САЛАМАТТЫ ӨМІР-ҚОҒАМ НЕГІЗІ

Спорт пен денсаулық-егіз ұғым. Адамзат баласы үшін денсаулық-басты байлық болып есептелсе, спорт-мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын, денсаулығын айқындайтын көрсеткіш болып табылады. Елбасымыз «Қазақстан-2050» ұзақ жылдарға арналған мемлекеттік стратегиясында бұқаралық спортқа аса мән берсе, қазақстандықтардың саламатты өмір салтын қалыптастыру, денсаулығын сақтау мақсатында ҚР «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасын» бекітті, деп хабарлады «Қармақшы таңы» газетінің сайты.
Осыған сәйкес сенбі күні аудандық жыраулар үйінде облыстық Жастар денсаулығы орталығының ұйымдастыруымен өткен «Денсаулық фестивалі-2017» акциясы Қазақстан халқының денсаулық әлеуетін көтеруге өзіндік үлес қосып келе жатқан саламатты өмір салтын қалыптастыру қызметінің 20 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келді.
Фестивальде алдымен оған қатысушы аудан мектеп оқушыларының көңілді таңғы жаттығуы-флешмоб спорттық билерінен шеру тамашаланды. Денсаулықты сақтау, нығайту, қоғам мүшелері арасында салауатты өмір салтын насихаттауды көздеген аталған іс-шараның ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік гимні орындалды.
Дәстүрлі шарада амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Б.Нысанбаев құттықтау сөз сөйлеп, мерекеге қатсушыларға игі тілегін білдірді.
Фестивальде салауатты өмір салтын жұртшылыққа паш етіп, спорттық шараларда белсенділік танытып жүрген аудандық білім бөлімі, аудандық оқушылар, жыраулар үйлері мен Жастар ресурстық орталығы ұжымдары және Н.Әлиасқаров, Ж.Сәрсенбаева, Ж.Сәтбергенова, С.Молдабаева, Г.Төлебаева, Д.Құрбановтар орталықтың алғыс хатына ие болса, Жастар денсаулығы орталығымен салааралық  бағытта жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, шығармашылығын дамыту, осы бағытта түрлі қызықты іс-шаралар ұйымдастыруға атсалысқан №183 мектеп ұжымы І орын (сыйлығы-ноутбук), №269 мектеп ұжымы ІІ орын (сыйлығы-музыкалық орталық), №121 мектеп ұжымы ІІІ орын (сыйлығы-планшет) үдесінен көрініп, арнайы дипломмен марапатталды.
Мерекеде «Айқаракөз», «Шалқыма» би топтары «Қуыршақтар», заманауи билер билесе, аудан өнерпаздары К.Құлмырзаев «Денсаулық», А.Бекеева «Қазағым», М.Бауыржан «Қазақ елі» әндерін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Фестиваль барысында амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері З.Көпбергенова, Е.Фазылов, А.Жаналиев, М.Абытовтар жергілікті тұрғындарға дәрігерлік кеңестер берсе, медицина бикелері Жеңіс Қожабаева, Жанел Қырғызбаева адамдардың қан қысымын өлшеп, құрамын анықтауда жұмыстар жасады. Мұнымен қоса халыққа бұл күні жедел жәрдем, флюрография, маммография қызметтері де  ұсынылды.
Саламатты өмір сүру салты-ел мерейін өсіріп, абыройын биіктетін ауқымды жұмыс. Сондықтан да оған белгілі бір сала мамандары ғана емес, көп болып атсалысуымыз керек. Адамдар әркез бір нәрсені-біздің денсаулығымыз тек біздің өз қолымызда екенін естен шағармағаны абзал.

ҚОҒАМ 12 қыркүйек 2017 г. 913 0