«Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ облыстық филиалы басшысы тағайындалды

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ өндіріс қызметін үйлестіру жөніндегі басқарушы директоры Шоқан Әбділманов Сыр еліне келді.
Іссапар барысында облыс орталығындағы департаменттің Мамандандырылған бөлімінде бизнес үдерісті оңтайландыру мақсатында түрлендіру енгізу бойынша өз ұсыныстарымен бөлісіп, бөлім жұмысымен етене танысты. Сонымен қатар, басқарушы директор қалалық бөлімдердің де  жұмыстарымен  танысып, қызметкерлермен пікір алысып, тұщымды ойларымен бөлісті.
Іссапардың маңызды кездесуінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының жаңа басшысы тағайындалды. Жаңа қызметке Тобаева Айнур Шорабекқызы сайланды. Жаңа басшыға ақжарма тілегін білдірген Шоқан Өміржанұлы, «қызметте абыройы артып, сәттіліктермен жақсы нәтижелерге жете беріңіз», деп тілектестігін білдірді.
Айнұр Шорабекқызы 1978 жылы 23 қыркүйекте Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1985 жылы №201 мектепті бітірген арманшыл жас 1996 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық  университетіне оқуға түсіп, 2001 жылы «Құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша үздік диплом иегері атанады. 2003 жылы Қазақ гуманитарлық университетінен «Заңгер» мамандығын алып шығады.
Жас маманның еңбек жолы 2001 жылы Қызылорда облысы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталықтың тіркеуші мамандығынан басталады. 2002 жылы Қызылорда облысы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталықтың сұраныс арыз және құжаттарды қабылдау секторының аға маманы, 2002 жылдың шілде айынан бастап құжаттарды қабылдау-беру бөлімінің басшысы, 2008 жылы Қызылорда қаласының халыққа қызмет көрсету орталығының операциялық зал басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
2008-2010 жылдар аралығында Қызылорда облысының Халыққа қызмет көрсету орталығының операциялық зал басшысы қызметін абыроймен атқарып, саладағы зор тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында 2010 жылы Қызылорда облысының халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасарлығына тағайындалды.
Айнұр Шорабекқызы қызметтегі озаттығы мен тәжірибесін іс жүзінде атқара білуінің арқасында әріптестерінің арасында үлгілі маман ретінде танылды. Қашанда өз ісін беріле орындайтын білікті орынбасар өз биігінен жоғары көріне білді. Басшылықтың назарында жақсы қырынан көрінген Айнұр Шорабекқызы міндетін мүлтіксіз орындағаны үшін ҚР Көлік және коммуникация министрі А.Жұмағалиевтің «Құрмет» грамотасына ие болды. Сонымен қатар, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК бас директорының «Құрмет» грамотасы табысталды. Өз әріптестері арасында маңдай тері мен ақ адал еңбегі ескерілген Айнұр Тобаева «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының «Құрмет» грамотасын иеленді.
Гүлнәз Бадрақова.
ҚОҒАМ 07 қыркүйек 2017 г. 1 589 0