Облыс орталығындағы мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығында «Жаңа да ескі әліпби – уақыт талабы» атты семинар өтті. Шараға мемлекеттік қызметке қабылданған жас мамандар қатысып, ой өрбітті.
Облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты облыстық тілдерді оқыту орталығының қызметкері, модератор Баян Байділдаеваның айтуынша, әліпбиді ауыстыру ең алдымен тілдік қажеттілік, сосын еліміздің болашағы үшін жасалған тың қадам, деуі көптің көңілінен шықты.
– Ғалымдардың көпшілігі бүгінгі әліпбиімізге қарағанда, латын графикасының тиімділігі мен оңтайлылығын дәлелдеп жатыр. Салыстыру барысында ұтылмай, керісінше, ұтатынымызды мәлімдеп отыр. Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – тек мақала ғана емес, қазақ халқы үшін нағыз керекті, өзекті бағдарламалық құжат. Әсіресе, латын графикасына қатысты тарауы. Елбасының осы құжаттық дүниесі уақыт талабымен, «Ұлттық кодымызды» сақтау үшін және Түркі халықтарымен етене қарым-қатынас жасау жолында өте маңызды шешім болды. Мәселен, қазір Президенттің тапсырмасымен жұмысшы топ құрылып, әр сала бойынша ғалымдар, тіл мамандары қазақ тілін латын қарпімен таңбалаудың ең тиімді нұсқаларын қарастырып, ұсынуда, – деді Баян Социалқызы.
Жалпы семинардан түйгеніміз, латын әліпбиі – әлем қазақтарының рухани бірлігінің негізі бола алады. Өйткені мұрағаттардағы көптеген мұрамыздың дені латын әліпбиінде жазылған. Жаңа әліпбиге өту арқылы баға жетпес інжу-маржан, бай мұраларымызды кеңінен зерттеуге мүмкіндік алар едік. Сондай-ақ, ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры десек, бүгінгі компьютер заманында әлемдік ғаламтор жүйесіндегі ақпарат кімнің қолында болса, сол өз билігін емін-еркін жүргізе алады. Ал ақпараттың басты құралы – жазу. Яғни, ғаламтор жүйесінде үстемдік жасаушы – ол латын графикасы. Білім, ғылым, өндіріс саласына еніп жатқан жаңа технологияларға латын әліпбиі арқылы қол жеткізудеміз. Сондықтан, латын әліпбиіне көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңіл болмақ әрі ғаламтор жүйесін ана тілімізде меңгеруге жол ашылады.
Семинарда əліпби реформасына қатысты күдік-күмəннің күрмеуін шешу мақсат етіліп, мемлекеттік қызметшілер тарапынан түрлі пікірлер ортаға салынды. Олардың жаңа əліпбиге деген көзқарасы да, ынталары мен ізденістеріне жоғары баға бердік..
Нұрбек САҒАТҰЛЫ.