ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР«Алаштың анасы» атанған Сырдың бойы өз бақытын еңбектен тапқан азаматтарға, туған елі мен жерін көркейтуге үлес қосқан перзенттерге кенде емес. Отанының, туған өлкесінің өсіп-өркендеуі жолында қалтқысыз қызмет еткен сондай жандардың бірі бүгін біз әңгіме еткелі отырған Баку Өтегенұлы Өтегенов. 
Бүгінде мерейлі 70 жасқа толғалы отырған Баку Өтегенов ағамыз  облыстың күрделі құрылыс, салық және қаржы саласында отыз жылдан астам адал еңбек еткен абзал жан. Замандастары мен ізіне ерген ізбасар шәкірт іні-қарындастары оны дамудың нарықтық жолын таңдаған ел егемендігінің елең-алаң шағында аймағымыздың салық, қаржы саласының дамуына үлкен үлес қосқан елжанды азамат деп құрмет тұтады.  
– Халқымызда «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген жақсы сөз бар.  Алдымдағы ағам мен інім де, өзім де бала күннен еңбекпен есейіп, шыңдалып өстік. Сондықтан да жоғары білім алып, еңбекке араласқан 40 жылға жуық уақытта атқарған қызметтерімнің бәрінде абыройлы болдым, – деп бастады әңгімесін қарт қаржыгер. 
Сонан соң иір-қиыр мол, бұралаңды өмір жолына көз жүгіртті ме, бір уақ үнсіз қалды. Ой тізгіні сонау алыстағы балғын шақты шарлап кеткендей. Абзал ағаның сонау қызығы мен қиындығы қатар өткен балдәурен күндерді, ыстық ұя, туған жерді тебірене еске алып отырғанын жүзінен байыптауға болар еді.
Ол екінші жаһандық соғыс әлі аяқтала қоймаған қысылтаяң шақта Арал ауданы, Сайғонды ауылдық кеңесіне қарайтын «Жаңақұрылыс» колхозында дүние дидарына келді. Міне, сонан беріде 70 жыл мерзім зырлап өте шығыпты-ау! Бәрі де күні бүгінгідей көңілінде сайрап тұр. Кейіпкеріміз әңігмені жас күнінде ерекше есте қалған оқиғадан бастады:
– Иә!.. «Балалық шақ – бал дәурен», деп Мұқағали ақын бекер айтпаған ғой. Балалық шақ! Бұл адам өміріндегі теңдесі жоқ бір ерекше кезең. Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі тапшылық тұсқа тап келді. Сол қиыншылық кезде мен кәдімгідей есейіп, 1950 жылдардың басында мініс беріп қалған тайдай бала едім. 
Бір қызығы, бала жасымнан атқа құмар болдым. Әке-шешемнің қолында жалғыз сиыр ғана болды. Ол да колхоздың малы еді. Жүйрік ат, аламан бәйге десе қаны қызбайтын қазақ кемде-кем шығар. Осы ұлттық спорт өнері туралы сөз қозғала бір серпіліп қалатын қазақ ортамызда әлі де аз емес.  
1950 жылдың сәуір айы болатын. Ауылға арнайылап ат басын бұрған Елшекең нағашым мені әкемнен қолқалап сұрап, үйіне  алып кетті. Алдағы 1 мамыр мерекесіне арнап Арал-Қазалы жұрты аламан бәйге ұйымдастырғалы жатыр екен. Соған жүйрік байлап отырған нағашымның атқа шабатын шабандоз бала іздеп келген беті екен...
Атсейіске кіп-кішкентай баланың атқа мығым отырысы,  сонан соң қайсарлығы мен батылдығы ұнаса керек. Шабандоз бала іздеп, ауыл балаларын бақылап жүргенде таңдауы жиенге түскен.
Нағашысы Елшекең Қуанышбаев баптаған бәйге атымен аламанға алғаш түскен бала Бакудің жолы болды. «Сары тай» атанған құнан сол додада алдына қара салмай келеді. Осылай тоғызыншы класты бітіргенше әр түрлі атқа шапқан кейіпкеріміз кейін Қаржаубаев Шәри ағасының бәйге атымен 4 жылда 7 мәрте жүлдегер атанған сәтін айрықша сезіммен еске алады. «Міне, осылайша, жасымнан шабандоз бала атанғаным бар», – деп бір қайырды кейіпкеріміз.    
Әкесі Өтеген мен анасы Ақжан ғұмыр бойы колхоздың бар жұмысын қыңқ демей адал атқарған ғазиз жандар. Бір кездері былайғы жұрт «Жүйріктің жайын білетін шабандоз қара баланы неліктен Баку деп атады екен, бұл қазақта жоқ ат қой» деп есімнің тарихына қызығушылық танытады.
 Соғыстың кезі. Әкесінің інісі Орынбасардан соңғы хабар 1943 жылыдың көктемінде келіпті. Сол үшбу хатта ағасының ауыр жараланып, Баку қаласының госпиталына түскені айтылады. «Жарақатым жазылып қалды, қайтадан ұрыс даласына жіберейін деп жатыр. Егер жеңгем ұл тапса, есімін осы шаһардың атымен Баку деп атаңдар» деп өтініш етеді майдангер ағасы. Тағдыр-ай десейші, асыл ер сол кеткеннен мол кетті. Жау оғынан мерт болған сарбаздың сүйегі Польша жерінде қалды. Кейін бейбіт заман туып, сондағы бауырластар зиратына барып, туған жердің бір уыс топырағын салған сәтте әкем бұл күнді көре алмай арманда кетті-ау деп егілгені есте.   
Ол Арал қаласындағы №15 мектепті бітірген соң Сексеуіл бекетінің теміржолына жұмысқа тұрады. Араға екі жыл салып Ташкенттегі халық шаруашылығы институтына түсті. 1970 жылы осы оқу орнын экономист мамандығы бойынша  бітірген тұста ұстаздары «Статистика теориясы» кафедрасында қалып, ғылыммен айналысуды кеңес еткен-ді. Бірақ жас маман елге оралып, еңбек етуді жөн санады. Осылайша, министрліктің жолдамасымен облыстық «Қазсельхозтехника» бірлестігі басқармасына келеді. Беделді мекемеде инженер-экономист, кейін аға инженер қызметтерін атқарған Б.Өтегенов есімі республикаға белгілі құрылыс мамандары Фарид Фаткульдинов, Ефим Скатков сынды білікті басшылармен табаны күректей 21 жыл еңбек етіпті. Иә, жақсылардың жанында жүрді, олардың  тәлім-тәрбиесін алды, ұстаздың қамқорлығын көрді.  
Өмір-өзен бір орнында тұра ма? Қоғам үлкен өзгерістің алдында тұрған шақ еді ол. 1991 жылдың басында Қызылорда қаласының басшылығы жаңадан ашылып жатқан мемлекеттік салық инспекциясы басшысының орынбасары қызметіне шақырды. Кеңес Одағы ыдырап, барлық нормативтік құжаттар күшін жойған кез. Көптеген мекемелер жабылып, салық төлемдерін қандай құжатпен төлеу қажеттілігін жұрт түсінбей жатқан тұста білікті маманның тәжірибесі кәдеге асты. Араға жыл салып, 1992 жылдан ҚР мемлекеттік қаржылық бақылау Комитетінің Қызылорда қаласы бойынша бөлімшесінің, 2000 жылдан мамыр айынан осы Комитетке қарасты облыстық басқарма бастығының бірінші орынбасары, ал 2005-2007 жылдар аралығында облыс бойынша қаржы бақылау және мемлекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Қаржыгер ағамыз зейнетке шыққан соң да қол қусырып қарап отыра алмады. Бірнеше жыл қатарынан Қызылорда қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы болып еңбек етті. Қазіргі күні ол қалалық ардагерлер кеңесі тексеру комиссиясының мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр.  
Бәкеңнің ұзақ жылғы еңбегі зая кеткен жоқ. Бірнеше медальдар мен Қаржы министрлігінің «Құрмет грамоталарымен» және облыстық, қалалық мәслихаттардың «Құрмет Грамотасымен» марапатталды. 
«Қазақстан Республикасының үздік ұстазы» атағының иегері, 30-жылға жуық ұстаздық қызмет атқарып, зейнетке шыққан жұбайы Күнзия Бүркітбаева екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бұл күндері балаларының бәрі де жоғары білімді, отбасылы. Бүгінгі таңда олар мамандықтарына сай қызмет атқарып, өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. 
Ғибратты ғұмыр кешкен ақсақал бүгінде қарашаңырақтың төрінде Өтеген әулетінен тараған немере-шөберелерінің, өзінен өрген үш перзентінен сүйген 11 немеренің тілеуін тілеп, қуаныш-қызығын көріп отыр. Ізіне ерген шәкірттері мен балаларының өз саласының мықты маманы болғанын мақтаныш тұтады. Ел-жұртының амандығымен бірге олардың да биік шыңдарды бағындырғанын тілейді. 

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
ҚОҒАМ 30 қаңтар 2014 г. 1 273 0