« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Оқушылардың мектепке хиджапен баруына қатысты қоғамда жанжал өршіп тұр. Аталмыш мәселеге қатысты қоғам пікірі екіге бөлінді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бірі оқушылардың мектеп формасын кию керек десе, қалған жартысы оқушылардың діни сенімін ескеріп, оларға таңдау еркіндігін беру қажет деп есептейді. Ал ҚР заңында мектепке хиджаппен баруға қатысты не делінген?
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» № 26 бұйрығы мен мектеп формасын сақтау жөніндегі 21 қазандағы ресми мәлімдемесі ҚР Конституциясының талаптарына сәйкес жасақталған.
Ата Заңның 22-бабына сәйкес «әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар». Бірақ дәл осы бапта жазылғандай, «ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс».
Конституция негізгі құқықтық қағидаттарды айқындайды. Ал онда айтылған азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерді салалық заңдар белгілейді. Аталмыш құқықтар мен міндеттерге байланысты болатын немесе оларды шектеуі мүмкін қатынастар да сол салалық заңдарда көрсетіледі. Сондықтан конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларға сүйене отырып ҚР Білім және ғылым министрлігі «Білім туралы заң» аясында өз саласындағы тиісті құқықтық қатынастарды айқындады. Оның ішінде Заңның 47, 49-баптарында көзделген білім алушылардың мектеп формасын сақтау және ата-аналардың мектеп формасын сақтауды қамтамасыз ету міндеттілігі де бар.
Сол секілді Ата Заң аясында әзірленген ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 5-тармағында ешкімнің өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқтығы атап көрсетілген.
Ал аталған заңның 3-бабының 8-тармағында ата-аналардың балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне мемлекеттің араласпайтыны айтылған. Бірақ осы нормада да ескерту ретінде: «мұндай тәрбиелеу баланың құқықтарына қысым жасаған және жауапкершілігін шектеген... жағдайларды қоспағанда» деген қағидаттың тұрғанын естен шығармау қажет. Бұл жерде де араласпау әрекетінің заңдық шектері айқын көрсетілген.
Сондықтан Білім туралы заңның білім мекемесінің ішкі тәртібін сақтау мақсатында мектеп формасына қойған талаптары азаматтардың ар-ождан бостандықтарын бұзбайды, керісінше олардың мемлекет алдындағы міндеттерін орындаудан бас тартпауын, балалардың жауапкершілігін шектемеуін міндеттейді. Кез келген заң қағидалары ар-ождан бостандығын қамтамасыз етумен қатар мемлекет алдындағы міндеттер мен жауапкершіліктерді қоса жүктейтінін есте тұтқан жөн.
Мектеп формасына қойылатын талаптар мәтінінде «діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қоспау» деген ереже қамтылған. Жалпы «мектеп формасын сақтау» дегеннің өзі «басқа атрибутика мен элементтерді қолданбау» дегенді білдіретіні белгілі. Және бұл тек діни атрибуттарға ғана емес, басқа да ерекшеліктерге тыйым салынатынын білдіреді. Мәселен, бала мектепке еркін киім үлгісімен, сәнді немесе спорттық киімдермен, жарқыраған әшекей бұйымдармен келе алмайды. «Форма» ұғымы соның бәрін реттейді.
Форма тек мектепке тән ерекшелік емес. Көптеген кәсіби салалық мекемелер оқу орны, жұмыс орны деп бөлместен, барлық деңгейлерде белгілі бір формаларды сақтауды талап етеді. Оның барлығы кәсіби, техникалық, гигиеналық, тағы басқа талаптардан туындайтыны белгілі.
Мектеп формасының көтеріп отырған өзіндік әлеуметтік-тұлғалық жүгі бар. Біріншіден, кез келген форма белгілі бір мекемеге қатыстылықты білдіретіндіктен, тұлғаға сол мекеме алдындағы жауапкершілікті жүктейді.
Екіншіден, форма – құқықтық қатынастар шегін айқындайтын бақылау құралы. Мәселен, мектеп формасындағы бала сабақ уақытында көше кезіп жүрсе немесе компьютер клубында ойын ойнап отырса, кез келген учаскелік полиция қызметкерінің оның мән-жайын сұрап, қадағалауға құқығы бар.
Үшіншіден, біртекті форма мектеп жасындағы балалардың әлеуметтік тұрғыдан жіктелуіне, мүліктік ерекшеліктердің көрініс табуына, психологиялық қысымдардың орын алуына жол бермейді.
Төртіншіден, мектеп формасына қойылатын талаптарда оның сапасы мен талғамға сай болуы қадағаланады, яғни өсу-жетілу кезеңіндегі бала үшін қолайлы әрі эстетикалық тұрғыдан ұнамды киім үлгісі талап етіледі.
«Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар» мәтінінің 19-тармағында «Мектеп формасының түсін, үлгісін таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айқындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі» деп көрсетілген. Сонымен қатар 20-тармақта «Мектеп формасына өзгерістер енгізу туралы шешім қоғамдық кеңеспен келісу арқылы қабылданады» делінген.
Бұл ережелерді жергілікті мектеп басшылығы немесе қоғамдық кеңесі хиджаб киюге рұқсат бере алады деп түсіну дұрыс емес. Өйткені мектеп үлгісіне қойылатын негізгі талаптар Білім және ғылым министрінің жоғарыда аталған бұйрығымен бекітілген, ал мектеп ұжымы мен қоғамдық кеңес сол талаптар шегінде ғана таңдау жасай алады.
Бұған қоса Талаптардың 13-тармағында мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтыны атап көрсетілген. Бұл мектепте хиджаб киюге үзілді-кесілді тыйым салынатынын білдіреді.
Талаптардың 21-тармағына сәйкес ата-аналар және өзге заңды өкілдер білім алушылардың орта білім беру ұйымында белгіленген мектеп формасын сақтауына жауап береді.
Зайырлылық – Ата Заңмен бекітілген мемлекет тұрпаты. Конституция негізінде жасақталған «Білім туралы заңға» сəйкес білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі білім берудің зайырлы сипаты болып табылады. Аталмыш заң бойынша білім беру ұйымдарында діни ұйымдардың құрылымдарын құруға және олардың қызметін жүргізуге, діни ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, педагог қызметкерлердің білім беру үдерісін діни насихат жүргізу мақсатында пайдалануына тыйым салынады. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 4-тармағында да «діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады» деп атап көрсетілген.
Зайырлы мемлекет заңнамалары белгілі бір діни бірлестіктің мақсатын емес, тұтас азаматтық қоғамның мүддесін көздей отырып жасалады. Заң талаптары мен тыйымдары барлық дін өкілдеріне ортақ. Яғни мектептегі зайырлылыққа қатысты ұстанымдар тек ислам дініне ғана емес, басқа діндерге де тікелей қатысты болып табылады. Мектеп формасына қатысты талаптар хиджаб киюді ғана емес, өзге де діндер элементтерін пайдалануды шектейді. Өйткені кез келген атрибутика, символ, элемент белгілі бір дәрежеде өзі қатысты болып табылатын сенімді насихаттауды білдіреді. Барлық діндердің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ететіндіктен зайырлылық қағидаттары жеке бір дінді ерекшелеуге жол бермейді.
Барлық дін өкілдерінің ортақ заң талаптарына бағынуын талап ету көп конфессиялы еліміздегі ішкі тұрақтылықты сақтаудың бірден-бір тетігі. Дінаралық қақтығыстардың орын алмауына мемлекет азаматтары да мүдделі болып, оған заң нормаларын сақтау арқылы үлес қосуы тиіс.
Осы аталғандардың барлығы заң талабы, мемлекет басшысының шешімі болып табылады. Ислам шариғаты тұрғысынан алғанда, заңға және басшыға мойынсұну міндетті. Ал оларға қарсы шығу исламда бүлік шығарушылық ретінде айыпталады. Құранда «Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр күнә» деген аят бар («Бақара» сүресі, 191-аят).
Қазақстан Республикасында діни сенім бостандығы қамтамасыз етілген. Өзге дін өкілдерімен қатар мұсылман азаматтар да бес парызын өтеп, діни құлшылықтарын кедергісіз жүзеге асыруда. Ал мектеп қабырғасында хиджабқа рұқсат берілмеуі білім мекемесінің ішкі тәртібін зайырлылық қағидаттарына сәйкестендіру мақсатында ғана жасалады. Мектептен тыс орындарда бұл мәселеге қатысты ешқандай тыйымдар көзделмеген. Сондықтан мектептегі хиджаб мәселесін көтеруші азаматтарға сенім бостандығына мүмкіндік беретін заңға және басшыға бағынудың әрі азаматтық міндет, әрі мұсылмандық парыз екенін түсіндірген жөн.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |