Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс тұрғындары арасында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді насихаттайтын ақпараттық топ мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді.
Жиынға облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Нұрсәуле Мұсаева мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жеңіс Сәдуақасұлы, осы оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ғабит Тұяқбаев, ҚМУ-дың аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Болат Боранбай сынды ғалымдар қатысты.
Баспасөз мәслихатында облыс тұрғындары арасында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді насихаттайтын ақпараттық топ құрылғаны айтылды. Облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Нұрсәуле Дүйсенбайқызының айтуынша, бұл ақпараттық-насихаттық топтың он бір мүшесі бар екен. Олар қала халқымен және барлық аудан орталықтарында тұрғындармен кездесіп, латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары мен тиімділігі жайлы сөз қозғайтын болады.
Жиынға қатысқан ғалымдар латын графикасына өту келешегіміз үшін керек екенін тілге тиек етті. Кез келген елдің тәуелсіздігін айқындайтын мемлекеттік нышандары болса, сол сияқты төл әліпбиі болуы қажет. Бұл егемендігіміз бен елдігімізді айғақтайтын белгілердің бірі болмақ. Шарада осы негіздегі ойлар айтылып, БАҚ өкілдері қойған сұрақтарға тұшымды жауаптар берілді.
А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет)