ОЙЫН – БАЛА ЖАНЫНЫҢ АЗЫҒЫ

Балалар тәрбиесінде балалар ойынының алатын орны ерекше. Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғышарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. Мысалы, «Қол сақина» ойыны балалардың шығармашылықтарын дамытса, «Ақсерек-Көксерек», «Орамал тастамақ», «Аударыспақ», «Арқан тартыс», «Көкпар» сияқты ойындар балалардың күш-жігері мен байқампаздық пен сезімталдықты, «Тоғыз құмалақ» ойыны баланың ойлау қабілетін арттырады. 
Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетке бағдарлайды, балалардың өзара қарым-қатынасын реттеп, олардың бойында адамгершілік қағидаларды қалыптастырады. Бала қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан құрастырған заттарды ойын құралы ретінде пайдаланады. 
«Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Ойнап жүрсең денсаулығың мықты, өмір жасың ұзақ болады дейді. Қазіргі кезде ойынды еңбекпен ұштастырып ұйымдастыру тәсілдері қолданылып келеді. Мысалы әртүрлі кәсіптің сипатын көрсететін «Дастархан мәзірі», үй тұрмысына байланысты «Қуыршақтық қойылымдар», тағы басқа ойындарда бала ойнап әрі кәсіпке үйретіп, пайдалы нәтиже шығаруға баулиды.
Шара КАРМЕНОВА,
«Шаттық» балабақшасының тәрбиешісі.      
 Қызылорда қаласы.

ҚОҒАМ 01 ақпан 2014 г. 1 982 0