ҒАЛАМТОР ДА АЛАЯҚҚА ЖОЛ АШТЫ

Соңғы кездері Қызылордада ғаламтор желісі арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстары көбеюде, - деп хабарлады қалалық ІІБ баспасөз қызметі.
Ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы әртүрлі зат, киім-кешек, телефон мен басқа да тұрмыстық бұйымдарды арзан бағада сатамыз деп жалған ақпа¬раттың алдауына түсіретіндер бар.
Мәселен, 2017 жылғы 24 сәуірде 1990 жылғы қала тұрғыны «Koleso.kz» сайтынан «Nissan Patrol» автокөлігінің қозғалтқышын сатамын» деген хабарла-маны көзі шалып қалады. Хабарлама иесі¬мен сөйлесіп, сатып алатындығы жайлы уағдаласып, келіскеніндей «Qazkom» банкі арқылы шотына 300 мың теңге аударады. Алайда хабарлама иесі уәдесін орындамай ғана қоймай, жәбірленушінің ақшасын да қайтармайды. Осы сияқты сәуір айында 1979 жылғы қала тұрғыны «Mazda» автокөлігіне қозғалтқыш алып беремін» деген алаяқтың арбауына түссе, 1990 жылғы азамат «Мitsubishi Space wagon» маркалы автокөлігіне мотор алып беремін» деген ғаламтор арқылы танысқан азаматқа алданған. Нәтижесінде біріне 72 мың теңге көлемінде, енді біріне 145 мың көлемінде шығын келтірілген.
Сонымен қатар, «Айфон» смартфонын төмен бағада сатып алып беремін» деп алдағандарға қатысты бірнеше оқиға тіркелген. Мәселен, ақпан айында 1993 жылғы қала тұрғыны «Olx» сайты арқылы «Iphone 5S» маркалы ұялы телефоны 45 000 теңгеге сатылатыны жайлы хабарламаны көреді. Иесімен телефон арқылы уағдаласып, айтқан сомасын банк шоты арқылы аударады. Алайда, ұялы ¬телефон иесі байланысқа шықпай, ақшаны қалтасына басып, ұшты-күйлі жоқ болып кетеді.
Интернет-алаяқтардың арасында өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, ірі көлемдегі несие алып беретініне сендіріп, алдап кететіндер жетерлік. Мәселен, тамыз айында 1977 жылғы қала тұрғыны «Olx» сайтындағы «Forte» банктен 2,7 млн теңге көлемінде несие алып беремін деген хабарламаны көріп қалады. Хабарлама иесімен байланысып, шотына 135 мың теңге аударады. Шамадан тыс сенгіштігінің нәтижесінде алаяқтың арбауына ілігіп, шығынға ұшырайды.
Барлық деректер Сотқа дейінгі тер¬геп-тексерудің бірыңғай тізіміне ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Осы жайттарды ескере отырып, қызылордалық полицейлер қандай да бір келісім жасамас бұрын интернеттегі хабарламаның немесе жарнаманың шы-найы¬лығына көз жеткізуін сұрайды. Сонымен қатар, төлем жасамас бұрын алатын заттың бүтіндігін көріп, тексерген абзал. Төлем жасаған жағдайда, чекті сақтап қойып, көрсетілген қызмет жасалмаса, бұл жөнінде құқық органдарына жүгінуіне болады.

Ш.АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.
ҚОҒАМ 09 қыркүйек 2017 г. 564 0