Сейсенбі күні облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев бірқатар азаматтарды қабылдады.
Қоғамдық қабылдауға келген «Жас маман» ЖШС директоры, қызылордалық жас кәсіпкер Марат Құтышов филиал басшысына өңірдегі білім беру ұйымдары жанынан жүзеге асыруға болатын қызықты жобасын ұсынды. Мұндай жобаның Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында жүзеге асырылып жатқанын жеткізген кәсіп иесі жобаның алғашқы кезеңінде қаламыздағы 15 мектептің ауласына жылыжай салып, оны қанат қақты жоба ретінде тәжірибеден өткізуге болатынын айтады. Ең бастысы, осы жылыжайларға Ел Президенті Жолдауында айтылған тапсырманың бірі мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруға болады екен. Мұнда мектеп оқушылары биология пәнін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алады. Осы жылыжайда егілген көкөністерді күтіп-баптауға үйрету оларды еңбекке баулиды. Сондай-ақ, олар мектеп асханасын жас әрі экологиялық таза өніммен қамтамасыз ете алады. М.Құтышов мұндай жылыжайларда еңбек ететін мамандарды оқытып шығаратын арнайы оқу орталығымыз бар, тек мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс атқарсақ деген тілегін жеткізді.
Ұсынысты мұқият тыңдаған аймақ жетекшісі балаларды жасынан еңбекке баулу өте қажет екендігін атап өтіп, мектеп оқушысы кезінде сынып болып күріш алқабын арам шөптен тазарту жұмыстарына барғанын, ал жазғы демалыста кірпіш құю секілді жұмыстарға белсене араласқанын жеткізіп, жобаға қолдау білдірді.
Келесі кезекте «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Гүлзина Сқақова тұрғын үй мәселесін сөз етті. Оның айтуы бойынша, партия қызметіндегі бірнеше жас маман баспанасыз жүр. Яки, пәтер жалдауға мәжбүр. Не мемлекеттік, не бюджет саласы қызметкері санатына жатпағандықтан қоғамдық ұйым мүшелері «Қолжетімді баспана» бағдарламасына қатыса алмайды. Партияның облыстық филиал төрағасы облыстағы осы әлеуметтік мәселеге қанық екенін, оның зерттеуге жіберілетінін, сараптамадан кейін баспана мәселесі оңтайлы шешімін табатынын атап көрсетті.
«Өркен Сырдария» ЖШС директоры Болат Дүзімбетов Тереңөзек кенті тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған серіктестіктің қаржылық жағдайын тарқатып, субсидия алу мәселесін көтерсе, Жаңақорған ауданы №213 Қыркеңсе орта мектебінің сызу және сурет пәнінің мұғалімі Әлқожа Айдаров 2017 жылы Астана қаласында өтетін бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесіне қойылатын жобаның эскизін, ал Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің сәулет және құрылыс өндірісі кафедрасының профессоры Ләззат Аруова болса, ғалымдармен бірлесіп дайындаған инновациялық патентке ие жобасын ұсынды. Ғалымның пікірінше, «Жасыл экономика» принциптері негізінде жасақталып, назарға ұсынылып отырған бұл жобаны алдымен облысымызда өндіріске енгізу қажет.
Қоғамдық қабылдау соңында облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Қ.Көшербаев аталған жобалардың барлығы тиісті басқармалар басшылары мен кәсіби мамандар тарапынан сараптамадан өткізілгеннен кейін нақты жауап берілетінін жеткізді.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.