Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесіне біршама өзгерістер енгізілген болатын. Осыған орай ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті мен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетін қосу жолымен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті болып қайта ұйымдастырылды.
Туындаған өзгерістерге байланысты газет тілшісі аталған комитеттің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Өтегеноваға жолығып, тұтынушы құқын қорғау мәселесіне орай бірқатар сауалдарға жауап беруін өтінген еді.
– Өзгерістерге сәйкес біздің комитетке өзінің атқарып отырған функциясына қосымша тұтынушылардың құқықтарын қорғау функциясы берілді, – деді біздің сауалымызға орай Гүлмира Сейітбекқызы. – Сол себептен Қызылорда облысында үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап тұтынушылардың құқықтарын қорғау функциясын Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жүзеге асырады.
Бұл ретте Департамент базасында тұтынушы¬лардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «Қауырт желі» жұмыс жасайды және облыс тұрғындарына тегін кеңес беріледі. Сонымен қатар, департамент мамандары тарапынан азаматтарды қабылдау жұмыстары жүргізіледі, олардың ауызша немесе жазбаша өтініштерін қарайды және шешімдер қабылдайды, кеңес береді, наразылық әзірлеуге және басқа да әдістемелік көмек көрсетіледі.
– Бұл ретте Департаментке жеке тұлғалардан заң бұзушылық туралы келіп түскен өтініштер қандай саладан көптеп түседі?
– Жалпы жүргізілген талдау департаментке келіп түскен өтініштердің көпшілігі бөлшек сауда мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына тиесілі екендігін көрсетті. Осыған сәйкес өтініштер бойынша қолданыстағы заңнамаларға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, өтініштер үйде жылудың жоқтығына, электр өлшегіш құралдарына, электр қуатының негізсіз сөндірілуіне, кәріз жүйелеріне, газ жүйелеріне қосылуына, сатып алынған ұялы телефондардың сапасыздығына, тиісті сападағы тауарды айырбастау немесе қайтарып беруге және басқаға арналған.
– Жоғарыда айтып кеткендей, жеке тұлға¬лардың арыздары негізінен бөлшек саудаға қатысты. Бүгінгі таңда нарықта жүз мыңдаған тауар түрі бар. Оларды таңдау кезінде сапасы мен сақталу мерзіміне назар аудару қалыпты нәрсе. Алайда, кейде осындай жағдайларға мән бермей, тауарды сатып алған соң өкінетініміз жасырын емес. Мұндайда тұтынушының құқығы қорғалған ба? Өзіңіз сатып алған тауардың ақшасын қалай кері қайтаруға болады ма, яғни қалыпты, тиісті сападағы бірақ осы немесе басқа себептер бойынша ұнамай қалған тауарды қайтаруға болады ма?
– Иә, тиісті сападағы, яғни қалыпты, бірақ сізге осы немесе басқа себептер бойынша, мысалы, өлшемі, түсі, фасоны бойынша ұнамай қалған тауарды қайтару үшін сіз сатушыға 14 күн ішінде жүгінуіңіз қажет. Егер сіз сәйкессіздікті 15 күнде анықтаған болсаңыз, сізге оны ауыстыру мүмкін болмайтындығымен келісуге тура келеді. Сатушы сізді кері қайтарады және ол дұрыс жасайды. Ал егер де сатушы 14 күнге дейінгі мерзімде оны айырбастаудан бас тартатын болса, шындық сіздің жағыңызда болады. Айтпақшы, сатушы тарапынан мерзімдер бойынша сұрақтар туындайтын болса, сіз оған тиісті сападағы тауарларды қайтару мерзімдері «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 14-бабымен реттелетіндігін хабарлай аласыз.
Егер сіз сатып алған тауарға кепілдік мерзімі белгіленген болса және сіз кемшіліктерді осы кезеңде анықтасаңыз сіз жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін өз талаптарыңызбен жүгінуге тиіссіз. Егер тауарға кепілді мерзімі немесе жарамдылық мерзімі белгіленбесе, сатылған тауардағы кемшіліктер тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл шегінде, тұтынушы тауардың кемшіліктерімен байланысты талаптарды қоя алады. Осы нормалардың барлығы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 17-бабында көрсетілген. Сіз сатушыға осыны айтып, дүкенге келгенде өз құқықтарыңызды қорғай аласыз.
Тұтынушы тауардың кемшілігін тапқан жағдайда әдетте сатушыға жүгінеді және өз құқықтарын қанағаттандыруды талап етеді. Ал көп жағдайда сатушы онымен келіспейді және тауарды сатып алушы бүлдіргендігіне сендіргісі келеді. Бұл жағдайда екі тарап арасында дау туындайды. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 30-бабы¬ның 2-тармағына сәйкес тұтынушы тауардың кемші¬ліктерін тапқан және ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, сатушы оны дереу ауыстыруға, ал сатушыға тауардың сапасын қосымша тексеру (сараптама жасау) қажет болған кезде - тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті екенін көздейді. Тауар сапасын қосымша тексерудің (сараптаманың) құнын сатушы төлейді. Егер тауарды тексеру (оның сараптамасы) нәтижесінде тауардың кемшіліктері жоқ екендігі немесе кемшіліктер тұтынушының тауарды пайдаланудың, сақтаудың белгіленген қағидаларын бұзуы немесе үшінші тұлғалардың іс-әрекеттерінен не еңсерілмейтін күштің салдарынан тауар тұтынушыға берілгеннен кейін пайда болғаны белгіленсе, тұтынушы сатушыға (дайындаушыға) тексеру (сараптама) жүргізуге жұмсалған шығыстарды, сондай-ақ оны жүргізуге байланысты тауарды тасымалдауға жұмсалған шығыстарды өтеуге міндетті. Тұтынушы сапаны тексеруге және тауарға сараптама жүргізуге өзі немесе өзінің өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ тауарды тексеруді (оның сараптамасын) өз есебінен жүргізуге құқылы.
– Сауда орындарында баға жазылған қағаздардың болмауы, кем өлшеу және есептен жеу фактілерімен кездескен жағдайда не істеуге болады?
– Кем өлшеу, таразыдан жеу, есептен жеу, тауардың (көрсетілетін қызметтердің) тұтыну қасиеттеріне немесе сапасына қатысты тұтынушы¬ларды жаңылыстыру немесе өзгедей алдау, Қазақстан Респуб-ликасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 190-бабына сәйкес жаза көзделген әкімшілік құқық бұзушылық болып табылатынын білу қажет. Осы құқық бұзушылықтарды анықтаған кезде тұтынушыға осындай істерді қарау және әкімшілік жауапкершілікке тарту құзыретіне кіретін ішкі істер органдарына жүгіну қажет.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «Қауырт желі» жұмыс жасауда. Туындаған сауалдар бойынша біздің департаментке келіп жолығуға болады.
Әңгімелескен Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.