БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ БІР КЕПІЛІ ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ

БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ БІР КЕПІЛІ  ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ«Ауру – астан» деп көнекөздеріміз айтқандай, тамақтан ауру табу қазіргі кезде өскелең ұрпақтың басты мәселесіне айналып отырғаны белгілі. Соңғы уақытта жасөспірімдер арасында семіздік, ас қорыту жүйесінің аурулары, қант диабеті, қан аздық секілді сырқат  түрлерінің кең етек алуын тиісті сала мамандары  «дұрыс тамақтанбау салдарынан орын алып отырған мәселе» деп тауып, дабыл қағуда.
Мектеп оқушыларының тамақтану тәртібі мен мәдениеті кейінгі кезде биік мінберлерден де айтылып, мемлекеттік деңгейде мән беріле бастады.  Халық қалаулылары да мектеп оқушыларын сапалы ыстық тамақпен қамтамасыз ету бүгінгі таңдағы күрделі мәселе екенін айтуда. 
Мәселен, мемлекет тарапынан 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту 90 пайызды құрап отыр дегенмен, көп өңірлерде тек 1-2 сынып оқушылары ғана қамтылып отырғаны белгілі. Сондай-ақ, жоғары сынып оқушыларының ішінде де жетім, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының балалары тегін тамақтандырылады.  Мәселен, біздің облыста бұған дейін тек бірінші сынып оқушылары ғана ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп келсе, биылдан бастап олардың қатарына екінші сыныптар қосылды. Ал, 3-8 сынып аралығындағы тұрмысы төмен отбасы мен жетім балаларды  түгел тегін тамақпен қамту жолға қойылған. Алайда,  оқушыларды тамақтандыруды кім, қалай ұйымдастырып отырғаны осыған дейін назардан тыс қалып келген. Жалпы, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту мемлекеттік сатып алу заңының аясында жұмыс істейді. Яғни, мектептерде тағам беруді ұйымдастыратын ұйымдар өзара бәсекеге түседі. Бәсеке барысында мемлекет тарапынан тамақтандыру үшін балаға 300 теңге бөлінетін болса, заңға сәйкес 50-100 теңге берген адам жеңіп алады. Нақтырақ айтқанда, ең төменгі баға ұсынған мекеме жеңімпаз болады. Алайда, ойланып көріңізші,  сол 50-100 теңгеге сапалы, дұрыс тамақ ұйымдастыру мүмкін бе? Жетіліп келе жатқан жас ағзаны қамтамасыз етуге әлгі қаржының тағамы жеткілікті ме? Тойымдылығы былай тұрсын, құнары қандай?  Мұны ойлаудың өзі қисынсыз.
Депутаттардың айтуынша, мектептердегі тамақтану құны АҚШ пен Ресейден кем түсіп жатқан жоқ. Мәселен, Қазақстанда бір балаға шаққандағы тамақтану құны – 250 теңгені құрайды. Ал, Ресейде – 250, АҚШ-та – 222 теңге екен.  Бірақ, жаңағы айтып өткеніміздей, ең төменгі баға ұсынған кәсіпкер жеңіпаз атанып жүргендіктен, бөлінген 250 теңгенің орнына орташа алғанда, 120-130 теңгенің тағам мәзірі ұсынылады екен. Соның ішінде біздің өңірімізде, атап айтқанда, Қызылорда қаласында мектеп басшыларының мәлімдеуінше, тамақтану құны бүгінгі таңда 1-2 сынып оқушыларына 150 теңге болса, жетім және тұрмысы төмен отбасы балаларына 137 теңге көлемінде екен.  Сонымен қатар, мамандар мектеп асханаларының талапқа сай жабдықталмай отырғанын және оларда жұмыс істейтін адамдардың көбіне кәсіби мамандығының жоқтығын алға тартуда. Бұл өз деңгейінде бала денсаулығына кері әсер ететіндігі белгілі. Тағам мәзірі тек бағаға ғана сүйеніп отырғандықтан оның құрамы балалардың қажеттілігіне жарай бермейтіні анық. 
Осы мәселеге мән бере бастаған құзырлы орындар, депутаттар мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтуды мемлекеттік сатып алудан алып тастау жөнінде мәселе көтеріп, соның негізінде өткен жылдың  аяғында өнім берушіні таңдау ережесінің жобасын қарастыруды қолға алды. Бүгінде ҚР Білім министрлігі тарапынан аталған жоба облыстардағы білім басқармаларына жолданып, өз ұсыныстарын беру тапсырылып отыр. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының балаларды және жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Еркін Ақшалов мәлімдеді. Оның айтуынша, министрліктен жолданған хатта аталған жобаға байланысты білім басқармалары өз ұсыныстарын білдіруі тиіс.   
Мектептердегі ыстық тамақпен қамтудағы өзгерістерге байланысты пікірін білмекке Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы Марат Аралбаев мырзамен де тілдескен едік. Бөлім басшысы аталған өзгерісті қолдайтынын жеткізді. 
– Оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға байланысты енгізілгелі отырған өзгерістер туралы хабардармын, бірақ біздің қолымызға нормативті құжат тиген жоқ.   Алайда, өзгерісті қолдаймын. Аталған мәселеге байланысты біздің облыста үстіміздегі жылы облыс әкімінің қолдауымен «Байқоңыр» ӘКК жанынан тамақтану комбинатын құру жоспарланып отыр.  Бұл тәжірибе Алматы мен Астана қалаларында бар. Егер осы комбинат құрылса, тамақ сапасы да, асханалардың материалдық-техникалық базасы да біршама жақсарар еді. Яғни, бізге тиімді болмақ. Ал, әзірге осы жоба жүзеге асқанша біз былтырғы  өткен мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес жеңімпаз атанған кәсіпкерлермен жұмыс жасай беретін боламыз,– деді бөлім басшысы. 
Бұл өзгерістерді мектеп басшылары да қолдайды. Мәселен, Талсуат елді мекенінде орналасқан №178 мектепте  212 оқушы бар екен. Соның 34-і аз қамтылған отбасы балалары ретінде ыстық тамақпен қамтылса, онан бөлек 1 сыныптан – 35, 2 сыныптан 25 бала тегін тамақтандырылады.    Мектеп директоры Гүлнар Байманова балаларды ыстық тамақпен қамтуда тек мектепке жеткізіліп берілген тағам түрлерін балаларға үлестірумен ғана айналысатындығын жеткізді.  – Бүгінде орталықтандырылған бухгалтерия жұмыс істейді. Сатып алуға қатысатын да, кәсіпкерлермен жұмыс істейтін де солар. Біз тек арнайы белгіленген тамақ мәзірі бойынша жеткізілген тағамды балаларға берумен айналысамыз. Бүгінгі таңда тамақ құны бір балаға 150 теңге. Ал өзгерістерге тоқталар болсам, егер балаларға пайдасы мол болса, әрине, қолдаймыз,– дейді.  
Қалаға қарасты Тасбөгет кентінде орналасқан №172 мектеп директоры Майра Сәдуова да осындай пікірде. Майра Өмірзаққызы басқаратын білім ұясында өткен жылы 100 бала ыстық тамақпен қамтылған. Тұрмысы төмен отбасы балалары мен жетім балалар 3-8 сынып аралығында ыстық тамақпен қамтылады. Сондай-ақ, 1,2 сынып оқушылары түгелдей тамақтандырылады.  Оның айтуынша, тамақ мәзірі арнайы мекемелердің қатысуымен әзірленіп, тамақ түрлері де сол бойынша жеткізіледі екен. Егер балалар денсаулығына пайдасы мол болса ыстық тамақпен қамту бойынша қажетті өзгерістердің енгізілгеніне қуанбаса, ренжімейді. 
Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, тамақтану халықтың денсаулық деңгейін анықтайтын негізгі фактордың бірі болып табылады.  «Бала – ел ертеңі, ұлт болашағы» десек, Елбасы айтқандай, дені сау ұлт қалыптастыруды балалық кезеңнен бастау керек.  Ал, бала денсаулығының мықты болуының бір кепілі – дұрыс тамақтану. 

Айнұр БАТТАЛОВА.
ҚОҒАМ 30 қаңтар 2014 г. 4 018 0