ӘЛЕМНІҢ ТАҢДАУЛЫ ҮЛГІЛЕРІМЕН СУСЫНДАЙМЫЗ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасайтынымыз айтылған. Осы жобаны жүзеге асыру үшін Ұлттық аударма бюросы құрылды. 
Бюро төрағасы болып кезінде біздің облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Рауан Кенжеханұлы тағайындалды. Аударма бюросы өз жұмысын бастап та кетті. Жақында Алматы қаласында осы жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы алқалы жиын өтті. Бюро төрағасының айтуы бойынша әлемдік таңдаулы оқу орындарында пайдаланылып жүрген 800 оқулықтың ішінен он жетісі іріктеліп, аударма жұмысы басталып кетіпті. Бұл оқулықтар негізінен философия, әлеуметтану, психология, дінтану, мәдениеттану бағыттарын қамтиды. Осы орайда,  біз республика көлеміндегі басылымдарда жарық көрген мамандардың пікірлерін саралап, жергілікті ғалымды сөзге тартқан едік.

Анар ФАЗЫЛЖАНОВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары:

– Үлкен жұмыс қолға алынғанын көріп отырмыз. Тіл мәселесіне қа¬тыс¬ты біраз қиындықтар бар екенін де байқадық. Жалпы, әрбір сала мамандары шетелдік заманауи ұғым¬дарды аударған кезде ұлттық негізбен байланыстыра отырып аударса екен. Себебі, бұл оқулықтарды басқаша жолмен аударудың қажеті жоқ. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ғалымдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қыруар ұлттық мұрамызға қол жеткізді. Соның негізінде «Қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігін» шығардық. Сол сөздік осы жобада пайдаланылуы тиіс. Себебі, бұл лексикографиялық емес, лингвомәдениеттанулық танымдық еңбек. Бергісі Алаш, арғысы барлық түркі дүниесіне ортақ тіліміз болған. Бүкіл түркілер сол жазба тілімен бір-бірімен түсініскен. Ол ислам өрке¬ниетінің қазақ даласында, түр¬кі даласында гүлденген дәуіріне қыз¬мет еткен тіл болған. Сол тілде діни лексиканың барлығы қазақтың мәдениетін жасаған. Мәшһүр Жүсіпті оқысаңыз, тұнып тұрған діни лексика. Бұл діни дискурста қолданылатын сөздер. Тек қана қазақша жазамыз деп те айтуға болмайды. Бір сөздің әртүрлі дискурстағы модельдері болуы керек. Сондықтан, әдебиеттерде осы ерекшеліктерді, тілдік дискурстарын сақтауымыз керек. Мұны бастаған – Алаш зиялылары. Мәселен, Мағжан¬ның «Педагогикасын», Жүсіпбектің «Психологиясын» алып қарасақ, бар¬лық терминдер қазақтың сөзжасамдық ұлттық уәждерін сақтаған. Терминдер пайдалануда осы еңбектерді қолдансақ игі. Бір өкініштісі, біздің ұрпақ сол ұлттық уәжден алыстап кетті. 15 томдық түсіндірме сөздікте сол уәждерді зерделеп жаздық. Тіл білімі институты жаңа бастаманы қолдап, көмектесуге әрдайым дайын.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ,  
«Мәдениет» журналы бас редакторының орынбасары,
ақын:

– Бұған дейінгі «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шыққан кітап-тарда көп кемшіліктер кеткенін айтып жүрміз. Елбасының өзі философиядан аударылған шығармалардың қазақша¬сын оқып түсіне алмағанын айтты. Бұл жоба соның кебін кимеуі тиіс. Термин деген сөздің бәрін 2 миллиард қытай өз тілінде, жапон мен араб өз тілінде айтады. Біз де осыған көшуіміз керек. Сондай-ақ жоба бойынша іріктеліп алынған кітаптардың ішінде біздің тілімізге, дінімізге, салт-дәстүрімізге, жалпы дүниетанымымызға қайшы келетін сөздер кездесуі мүмкін. Мұ¬сыл¬манға, шығыс халықтарына қарсы сөздерді Вольтер де, Монтескье де жазған. Міне, осыдан сақ болайық.

Гүлнар САДЫХАНОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика кафедрасының меңгерушісі, доцент:

– Біз әр сөзді, әр ұғымды ақылдасып қолданамыз. Бір терминді түсіне алмасақ, бір-бірімізден кеңес аламыз. Соңында ортақ шешім қабылдаймыз. Бір термин бірнеше рет қайталануы мүмкін. Тек ағылшын тілінде оқып отырсақ, оны өзіміз түсінеміз. Оны қазақ тіліне аударған кезде, ортақ түсінік қалыптастыруды мақсат тұтқан жөн. Ғылымның тілі оңай емес. Оның жалпы көпшілікке ұғынықты болуын қамтамасыз етуіміз керек. Қазақ тілін¬де терминдер болмаса, орыс тілін¬дегі нұсқасымен салыстыруға тырысамыз. Орыс тіліндегі нұсқасы қазақ тіліндегі ұғымға сәйкес келмей¬тін болса, онда түпнұсқадан көп айнымаған жөн. Біз аударып отырған «Экономикс» кітабында формулалар өте көп. Формуланы аударудың қажеті жоқ деп санадық. Өйткені орыс аудармашылары орыс тіліне аударады, қазақ аудармашылары қазақ тіліне аударады. Ақырында ағылшын тіліндегі нұсқасынан мүлдем өзгеріп кетеді.

Досай КЕНЖЕТАЙ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының профессоры:

– Біз таңдап алған оқулық – Карен Армстронгтың «Тәңірдің тарихы» атты еңбегі. Бұл кітап иудаизм, христиан және ислам дінінің тарихын қаузайды. Осы тақырыппен айналысып жүргенімізге де 20 жылға жуық уа¬қыт болды. Бұл жөнінде арнайы магист¬рлік диссертация қорғалған. Аударманың ең басты шарты – тіл білу емес, аударылатын құбылысты танып білу. Ол ұғымды танып-білмеген адам ешқашан аударма жасай алмайды. Бұл кітап тарихи ұстаныммен жазылған.
Бүкіл адамзаттың тарихында үл¬кен орын алатын археологиялық жазбалар, Құдайды қай дін қалай таныды, қандай негіздерге сүйенді, осының бәрі оқулықта жан-жақты қамтылған. Тағы бір дүние, кез келген оқулықты аударғанда өз тілімізге қарай ыңғайлауға болады. «Мынау басқа ұлттың термині, бізге сәйкес келмейді» деген ұғыммен қарайтын болсақ, қазақ тілінің ғылыми лексикасын ешқашан байыта алмаймыз. Бұл – бір. Екіншіден, біздің тілде ислам терминдері жеткілікті. Әлі күнге дейін кейбір тілшілеріміз «бұл арабизм», «бұл иранизм» деп бөліп жатады. Біз мұндайдан бас тартуымыз қажет. Араб тілінен енген сөздің барлығы өркениеттік дүниетанымды, болмысты, табиғатты айшықтайтын тілдік ойлау жүйесінің негізгі сұлбасы. Олардың қазақ тіліне сіңгені сонша, төл сөзімізге айналып кетті. Бірақ, біз соңғы кезде тілдің осындай имму¬нитетін жоғалтып алдық.  

Баймырза КОЖАМБЕРЛИЕВ,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша ПҚБАИ кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор:

– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бола¬шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар¬ламасы аясында жүзеге асатын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын өте керемет бастама деп білеміз.
Аударма саласы – оңай шағыла қоятын жаңғақ емес. Бізге тіл білетін маман емес, кәсіби аудармашы қажет. Ол екі тілді, яғни, қазақ және ағылшын тілдерін еркін меңгерген кәсіби маман болуы керек. Біз қолға алынып жатқан жұмысты қолдаймыз. Себебі, қазақ тілінің қоғамның түрлі саласындағы қолданысы осы аудармаға тәуелді болып отыр. Сонымен қатар, біз осы мәселеде жариялылықтың бұқаралық сипат алғанын да құптаймыз. Яғни, бұл оқулықтардың арасында тек қана мамандар үшін ғана емес, қалың көп¬шілік қалайтын оқулықтардың да таңдалынып алынғаны дұрыс сияқты. Әрине, бұл мәселеде сынның да көп болатыны даусыз. Аударма ғы¬лы¬мы¬ның қиын саласының бірі – сөз, тіл – әдебиет ғылымдарының ажырамас бір бөлігі.
Ғалымдардың айтуынша, қазіргі таңда әлемде 3 мыңға жуық тіл бар екен. Бұдан  аударма қызметінің қаншалықты маңызды екенін көруге болады. Аударма – адамдардың, халықтардың арасындағы тәжірибе алмасуының дәнекері. Мәдени өмірдің бір саласы. Адамзат аударма арқылы араласып құраласады. Оның ішінде көркем аударманың алатын орны бөлек. Көркем аударма – әдеби шығарманың бір тілден екінші тілге аударылған нұсқасы, көркем әдеби шығармашылықтың бір саласы. Көркем аудармада әдеби шығарма бастан-аяқ сөзбе-сөз аударылмайды, сөздің мағынасын, көркемдік қуатын, бейнелік әсерін толық жеткізу мақсат етіледі. Аударма арқылы бір халықтың таңдаулы әдеби, ғылыми шығармаларынан басқа халықтың өкілдері сусындай алады. Сонымен қатар, ғылыми аударма – ғылым салалары бойынша бөлінетін аударманың да алатын орны ерекше. Ғылым мәтіндерінің өзінің екі түрі болады. Біріншісі, белгілі бір саладағы кәсіби мамандарға арналған өзіндік ғылыми мәтін. Екіншісі, бұқара халыққа арналған ғылыми-көпшілік мәтін.
Ғылыми аударманың өзіндік ерекшелігі бар. Аударма барысында ғы¬лыми мәтіндер мазмұнды, дәлелді, нақты, ізбе-із логикалық байланысқан болуы керек. Ғылыми мәтіндер жазба түрде құрастырылып, жазбаша формада аударылғаны дұрыс. Яғни, аударманың қасиетін арттырып, түпнұсқаның мағыналық байлығын, ой толғамдары мен сезімдік иірімдерін, көркемдік ерекшеліктерін жаңғыртып-жарқырататын қайта туғызатын суреткерлік шеберліктің орны бар.

Дайындаған: Азиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
ҚОҒАМ 09 қыркүйек 2017 г. 554 0