тұратын ғимаратта информатика, музыка кабинеттері және түрлі танымдық бөлмелер мен спортзал бар. Балабақша меңгерушісі Шынар Келғазиеваның айтуынша, бұл бөбекжайда бүлдіршіндерге барлық жағдай жасалған.
– Балабақшада ағылшын тілі мен шахмат үйретіледі. Сондай-ақ, психолог пен логопед жұмыс жасайды. 4-5 жастағы балалар бірінші қабатта болса, екінші қабат мектепалды даярлық тобына арналған, – деді ол.
Мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарған ұжымдардың басында С.Алшынбаев басқаратын осы серіктестік тұр. Облыс бойынша типтік жобадағы мектептер құрылысын салуды алғаш болып қолға алған да Секең басқарған компания еді. Ондай мектептер Қызылорда қаласы мен Тереңөзек кентінде және Майлыбаев, Талсуат, Сұлутөбе ауылдарында бой көтерді. Байқап отырсақ, Алшынбаев атқарған жұмыстың көбі балалар игілігіне айналыпты. Тағы бір айта кетерлігі, «Шұғыла», «Нұр-Шұғыла», «Алтын Орда-Шұғыла» деп аталатын үш балабақшада мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр. Оларда 300 адам жұмыс¬пен қамтылған.
А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
ҚОҒАМ 16 қыркүйек 2017 г. 863 0