Жер-Ананың жағдайы жалпақ жұрт үшін маңызды екендігі баршаға аян. «Жер семіз болса – дән егіз, мал семіз болса – төл егіз» деген қазақтың дана сөзі ойымызды дөп басады. Сондай-ақ, «Не ексең, соны орасың» дейді. Бүгінде бұл қағида аздап толықтыруды қажет етеді. Өйткені, еккен егінің, төккен терің төлеусіз болып қалатын жағдай жиі кездеседі. Бұл – жердің құнарын сақтау біліктілігінің жоқтығынан туатын келеңсіз құбылыс. Кез келген мемлекет қоршаған ортаның өзгерісіне өз дәрежесінде көңіл бөліп отырғаны абзал. Өндіріс дамыған ғасырда табанымыз басып, тіршілігімізге қажетті азық-түлік өндіріп отырған топырақтың таза әрі құнарлы болуына бізде әрдайым жағдай жасала бермейді. Адамзаттың асыл қорегін қамтамасыз етіп отырған табиғи орта экологиясының бұзылуына табиғатты үнемді және дұрыс пайдаланудағы олқылықтар мен жүйесіз шаруашылықтар қызметі тікелей әсер етуде.
Әрине, өткен кезеңдерге тас лақтырудан аулақпыз, дей тұрғанмен, мол табиғи байлықтарымыздың қажеттісін ғана ел игілігіне пайдаланып, қалған бөлігін келешек өскелең ұрпақтардың үлесіне қалдыру біздің міндетіміз деп есептеймін.
Қазіргі таңда шешімін таппаған күрделі мәселелердің бірі – суармалы жерлердің сортаңдануы мен қарашірік мөлшерінің төмендеуі. Соның нәтижесінде ауылшаруашылық екпе дақылдарының өнімдері күрт төмендеуде. Мұндай жерлерге Қызылорда облысының күріш өсіретін ауыспалы егістіктерін жатқызуға болады. Кейінгі жылдары топыраққа тыңайтқыш беру, дренаж жүйесінің өз дәрежесінде пайдаланбауы аталған аумақта топырақтың құнарына кері әсерін тигізіп отыр. Нәтижесінде ауылшаруашылық дақылдарының айналымындағы егістік жерлердің көпшілігі екінші рет тұзданып пайдалануға жарамсыз болып қалды. Әрине, тұзды топырақ ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге тиімсіз болатыны бесенеден белгілі. Өйткені, сортаңға айналған егістік алқаптарда қарашірік мөлшерінің азаюы – топырақ құнарының төмендеуіне, биологиялық белсенділігінің нашарлауына және сілтілігінің жоғарылауы мен тұздылығы артуына әкеледі.
Еліміздегі ең маңызды су көздерінің бірі – Сырдария өзені іргеміздегі шекаралас мемлекеттердің аумағын басып өтеді. Оған қоса, Сыр өзені өндірістік және шаруашылық-тұрмыстық қалдықтармен қатты ластанған. Әсіресе, тұзданған топырақтарды тазалаудың баршаға белгілі дәстүрлі әдістеріне жататын шаю, гипстеу, химиялық мелиоранттармен өңдеу бүгінгі таңда түрлі себептерге байланысты қолданылмай отыр. Ауылшаруашылық саласын дамыту мақсатында химиялық тыңайтқыштарды үзіліссіз шамадан тыс қолданудың пайдасымен қатар тигізетін кері әсерлері де белгілі. Яғни, бұл жағдайда ауылшаруашылық дақылдарынан алынатын өнімнің мөлшері едәуір жоғары болуы мүмкін, алайда бұл уақытша ғана табыс, керісінше топырақтың құнарының негізгі бөлігі болып табылатын қарашіріктің тез ыдырауына, нәтижесінде топырақ құнарының күрт төмендеуіне тікелей әсер етеді.
Адамзат баласының негізгі тіршілік көзі Жер-ана екенін ескерер болсақ, оның ішінде әсіресе суармалы егістіктің алар орны ерекше.
Әрине, ауыл шаруашылығын өз дәрежесінде дамытуға бел байлаған ел, тек қана минералдық тыңайтқыштармен әртүрлі қоспалар арқылы жоғары өнім алумен ғана шектелмей, әр өңірдің табиғи және экологиялық ерекшеліктерімен қоса топырақтың табиғи құнарын барынша сақтауға мүмкіндік жасайтын мемлекеттік тұрғыда бағдарлама жасау қажет. Сонда ғана ұзақ мерзімде және тұрақты түрде топырақтан жоғары өнім алуға қол жеткізуге болады.
Егер де, топырақтың құнарлы қабатының, яғни қарашіріктің түзілуіне бірнеше мыңдаған жылдар қажет екенін ескерсек, бар-жоғы бірнеше жылдардың ішінде оның мөлшерін төмендетіп, жоғалтып алатын болсақ, бұл табиғатқа және келешек ұрпақтың үлесіне жасалған қиянат болары анық.
Осыған орай, Микробиология және вирусология институтының бас директоры, академик А.Садановтың жетекшілігімен институт ғалымдары егістік алқаптардағы құнары төмен тұзданған топырақтардың елеулі бөлігін қайтадан ауылшаруашылық дақылдарын өндіруге, яғни айналымға қайта түсірудің түйінін шешуге атсалысуды мақсат тұтып келеді. Бұл – өте күрделі шаруа. Дегенмен, мәселені шешу үшін топырақтың құнарын арттырудың балама жолын іздестіру жан-жақты қарастырылған болатын. Институт ғалымдарының көпжылдық іргелі ізденістерінің нәтижесінде экологиялық ахуалы сын көтермейтін топырақтарды құнарландырудың химиялық жолдарына балама түрде нақты биологиялық әдістер ұсынылды. Яғни, нақтырақ айтар болсақ, биологиялық жолмен топырақтың құнарын арттырудың негізгі бағыты агрожүйеде үзіліссіз жүріп отыратын микробиологиялық үрдістерді реттеп отыруға негізделген. Экономикасы дамыған елдер қазіргі уақытта яғни, ауыл шаруашылығы өндірісінде химиялық қоспаларды қолданудан арылып, табиғи биологиялық таза әдістерді толық пайдалануды ұсынып отыр. Демек, бұл әдістің ерекшелігі сонда, топыраққа табиғи органикалық заттар өсімдік қалдықтарын ендіргенде және топырақты тыңайтатын өсімдіктерді егу арқылы топырақтың биологиялық белсенділігін арттыруға жауапты микроорганизмдердің тыныс-тіршілігін қадағалап реттеп отыруға мүмкіндік туады.
Негізінен еліміздің күріш өсіретін суармалы аймақтарда топырақтың құнарын арттыруда ұсынылып отырған биологиялық әдістің бірі әрі негізгісі тұзға шыдамды бұршақ тұқымдас мал азықтық өсімдік – түйежоңышқа. Бұл өсімдік топырақтың құрамындағы тұздарды тамырлары арқылы өз бойына сіңіріп, топырақта тұздың мөлшерін едәуір азайтады, нәтижесінде топырақта тіршілік ететін пайдалы микроорганизмдердің көбеюіне мүмкіндік жасай отырып, оның биологиялық белсенділігін арттырады және бұршақ тұқымдас өсімдік ретінде топыраққа тамырларында түзілетін түйнек бактериялары арқылы биологиялық таза азотты сіңіреді. Әсіресе, бұл дақылдың сабағының бойы биік болып тамыры топыраққа терең еніп көлемі өте үлкен шамамен әр гектарына 5-7 тоннаға дейін тамырларының қалдықтары жиналады да, олар топырақтағы микроорганизмдердің көмегімен органикалық заттарға ыдырайды да құнарының артуына үлкен мүмкіндік жасай отырып, яғни топырақтың ең құнарлы бөлігі қарашірікке айналуына тікелей әсер етеді. Егер де түйежоңышқа тұқымын себер алдында «Ризовит-АКС» биотыңайтқышымен өңдеп барып егетін болсақ, аталған өсімдіктің өніп-өсуі және де одан түсетін көк балаусасы мен өнімі артады, оған қоса жоғарыда атап өткендей түйежоңышқаның тамырларында кездесетін атмосфералық ауадан азотты өз бойына сіңіретін түйнек бактерияларының жалпы саны мен белсенділігін арттырады да гектарына 200-300 кг топыраққа таза биологиялық азотты сіңіруге мүмкіндік жасайды.
Осыған байланысты институттың Қызылорда қаласындағы «Қолданбалы микробиология» филиалы облысымыздың егін шаруашылығына түйежоңышқаның ақ «Аркас» және тісті «Сарайшық» сорттарын ұсынып отыр. Ескеретін бір жайт, бұл сорттардың мал азығы ретінде пайдалануда кейбір мамандар біле бермейтін артықшылықтары мен ерекшеліктері бар. Атап айтар болсақ, түйежоңышқа өсімдігінің басқа сорттарының сабағында, жапырағында және гүлінде де кумарин алкалоиды 0,5-тен 1,5 пайызға дейінгі мөлшерде кездеседі. Біз ұсынып отырған «Сарайшық» сортында кумарин құрамы мүлде жоқ десе де болады, яғни 0,05% құрайды. Бұл сорттардың өнімділігі өте жоғары. Жоңышқа дақылының үш орымында алынатын көк балауса өнімін түйежоңышқаның осы екі сорттары бір орымда береді (жоңышқа үш орымда барлығы 600-670 ц/га, Аркас және Сарайшық сорттары бір орымда 700-1100 ц/га).
Яғни, күріш көлемін азайтып, оның орнына ауыспалы егістіктегі жоғары сапалы мал азықтық дақылдар болып табылатын бұршақ тұқымдас өсімдіктер жоңышқа мен түйежоңышқа үлестерін барынша арттырған абзал. Сонымен қатар, бұл дақылдарды өндіруге кететін шығын, күріштің шығынына қарағанда едәуір төмен және ең негізгісі суаратын судың шығыны да бірнеше есе аз.
Осы орайда мал азығын дайындаудың пішеннен басқа қарапайым заманауи технологиялары кейбір шаруаларға белгілі болса да, өндірісте қолданылуы әлі де болса кенжелеп отыр. Шаруаларға мәлім кеңестік дәуірде кеңінен пайдаланылған шөпті сүрлеу мен пішендеме дайындау – мал азығы қорын сапалы деңгейде қалыптастырудың кепілді көзі. Сүрленген шөптің артықшылықтары құнары мен жұғымдылығы жағынан көк балауса шөпке барынша ұқсас, сонымен бірге дәмі мен исі малға жағымды болғандықтан ауылшаруашылық малдарына әмбебап азық ретіндегі маңызы арта түседі. Сонымен биологиялық сүрлеу шөптің құнарын сақтап қана қоймай, мал азықтық сапасын да жақсартатындығы тәжірибе жүзінде анықталды.
Қазіргі уақытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан Республикасында ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы жүзеге асырылуда. Негізгі міндеті – бес жыл ішінде ірі қара етінің экспорттық әлеуетін 60 мың тоннадан 2020 жылға қарай 180 мың тоннаға дейін жеткізу болып табылады. Алайда, соңғы жылдары мал өнімін арттыруда айтарлықтай кедергі болып тұрған мәселенің бірі және негізгісі мал азығы базасының жеткілікті дамымауында болып отыр. Бұл – мал өнімдерінің, оған қоса дайындалған азық сапасының сын көтермейтіні де ешкімге жасырын емес. Бүгінгі таңда көп шаруашылықтарда тек қана пішен дайындаумен ғана шектеліп отыр. Ал пішенге келер болсақ, сапасы мен құнары ғана төмен емес, сонымен қатар өзіндік құны да өте қымбат екендігі барша жұртқа аян.
Облысымыз үшін құнары мен қуаты жоғары пішендеме мен сүрлем сияқты мал азығын дайындаудың дамыған технологиясын пайдалану аса қажеттілік, әрі маңызы зор. Бұл мәселенің күрмеуін шешу үшін институтымыздың ғалымдары мамандандырылған сүт қышқылы бактериялары негізінде жасалатын «Қазбиосил» бактериалдық ашытқылар тізбегін өндіріске ұсынып отыр. Соңғы 3-4 жылда Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы «РЗА Агро» ЖШС «Қазбиосил» биопрепаратын қолданып 12-14 мың тонна сүрлем және пішендеме дайындап келеді. Қызылорда қаласының іргесіндегі «Шөгірлі» шаруашылығы өздері өсірген 30 га жүгері дақылынан қажетті 700 т. жуық сүрлемді «Қазбиосил» ашытқысын қолданып бастырды.
Мал азығы қорын қалыптастыруда түйежоңышқа мен жоңышқа дақылдарының атқарар маңызы өте зор. Дегенмен, назар аударатын мәселенің бірі, қазіргі уақытта, түйежоңышқа мен жоңышқа өнімділігінің төменділігінде болып отыр. Бұл кемшілік негізінен тұқымның өніп-өсуіне кедергі келтіретін сыртқы қабығының қатты болуына байланысты дақыл тұқымының шығымдылығы нашарлығында. Түйежоңышқа мен жоңышқа егілген алқапта көп жағдайда себілген тұқымның жартысы ғана өніп шығады. Тұқымдық дәннің өнімділігін арттыру үшін түрлі әдістер, оның ішінде механикалық, физикалық және химиялық тәсілдер қарастырылған. Өндірісте көбінесе арнайы машиналардың көмегімен тұқымның қатты қабығын бұзу үшін механикалық зақымдау (скарификация) әдісі қолданылады. Аталған әдіс көп жағдайда тұқымның қабығын ғана зақымдаумен қатар, оның ішкі құрылысын да едәуір зақымдап дәннің физиологиялық өніп-өсу үдерістеріне кері әсерін тигізеді. Оған қоса, тұқымның кейбір ауруларға тез шалдығуына мүмкіндік береді де олар топырақта шіріп өнбей қалады. Сонымен қатар, механикалық скарификация әдісі едәуір шығынды да талап етеді.
Осы орайда институт ғалымдары осы әдісті алмастыра алатын, тұқымдық дәннің өніп шығуын биологиялық жолмен жүзеге асыратын «Фитобацирин» атты тиімділігі жоғары отандық биотыңайтқыш әзірлеп, пайдалануға ұсынып отыр. Оның негізін Қазақстанның топырақ-климаттық жағдайына бейімделген және целлюлоза ферментін синтездеуге қабілетті арнайы сұрыптаудан өткізілген целлюлолитикалық бактериялар құрайды.
Тұқымдық дәнді себу алдында биотыңайтқышпен өңдеу дәннің өнуіне кедергі келтіретін сыртқы қалың қатты қабығындағы целлюлозаның ыдырауына әсер етеді. Аталған әдіс дәнді механикалық скарификациялау әдісін толығымен алмастырады. Целлюлозаның ыдырауынан дән қабығының жұмсаруы дәннің ұрығы мен эндоспермасына судың және сумен бірге оның құрамындағы еріген минералдық және коректік заттардың өз дәрежесінде жеткізілуіне ықпал етеді. Нәтижесінде тұқымдық дәннің шығымдылығы айтарлықтай артады. Біздің өңірде қалыпты жағдайда гектарына 12-15 кг егілген түйежоңышқа тұқымының 50-60% ғана өніп шығады. Ал,тұқымдық дәнді себу алдында «Фитобацирин» биотыңайтқышымен өңдеу аталған дақылдардың шығымдылығын 80-90 пайызға дейін арттырды.
«Фитобацирин» биотыңайтқышын қолдану экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі қоршаған ортаны қорғау талаптарына толығымен сәйкес келеді. «Фитобацирин» биотыңайтқыштың қолдану әдісі өте қарапайым, әрі қолайлы болып табылады. Мысалы, түйежоңышқа мен жоңышқаның тұқымдық дәндерін себу алдында бактерия сұйықтығымен өңделеді, дәннің кеуіп кетпеуін қамтамасыз ету үшін 3-5 сағат аралығында себу қажет. «Фитобацирин» биотыңайтқышымен дәнді өңдеп болғаннан соң, түйежоңышқа мен жоңышқа дақылдары дәндерінің шығымдылығымен қатар, олардан алынатын өнімдерін арттыру және азотқа деген қажеттілігін өтеу мақсатында «Ризовит-АКС» биотыңайтқышымен өңдеу қажет. Яғни, бұл биотыңайтқыш аталған өсімдіктердің азотқа деген қажеттілігін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар келесі егілетін ауылшаруашылық дақылдарының азотқа деген қажеттілігін де толығымен қанағаттандырады.
Ағымдағы жылы аталған биотыңайтқыш Қызылорда, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарының озат шаруашылықтарында 3,0 мың гектардан астам егістік алқаптарында кең ауқымды сынақтан өтіп жоғары нәтижеге ие болды. Оның ішінде, Қызылорда облысының аудандары бойынша «Фитобацирин» биотыңайтқышы арқылы 600 га жуық жерге жоңышқа дақылының тұқымы өңделіп себілді. Облыстың Жаңақорған ауданы бойынша – 160, Шиелі ауданы – 95, Сырдария ауданы – 130, Жалағаш ауданы – 45, Қармақшы ауданы – 50, Қазалы ауданында 30 және Қызылорда қаласы бойынша 90 гектар егілді. Атап айтар болсақ, 2013 жылы Жаңақорған ауданындағы «Агротехнология», «Береке-1», «Тату», «Ислам», «Ұшқын», «1 Май» шаруа қожалықтары және «Түгіскен ТШ» ЖШС жоңышқа дақылының тұқымын биотыңайтқышпен өңделіп себілді, нәтижесінде дақылдың өнгіштігі 28-40% артты. Шиелі ауданындағы «Мақсат» ШҚ 45 гектарға тұқым өңделіп себіліп, өнгіштігі 25%-ға артты. Қазалы ауданы бойынша «РЗА Агро» ЖШС және «Агро өркен» ЖШС егіс алқабына биотыңайтқышпен өңделіп егілген жоңышқа дақылының өнгіштігі 23-25% жоғары болды.
Биылғы жылы Қызылорда облысы бойынша жалпы жоңышқа дақылына сұйық түрінде 660 л және сықпа түрінде 84 кг «Ризовит АКС» биологиялық тыңайтқышы жұмсалды. Қызылорда облысының аудандары бойынша шаруашылықтардың жалпы көлемі 2819 га жеріне егілетін жоңышқаның тұқымы «Ризовит АКС» биологиялық тыңайтқышымен өңделіп себілді. Жаңақорған ауданы бойынша 450 га, Шиелі ауданы – 300 га, Сырдария ауданы – 1123 га, Жалағаш ауданы – 45 га, Қармақшы ауданы 100 га, Қазалы – 500 га және Қызылорда қаласы 301 га. Оның ішінде: Қазалы ауданына қарасты «РЗА Агро» ЖШС 350 гектар егіс көлеміне биотыңайтқышпен өңделген тұқым себіліп, «Ризовит АКС» биотыңайтқышының тиімділігінен шаруашылық әр гектардан қосымша 5 центнерден өнім алды, ол орташа есеппен теңгеге шаққанда 3 млн. теңге қосымша пайданы құрайды. Ал, Жаңақорған ауданы бойынша: «Агротехнология», «Береке-1», «Тату», «Ислам», «1-май», «Нұрасыл» және «Түгіскен ТШ» ЖШС шаруашылықтарында «Ризовит АКС» биотыңайтқышымен өңделіп себілген жоңышқадан гектарына 4-17 ц қосымша өнім алынды, оны теңгеге шаққанда 0,3-1,5 млн. теңге қосымша пайда шаруашылыққа әкелді. Қалған шаруашылықтарда жоңышқа дақылын дәстүрлі егу технологиясы бойынша басқа астық тұқымдас дақылдармен бүркемелеп егілген. Сондықтан бірінші жылғы өнімді бүркемелеп егілген дақыл өнімімен есептеледі. Нақтырақ айтар болсақ, осы түйежоңышқа және жоңышқа дақылдарына кешенді түрде қолданылатын «Фитобацирин» және «Ризовит АКС» биотыңайтқыштардың бір гектарға шығынының жалпы құны 1000 теңгені құрайды. Бұл дегеніміз, кеткен шығын үш жылға бөлгенде әр гектарға 300 теңге болады. Яғни, алынған өнімнің экологиялық таза бірнеше есе қосымша пайда әкелуі шаруашылықтың экономикасын қалыптастыруға үлкен оң әсерін тигізеді.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының, оның ішінде жоңышқаның өнімін арттыру мен сақтауда зиянкес жәндіктермен күрес жүргізудің маңызы өте зор. Тәжірибелік байқаулар бойынша, зиянкестер әсерінен алынатын өнімнің 30-40 пайызы шығынға ұшырайды. Соңғы жылдары кең етек жайған өсімдік зиянкестері (фитономус) жоңышқаның өніміне үлкен зиянын тигізуде.
Әсіресе, олардың дернәсілдері (личинкалары) аса қауіпті болып келеді, кей жылдары жоңышқаның жапырақтарын толығымен құртып, тек сояу-сояу сабақтарын қалдырады. Демек, жоңышқаның бірінші орымын түгелдей жойып жібереді, ал түсетін өнімнің негізгісі бірінші орым екенін ескерсек, қаншама өнімді жоғалтатынымыз өзінен-өзі белгілі.
Микробиология және вирусология институтының ғалымдары зиянкестерге қарсы микроорганизмдерді зертханада өсіріп, тәжірибелік ізденістерде тиімділігін шыңдап, сол микроорганизмдердің негізінде қолданылуға ыңғайлы сапалы бактериалдық тыңайтқышты өндіріске ұсынды. Сонымен, «Турингин» атты фитономус зиянкестеріне қарсы биологиялық белсенділігі жоғары жаңа отандық биотыңайтқыш өндіріске жол тартты.
«Турингин» биотыңайтқышын фитономусқа ғана емес, бізтұмсық және колорад жәндіктері сынды зиянкестерге де пайдалануға болады. Зиянкес құрттардың личинкалары мен жәндіктеріне қарсы биотыңайтқышпен жоңышқа егістік алқаптарын өңдегенде, олардың жапырақтарына жабысқан личинкалары 1-2 тәулік ішінде өз тіршіліктерін тоқтатады. Ағымдағы жылы Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарындағы 16 шаруашылықтарында 3,0 мың гектардан астам жоңышқа алқабында жүргізілген өндірістік сынақта «Турингин» биотыңайтқышымен бір рет өңделген егістіктерде жоңышқаның көк балаусасы 50-60 пайызға, ал екінші рет қолданылған жерлерде өсімдіктің көк балаусаларын толығымен сақтауға болатыны дәлелденді.
2013 жылы Қызылорда облысы аудандары бойынша «Турингин» биотыңайтқышымен 324 га.-ға жуық жоңышқа дақылының егістігі өңделді. Сондай-ақ, биотыңайтқышты қолданғанда қоршаған ортаға және де жан-жануарлар тіршілігі үшін қауіпсіз, әрі зиянсыз екендігі зерттеліп анықталды. Нақты нәтижелерге тоқталатын болсақ: Жаңақорған ауданы бойынша: «Жер қазына», «Агротехнология» және «Агросервис» шаруа қожалықтарында 40-50%, ал Шиелі ауданы қарасты «Мақсат» ШҚ, жоңышқа егістіктерін «Турингин» биотыңайтқышымен бір рет өңделгенде зиянкестердің 60%-ы жойылды.
Түйіндей келгенде, жоғары өнімділігімен, құрғақшылыққа және тұзға төзімділігімен ерекшеленетін түйежоңышқаның ақ «Аркас» және тісті «Сарайшық» сорттарын мал азығы ретінде өсіру қажет. Осы өңірдегі топырақтың құнарын, жоңышқа және түйежоңышқа өсімдіктерінің тұқымдық дәндерінің шығымдылығы мен өнімін арттыруға, жоңышқа өсімдігінен алынатын өнімді зиянкестерден сақтап қалуға және жоғары сапалы мал азықтарын дайындауға арналған институттың ұсынып отырған биологиялық тыңайтқыштарын өндіріске кеңінен ендіруді ұсынамыз. Яғни, еліміздің ауыл шаруашылығын дамытудағы өте маңызды мәселелерді кешенді түрде шешуге бағытталған.
Ерік ШОРАБАЕВ,
ҚР «Микробиология және вирусология» РМК қолданбалы микробиология филиалының директоры.