Биылғы жылы діни алауыздықты қоздыру фактілері бойынша қозғалған 8 қылмыстық істің барлығына процесс прокуроры тағайындалып, жаза тағайындау түріндегі сот үкімі қабылданған. Мәселен, қала тұрғыны дәстүрлі емес діни ағымының жолына түсіп, «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы дiни алауыздықты қоздыруға бағытталған ақпаратты насихаттағаны үшін сотты болды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық прокуратураның бөлім бастығы Бақытжан Бұқарбаев мәлімдеді.
Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігінің жазалау бөлі¬гін¬де екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бос¬тандығынан айыру жазасы көз¬дел¬ген. Қасақана жасалған бұл іс-әрекет ауыр қылмыстар санатына жатқызылады. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексімен терроризм актiсi туралы жалған хабарлау және дайындалып жатқаны немесе жасалғаны анық белгiлi аса ауыр қылмыс немесе терроризм актісі туралы хабарламау әрекеттері үшін де қылмыстық жауапкершілік қаралған.
– Қызылорда қаласының №2 сотына ҚР ҚК-нің 273-бабымен айыпталған 3 адамға қатысты 3 қылмыстық іс түскен. Онда терроризм актісі туралы жалған хабарламалар туралы көрсетілген. Былтыр осы қылмыстық істің екеуіне қатысты жаза тағайындалып, бір қылмыстық іс қалдықта қалды, – дейді Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы Балғабай Жаңабаев.
Биыл ҚК-нің 174-бабы 1-бөлігімен, яғни әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздық қоздыру бойынша 5 қылмыстық іс қаралып аяқталған. Оның ішінде 3 адамға қатысты 4 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалса, 2 адам 2 жыл бостан¬дығынан шектеу жазасына кесілген.
– Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында үстіміздегі жылдың 6 ай мерзімінде ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабының 1-бө¬лі¬гі 3-тармағына сай, яғни діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, басып шығаруға, немесе тарату бойынша барлығы екі әкімшілік іс қаралып, қорытындысы бойынша 2 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Олжас Абдукаликов.
Облыс тұрғындары тек қана әкімдіктің қаулысымен бекітілген облыс орталығындағы «Жамағат» және «Жанұя» дүкендері арқылы ғана діни әдебиеттер, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдар мен діни мақсаттағы заттарды алуларына болады. Бұдан бөлек, дін мәселесіне қатысты сұрақтар туындап, өзін толғандырған жағдайлар болса, облыс көлемінде орналасқан кез келген мешітке барып, кеңес алу мүмкіндіктері бар.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.