Жуырда «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі іс-шараларды жүргізу» аясында «қауын егістіктерін қауын шыбынынан қорғаудың экологиялық қауіпсіз жүйелерін қолдану тиімділігін апробациялау» тақырыбында аймақтық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
«Ж.Жиембаев атындағы қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институты» ЖШС мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиынға ғалымдар, сала мамандары, кәсіпкерлер мен шаруашылық төрағалары қатысты.
Елімізде қауын шыбынының алғашқы ошақтары 2004 жылы Қарақалпақстанмен шекаралас Қармақшы ауданында анықталды. Қауын шыбынының алғашқы ошақтары пайда болған 2009 – 2011 жылдары қауын өсіріліп жатқан егістіктерді химиялық қорғау шараларына бюджеттен 31 млн тенге қаражат бөлініп, игерілді. Осы кезеңдерде Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған ауданы және Қызылорда қаласындағы қауын егісі көлемінің 50% зақымдалған еді.
Соңғы жылдары қауынды зиянкестерден қорғауда қолданылатын әдістер, яғни агротехникалық және химиялық күрес зиянкестердің ошақтарын жоя алмай отыр. Қауын шыбынына қарсы жүргізіліп жатқан карантиндік және қорғау шараларына қарамастан, өңделетін ошақтар жыл сайын ұлғаюда.
Егістіктерді әсер етуші зат құрамдары бір инсектицидтермен қайта-қайта өңдеу, зиянкестің бұл химиялық препараттарға төзімділігін аттыруға әкелді. Мемлекет тарапынан қаражат бөлінгеннің өзінде, қауын шыбынымен күресу мәселесі мейілінше өзекті болып отыр. Пестицидтік ауыртпалықты одан әрі қарай күшейте беру қауын шыбынының мәселесін шешпейді және де адам денсаулығы мен экологияға зияндылығын тигізеді. Осыған орай, қауынды шыбыннан қорғаудың экологияландырылған қорғау жүйесін жасау қажеттілігі туындауда.
Мәселен, кеңістіктік оқшаулау. Яғни, бақша дақылдарының плантациялары, ерте және кеш пісетін сорттар арасынын арақашықтығы 5-7 шақырымнан кем болмауы тиіс. Қатты зақымдалған бақша дақылдары өсірілген және жақын маңдағы танаптарға келесі жылы қауын егуге болмайды.
Қауын шыбынымен күресудің агротехникалық шараларына ауыспалы егістікті және оңтайлы себу мерзімін сақтау жатады. Зиянкестің мамыр айының соңында ұша бастауын және жасыл түйнектерге жұмыртқа салуын ескере отыра, қауынды пленка жабындысы астына егу ұсынылады. Сәуір айында пленка жабындысы астында егілген қауын тұқымдары ерте өскін береді және ерте сорттардың жемістері 50-60 күнде пісу фазасына кіріп үлгереді. Нәтижесінде мұндай танаптардан зақымдалмаған өнім жинауға болады.
Диқандарға ескеретін айт, қауынның төзімді, қабығы қалың сорттарын іріктеп егу ұсынылады. Сонымен қатар, күзде топырақты сүдігер жырту және жаппай жайып суару үлкен нәтиже бермек. Яғни, егінді жинап алғаннан соң, кем дегенде 30 см тереңдікте топырақты сүдігер жырту және танапты жаппай жайып суару қажет. Нәтижесінде дернәсілдердің біраз бөлігі жер бетіне шығып құстармен және пайдалы жәндіктермен желінеді де топырақтың төменгі қабатына түскен шыбындар көктемде жер бетіне шыға алмайды. Бұл әдіс қыстап шығатын зиянкес ұрпақтарының сан-мөлшерін біршама азайтады. Сондай-ақ, жаппай жайып суару тәсілі арқылы шыбын пілләлары топырақ микроағзаларының әсерінен өлуіне септігін тигізеді.
Зиянкестің сан-мөлшерінің жоғарылығы және өнімге шығын әкелу қатері болған жағдайда инсектицидтерді қолдану қажеттілігі туындайды. Онда тұқым сапасын, аурулармен залалдануына қарсы және сауықтыру мақсатында тиісті деңгейде дәрілеуді жүргізу үшін фитосараптаманы арнайы ғылыми-зерттеу ұйымдарында жасау қажет.
Өңдеу мерзімдерін сақтауда қауынның бірінші гүлдері пайда болған кезеңде жүйелі инсектицидтермен жүргізу ұсынылады, өйткені сол кезеңде зиянкес өсімдік шырынымен қоректенеді. Екінші өңдеуді түйнектер сала бастаған кезеңде жүргізу керек, бұл кезде жемістердің диаметрі 3-5 см жетеді. Қажеттілігіне байланысты келесі өңдеуді 15 күннен кейін, әсер етуші заттары рұқсат етілген әртүрлі препараттарды қолдану қажет. Өнім құрамында пестицидтердің қалдық мөлшері қалмауы үшін, соңғы өңдеуді өнім жинаудан 20 күн бұрын жүргізу қажет. Инсектицидтік өңдеулерді фунгицидтер мен микроэлементтерді бірге қосып өңдеу арқылы жақсы нәтижеге жетуге болады.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, ғылыми-тәжірибелік семинар қауын дақылынан экологиялық таза өнім алуға, сақтауға және оны өндіру мәселелерінің өзектілігін шешуге көмектесті. Сонымен бірге бұл саладағы ғылыми жетістіктер мен тәжірибелерді бөлісуге өз ықпалын тигізетін болады.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.