Қызылорда қалалық прокуратурасы заңсыз аңшылық жасап, балық аулау және тыйым салынған өсімдіктерді кесіп, табиғатқа зиян тигізушілердің жолын кесуде бірлескен рейдтер ұйымдастыруда.
Қаңтардың 28-і күні облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп жүргізілген рейд барысында Қызылорда қаласына қарасты Қосшыңырау ауылдық округі (Абай ауылы) тұрғынының ауласында ақбөкен терілері жатқандығы анықталған.
Yй иесінің келісімімен мал қорасын тексеру барысында атып алынған сегіз ақбөкеннің денесі табылған. «Қызыл кітапқа» енген бейкүнә жануардың өлі денесін ол алдыңғы күннің кешінде «Қызылорда-Құмкөл» тас жолының 31-ші шақырымынан тауып алғандығын айтып, ақталды.
Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің хабарлағанындай, анықталған дерек бойынша оқиға болған жерден жедел-тергеу тобының тиісті хаттамасына сәйкес айғақ заттар тәркіленіп алынған. Атап айтқанда, сегіз бас киік пен қан жұққан пышақ, қайрақ, жіптер мен полиэтилен пакеттер және автокөлік алынған. Қазіргі таңда жинақталған құжаттар негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 290-бабына сәйкес процессуалдық шешім қабылдауға шаралар қолданылуда.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.