ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДА КҮРІШКЕ ОРАҚ ТҮСТІ

Қаламыздағы күріш өсіретін шаруашылық құрылымдары жетекшілерінің басын қосып, қалаға қарасты Ақжарма ауылдық округіндегі «Мағжан и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабында күрішке алғашқы орақ салу рәсімі ұйымдастырылды.
Шараға қала әкімі Н.Нәлібаев қатысып, диқандар қауымына деген ризашылығы мен алғысын жеткізсе, ауыл ақсақалдары батасын берді.
- «Қашанда жетістіктер мен жеңістеріміз көп болып,  «Ақ алтыннан» тау тұрғызып «Дала академигі» атанған Ыбырай Жақаев атамыздың және бақыты мен бағын егін даласынан тапқан даңқты тұлғалардың жолын берсін деп тілеймін» - деген қала әкімі, келесі кезекте арнайы дайындалған көрме жұмысымен танысты.
Көрмеде «Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-і бидай, арпа, 3 түрлі күріштің және жоңышқаның жаңа сортымен таныстырса, «Искер М» ЖШС-і бақша және көкөніс дақылдарының Голландиялық сортының жергілікті табиғатқа бейімделген түрлерін ұсынды.
Сонымен қатар, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Сейілов биылғы егін жинау науқанына дайындық жұмыстарымен таныстырды.
Жалпы соңғы үш жыл бойы Сыр өңірі диқандары айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп негізгі дақыл, күріштен рекордтық өнім жинап келеді.
Соның ішінде, саннан бұрын сапаға ынта қоя бастаған қала диқандары да айтарлықтай табысты көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр.
Яғни, биылғы жылы 7 мың 621 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде дәнді дақылдар 3 мың 734 гектарды, мал азықтық дақылдар 1 мың 360 гектарды, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 2 мың 527 гектарды құрап отыр. Негізгі дақыл күріштің көлемі 3 мың 444 гектарға егілді.
Нақты егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемдері жыл басындағы межеленген егіс көлемінен 487 гектарға, оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі 342 гектарға артып отыр.
Сонымен бірге, осы уақытқа дейін тек қана үй іргелік жерлерде егіліп келген бақшалық дақылдарды ірі шаруашылық құрылымдары өндірістік негізде егуді қолға ала бастады.
Атап айтқанда, Қызылөзек ауылдық округіне қарасты «Үміт» шаруа қожалығы өткен жылдан бастап 15 гектарға дейін механикаландырылған тәсілмен картоп дақылын егуді қолға алса, Белкөл кентіне қарасты «Искер М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 20 гектарға қауынның заманауи сорттарын орналастырып отыр.
Бұған дейін, ауыл шаруашылығы құрылымдарында «ақ» егісті (жаздық бидай, жаздық арпа, сұлы) жинау толық аяқталды.
Егін жинау жұмыстарына барлығы 865 тонна дизель отыны, 108 тонна бензин, 33 тонна қою май қажетті көлемде қамтамасыз етіліп отыр.
Егін жинау науқанына қатысатын 22 дана жаткалар, 21 дана комбайндар, 55 дана тракторлар, 19 дана трактор тіркемелері, 8 астық тазалағыштар мен 6 дана жүк көліктері 100 пайызға ағымдағы және күрделі жөндеулерден өткізілді. Науқандық жұмыстарды атқаруға барлығы 530 адам қатыстырылады.

Қала әкімінің баспасөз қызметі

ҚОҒАМ 05 қыркүйек 2017 г. 709 0