Сыр өңірі жұртшылығына қызыл қанат қырғауыл жақсы таныс болғанымен, оның арғы аталас туысы тауыс құсын көпшілігіміздің біле бермейтіндігімізді несіне жасырамыз. Ертегілерде, аңыз әңгімелерде көбірек айтылатын құлаш жарым құйрығы бар өзгеше құсты «Бақыт құсы» деп әспеттейтін көрінеді. Өзі де бір әдеміліктің үлгісі іспетті. Ғалымдар оны тауықтәрізділер отрядының қырғауыл тұқымдастар қатарына жатқызатын болғандықтан да құйрығын желпуіш секілді жайып жіберіп, неше түрлі құлпыртатын тауысыңызды кәдімгі қазақы әдетімізбен өзімізге жақындатыңқырап, қырғауылдың туысқаны екен деп отырған жайымыз бар. Оның үстіне бұл сирек кездесетін құсыңыз Шиелідегі Ниязбек Нұрманов деген жігіттің ауласында емін-еркін жайылып, тауық шартағына қонақтап жүрсе, әлгі жоғарғыдағы ойымыз тіптен жаңсақ емес тәрізді.
– Бала кезден үй жануарларын өсіруге әуес болып өстім, – дейді Ниязбек.
– Тауық, қоян, түйеқұс бәрінің де сырына қанықпын. Ал тауыс құсын 2007-жылдан бері қолға алдым. Тәшкеннен бір аталық, бір аналығын сатып әкеліп, өсіре бастадым. Жылда балапан аштырып, көбейтіп жатырмын.
– Жұмыртқасын да пайдаланасыңдар ма?
– Мына қызықты қарасаңызшы, – дейді құс өсіруші жігіт өз ісіне беріле әңгімелеп. – Жарықтық бақ құсы жылына небәрі алты ғана жұмыртқа туады, маусым айында. Соны аштырамын, сонда жылына 4-5 балапан шығарады ғой. Олар сәл жетілген соң сатып жіберемін, сән үшін ұстайтындар бар. Әсіресе, Байқоңыр, Қызылорда қаласынан хабарласып, тауыстың балапанын алуға аңсары ауатындар жеткілікті. Әрқайсысы, 50-60 мың теңге көлемінде бағаланады.
Ойды ой қозғайды емес пе, тауысқа қатысты бір кездері оқығандарымыз еске түсіп, қалың дәптерімізді ақтарып көрдік: «Күнге ғашық екі құс болса, бірі – тауыс. Біреу болса, өзі. Күн шуағы мол елдерде өскендіктен бе, ол күн нұрына ғашық. Әуел бастағы отаны – Үндістан, Шри-Ланка, Суматра аралдары», деп жазыппыз құс мәселесін біршама зерттеген ақын Есенғали Раушановтың мақаласына сүйеніп. Ескі Шығыс бәйіті бұл құс туралы: – Көрсеткен тауысты әсем құйрығы дүр, Алланың бұл да болса бұйрығы дүр, – дейді. Тағы бір анықтамалықта, күн нұрын жақсы көретін бұл құстың күн шығарда шығыстан көз алмаса, күннің батуында да оны жіті бақылап, қимастықпен қарап тұратындығынан хабардар етеді. Таң ата күн шапағы шыға бастағаннан күнге қарайтындықтан оның күнбағыс дегенде қосымша аты бар жарықтықтың. «Жаратқан жаппар хақтың бұл да құсы, Құстың да жай құсы емес, күнбағысы» деген өлең жолдары да осы қасиетіне сай айтылса керек. 1963 жылы Үндістан оны «ұлттық құсымыз» деп жариялады. Орнитологтар оның қолға үйретілгеніне 3000 жылдай уақыт болды дейді.
Күнге ғашық ерекше құсты көбейтіп жүрген жігіт Ниязбек бір мекемеде қызмет те істейді, алайда, өзінің сүйікті кәсібін де тастамай бірге алып келе жатыр. Жұмысында ұқыптылығымен беделге ие болса, үйіндегі шаруасы тек жан құмарлығы ғана емес, екінші жағынан еңбек, қосымша табыс көзі. Президентіміз өзінің биылғы Жолдауында орта және шағын кәсіпті отбасының ортақ қазынасына айналдыруды қадап айтса, «Еңбек қоғамына 20 қадам» атты еңбегінде де осы мәселеге тоқталады. Олай болса, Нұрманов нұр шапағатты істі жүзеге асырып жүрген азаматтарымыздың бірі. Ол құс өсірумен бірге, қой-ешкі де ұстайды қорасында. Мал бордақылайтын да өнері бар. Айтпақшы кекілік өсіретіндігін айтпай кетіп бара жатыр екенбіз ғой, оның да еті мен жұмыртқасы жанға дауа, ем үшін пайдаланылады. Ұлдары Айбек пен Әлібек мектептен келе сала үй шаруашылығына қолғабыс жасайды. Бала кездерінен осы шаруаға төселген. Жан жары – Күнсұлу физика-математика пәнінің мұғалімі. №46 Пушкин атындағы мектеп-лицейінде дәріс береді. Екеуі 7 бала өсіріп отыр. Алды арнаулы білім ордаларында оқып жүрсе, соңы мектепке енді барады.
– Елбасының Жолдауынан қуаттанып, келешекте шаруашылығымда кеңейткім келеді. Аулам кең, көршілерім де тілектес болып жүретін жақсы жандар. Алайда, қол қысқалығынан тартыншақтап қала береміз. Тауыс құсына жайлы мекендер салып, жаңа тұрғыда айналысса, мұның пайдасы зор. Бөдене де ұстағым бар. Әрине, атакәсіп – мал шаруашылығын да жетілдіре түскім келеді. Аудан әкімі М.Ергешбаевтың менің осы шағын тірлігіме назар аударып, қолдауға ниет танытқанына ризамын, – деді ол қоштасар сәтте.
Иә, құсы – күнге ғашық, өзі – еңбекке асық жігіттің асар асуы мол болсын.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі кенті.