Алматы облыс әкімдігінің ұйымдастыруыме Алматы облысы Жамбыл ауданы «Көкбастау» атшабарында Конституция күніне және Халықаралық мамандандырылған «Астана ЭКСПО — 2017» көрмесіне орай ҚР Президентінің жүлдесі үшін ұлттық ат спорты түрлерінен жарыстар өтті. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан осынау шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған негізгі идеяны жүзеге асырудың бірден-бір жарқын көрінісі болды.
Жарысқа еліміздің түкпір-түпкірінен және көрші мемлекеттерден жалпы саны 200-ден астам сүйгүлік қатыстырылды. Көрермендерді қиқулатып, қошеметіне бөлеген тартысқа толы бәйгеде жеке дара топ жарып шығар жүйрікті соңғы айналымға дейін білу мүмкін болмады.
Нәтижесінде, тай жарысында:
1 орынға Жамбыл ауданының атынан топқа түскен «Көңілашар» жүйрігі келді. Жеңімпазға 200 000 тг қаржылай сыйлық табысталды. 2 орынды Қарасай ауданының намысын қорғаған «Айшық» атты жүйрігі иеленді. Оған 150 000 тг табысталды. 3 болып келген Жамбыл облысының «Арабелла» атты жүйрігі иесіне 100 000 теңгенің сыйақысын алуына мүмкіндік туғызды.
Топ бәйгеде:
1 орынды Қырғызстан Республикасынан топқа қосылған «Байторы» атты сәйгүлік иеленді. Жеңімпазға Нива автокөлігінің кілті табысталды. 2 орынды иеленген Қарасай ауданының «Қозыкүрең» атты жүйрігінің иесі Лада Гранта автокөлігінің кілтіне ие болды. 3-ші болып Қырғызстанның «Қарақұсы» келіп, 150 000 теңгені жеңіп алды.
11 шақырымдық құнан бәйгеде:
1 орын — «Витязь», Жамбыл облысы, Лада Гранта көлігі;
2 орын — «Айару», Алматы қаласы, 150 000 тг;
3 орын — «Томирис», Жамбыл ауданы, 120 000 тг.
9 шақырымдық жорға жарысында:
1 орын — «Элегант», Шығыс Қазақстан облысы, Лада Гранта автокөлігі;
2 орын — «Жойқын», Жамбыл ауданы, 150 000 тг;
3 орын — «Патрол», Райымбек ауданы, 120 000 тг.
Ал жарыстың төресі саналатын Аламан бәйгеде 1 орын Қарасай ауданының «Ақтабан» атты жүйрігіне бұйырды. Жеңімпазға УАЗ Патриот автокөлігінің кілті табысталды. 2 орынға Оңтүстік Қазақстан облысының «Керідауыл» сәйгүлігі жайғасты. Иесіне Нива автокөлігінің кілті сыйға берілді. Сондай-ақ үшінші орынға Лада Гранта, төртінші және бесінші орындарға қаржылай сыйлықтар табысталды.
http://jas.kz.