САҒЫНЫШ

Дос деген үзілген жерді жалғайтын, сағыңды сындырмайтын, қиындыққа қимайтын, жаттай сыйлайтын, ең бастысы, бойына біткен қайсар мінез, қағылез қасиет, асқақ рухы ойға келгенде жаныңды жадырата түседі. Қасыңдағы сенімді серігің кейде қорғаның, кейде сүйенішің, кейде жоғыңды білдірмей, жөн-жүйенің жігін жатқызатын жанашырың екен. Әсіресе, арадан алыстап кеткен азамат-дос туралы дәріптегенде сағыныш маздап, сонау көз ұшында қалықтап тұрған естеліктерді еске салады.
Махат жайлы мол айтуға болады. Қазақтың бір жігіті сондай болса екен дейтіндей дәріпке ие азамат еді. Мен онан біржола айырылғанда, қимастық сезім қармап, дос дегеннің қадір-қасиетін барынша ұғынып, жан-жағымнан іздей бастадым. Махат есімі жүректе жаңғырып, көңілден кетпей қойды. Бұл есімнің маған қаншалықты қымбат екенін біле тұрып, оның  арабтың «хамд» – «хамада» – «махаммад» сөзімен төркіндес, қошемет, мадаққа бөленген деген мағынада қолданылатынын қаперге алдым. Иә, ол қошеметке лайық болатын.
Уақыт не деген ұшқыр?! Зулап жатқан өмір-ай десеңші! Өткенді еске алсаң, қимас достармен бірге болған сәттерің санаңда сайрап жатыр. Бірақ солардың қайсыбірімен кездесейін десең де мүмкін емес. Келмес сапарға кеткен. Ойламайын десең еске алатын тәтті сәттерің бар. Өкініштісі сол, оның бәрін сана сезімің арқылы, ойша ғана елестете аласың. Расында солай. Өйткені өмір кемесі ерте қайтпас қайраңға тастады.
Оның өмірбаянын ақтарып отырмын. Бір кісінің ғұмыры бір тарих десек, Махаттың да жүріп өткен жолы тарих пен тағылымға толы. Ауылдың ауыр бейнетіне шыңдалып, еңбекке епті, білімге құштар қалыбы жастай бойына бекіді. Арманшыл талабы қалаға қарай тартып тұрды. Сөйтіп, 1977 жылдан Ресей Федерациясының Байқоңыр қалалық ішкі істер басқармасында, ал, 90-шы жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне қарасты Байқоңыр қаласындағы өкілдігінде қатардағы милиция қызметкерінен подполковник шеніне дейін өсті. Әттең, әлі де шығар биігі көп еді, атпалдай азамат, сыныптасым Демесінов Махамбетали (Махат) бір жыл бұрын қайтыс болды. Енді оны сағыныш сезімі ғана жақындатып, сырттай сырластырып тұр.
Махат дос Түркіменстанда, Байрамали қаласында дүниеге келіп, онда үш сынып оқыды. Әкесі Қален де, шешесі Алмагүл де құдайға қараған қарапайым жандар болатын. Олар үлкен отбасы еді, Махат – 11 перзенттің бірі. Досым төртінші сыныпқа аттағанда олар тарихи Отаны Қазақстанға көшіп келіп, Қазалы стансасындағы Батыс Қазақстан теміржолына қарасты №420 орта мектебінде оқып, бітірді. Әскери борышын Германияда өтеп, танк командирі лауазымын иеленді. Онан кейінгі саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнады. Екі оқу орнын аяқтап, заңгер мамандығын алды. Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, бірнеше биік марапатқа ие болды. Соның ішінде «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» омырау белгісін кеудесіне тағып, шекті жасқа жетуіне байланысты зейнетке шықты.
Тазагүл есімді сыныптасымызбен отау құрып, Анаргүл, Балзира есімді екі қыз бен Әділбектей ұл сүйді. Өмірінің жалғасы төрт немересі бар.
Махаттың мықтылығы тек құқық қорғау қызметінде ғана емес, отбасының бақыты үшін әкелік мейірімін аз төкпеді. Ұрпағының ұлағат ұялайтын тәрбиеге сай білімге ұмтылуына, жан жарына сүйеу, демеу, тіреу болуымен де өнегелі. Қазір сол үміті ақталып,  перзенттері бір-бір тұтқа болып отыр. Мәселен, үлкені Анаргүл Әділет министрлігінде бөлім басқарса, Балзира Астана қаласында санитарлық дәрігер. Ал, Әділбегі Энергетика министрлігінде бас маман. Міне, осындай білімді ұрпағымен әкесі мың жасауға тиісті.
Иә, өмір қамшының сабындай қысқа десек те, біреуге ерте, біреуге кеш келетін тағдыр ісі досымды келмеске ерте әкетті. Бір жыл бойы ол арамызда жоқ. Оның жарқын бейнесін, толымды тұлғасын, жылы жүзін сағынып жүрміз. Сол сағыныш мені қалам тербеуіме жетеледі. Бәлкім, тірінің парызы осы шығар.

Әлімжан ЖАРЫЛҚАҒАНОВ,
сыныптасы, отставкадағы
полиция полковнигі.
ҚОҒАМ 07 қыркүйек 2017 г. 714 0