Бірлігі бар ел – мәңгілік ел

Достық, ынтымақ, береке-бірлік деген сөздер ТМД елдерінде,басқа да алыс шет елдерде көп айтылып,көп жазылатынын есітіп,көріп жүрміз.Бұған елімізбен іргелес елдер- Ресей мен Өзбекстанға сосын өзіміз«қоңсыласымыз» дейтін Қырғызстанға сапарлап барсаңыз оқып, көріп көзіңізді жеткізесіз. Қазір әлемнің қай елінде болса да сәнге айналған билборд  дегеніңіз -көрнекі үгіттің таптырмас құралына  айналды.Алыс-жақын шет елдердің қай-қайыссында болса да,достыққа,бірлік пен ынтымаққа шақырған осы билбордтардан көз сүрінгендей.Бұны қазір алдыңыздағы компьютердің тетігін басып қалсаңыз айдай әлемге жар салып,көздеген мәліметіңді әп сәтте дайын ететін ғаламтор желілерінен де көруге болады.Бірақ осы жақсы сөздер сол елдерде шын мәніндегідей. 

Жалпы достық жайлы айтқанда екі қандас адамның арасындағы достық пен бір ұлттың азаматы мен екінші ұлттың азаматының арасындағы достық жайлы көп айтуға болады.Бұндай қарым-қатынастағы адамдарды күнделікті көріп те жүрміз.Ал,тұтас ұлттар мен ұлыстардың және халықтардың арасындағы достық қарым-қатынастың жөні бөлек.Тұтас халықтар мен этностар арасындағы достық – қандай бір елде болса да тыныштық пен береке-бірліктің кепілі.Достық қарым-қатынас арқылы қалыптасқан бүтін бір  елдегі жүздеген этностардың бір мақсатты,бір мүддені көздейтін ынтымағы мен татулығын жекелеген  әлем елдері арасынан кездестіре қою екі талай.Қазір әлемнің кейбір елдерінде халықтар арасындағы мызғымас достықты айтпағанда,тыныштық пен  күнделікті қарапайым татулық қарым-қатынас мүлдем жоқ. Оған ондаған жылдар бойы сол елдерде орын алып отырған ұлтаралық қақтығыстар,тіпті  кейбір тұтас бір мемлекеттерді  шарпыған азамат соғыстары себеп болып отыр.

   Жә,біреудің,бөтен жұрттың қотырын қасымай-ақ қоялық.ХVIII ғасырдың екінші жартысында өзінің белсенді сыртқы және ішкі саясаты арқылы Қазақ мемлекетін біршама мықты,әрі біртұтас мемлекетке айналдырып: «Дос болғанға құшағы ашық доспын,қас қылғанға қиып түсер қылышпын»-деген Хан Абылайдың заманынан бері айтылып келе  жатқан қазақтың «Достық туралы көп сөзден-достық пейілді бір іс артық» деген  сөзі бар.Ия,ел билеген хандарымыз бас болып,қараша халықтың санасынан мықтап орын алған достық пен сан ұлттар арасындағы татулық қатынастың бүгінгі Тәуесіз Қазақ Еліндегі жағдайы әлем халықтары қызығарлықтай десек қателеспейміз.Біздің елдегі халықтар арасындағы татулық осылай ежелден бастау алып,бүгінгі мызғымас халықтар достығы мен жалпыұлттық бірлікке ұласып отыр.

   Әлемде 256 ұлт бар екен.Ресми мәліметтерде соның 130-ға жуығы біздің елде тату-тәтті өмір сүріп,тіршілік етеді.2009 жылы жүргізілген соңғы жалпыұлттық халық санағының дерегі бойынша Қазақстан Республикасында ресми 129 этнос тіркелген.Осы ұлттар мен ұлыстардың өкілдерінің терезесі тең,мүдде-мақсаттары бір және олардың еркін еңбек етуіне,кәсіппен шұғылдануына,саясатқа араласуына барлық жағдай жасалынған.Ең бастысы сол-кейбір ұлт өкілдерінің балалары орта мектепті өз ана тілдерінде оқып,өз ұлтының салт-дәстүрлерімен және мәдениетімен танысады,ұлт әдебиетіндегі жауһар туындылармен  де сусындайды.Осындай ерекше артықшылықтардың арқасында  қазіргі кезде елімізде бірқауым елге айналып жатқан диаспоралар бар. Бұл жерде Қазақстан Республикасы  жоғарғы заң шығарушы органы-Парламентте Қазақстан халқы Ассамблеясынан  9 депутаттың сайланып, еліміздегі барлық этностардың атынан өкілдік ететіні де біздегі барлық халықтардың тең дәрежелілігімен олардың тілі мен мәдениетінің және салт-дәстүрлерінің сақталатыны аңғарылып тұрған жоқ па? Көп ұлтты алып держава Ресейдің өзінде халықтар достығына бағышталған  осындай ілкімді істер жоқ,немесе бар болса өте шектеуі түрде деп айтуымызға болады.Осы Ресейде және көршілес «өзағам»елінде басқа ұлттар тілінде білім беретін орта мектептер бірінен соң,бірі жабылуда.Тіпті бір кездері ашылғанына татулықты ту еткен әлем халықтары сүйсінген Қырғызстандағы Халықтар Достығы Университеті әлемдік қаржы дағдарысына байланысы деген желеумен жабылып қалған.Десе де бұл жерде олардағы ішкі-сыртқы теріс бағыттағы күштердің ықпалы мен өз елдеріндегі саяси әһм ұлтаралық тұрақсыздықтың шеті көрініп тұрғаны жасырын емес.Ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап өз діндерін ұстанып,өз тілдерінде орта білім алып,бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халық тек Қазақстан Республикасында ғана бар.Елдің  бірлігі мен  тұтастығы жолында өз бағдарламасы мен мақсаты бар Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына дүниежүзі халықтары риза болып отыр десек артық айтпаймыз.Әрине,оның басында Елбасы Н.Назарбаев тұрғаны айтпаса да түсінікті.

    Ежелден бауырмал,қайырымды қазақ халқы тағдыр тәлкегіне ұшырап,әлемнің әр бұрышынан елімізге жер аударылған немесе күштеп депортацияланған ұлттарды жатсынбады,оларға кең құшағын жайды,паналатты,барын бөліп берді.Біздің елде мызғымас халықтар достығының алғашқы нышандары әріден басталғанын сөз басынан тілге тиек еткен болатынбыз.Сол айтқанымыздың  дәлелі мына сөзімізді ешкім де жалған дей алмас.Осындай  әріден келе жатқан үрдісті және әрбір нақыл сөзіндерінде ғана емес,әр бір батагөйлік,даналық  сөзіндерінен де  жылы леп есіп тұрғандай ата-бабаларымыздың  талай тар жол тайғақ кешуден өткен  бірлік пен татулыққа бастайтын дәстүрлерін жалғастыруды әсте ұмытпай,осыны жалғастыратын бүгінгідей өскелең ұрпағы барына  қазақ халқының марқайып,мақтануына да болады.Өйткені елдегі қалыпты этносаралық қатынастар мен мәдениетаралық диалог саласындағы мемлекеттік саясатты қолдап,өздерінің түрлі рухани-танымдық және спорттық шаралары аясында үзбей насихаттап жүрген Ресбубликалық «Нұр Отан»ХДП-ның «Жас Отан» Жастар қанатының әр деңгейдегі ұйымдары бар.  Өткеннің өнегесі-бүгіннің баға жетпес байлығы.Жеткенін бағамдап,барын бағалағандар қашанда адамгершілік,бауырмалдылық қалыптарынан айнымайды.Қазақ халқы-елімізде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдерін жатсынбай олармен бірге бүгінгідей  мамыражай күн кешіп отырғаны қай кезден,кімдерден бастау алды деген сұраудың  көкейде тұратыны да анық қой. Ендеше өткенімізге ой тастап,осы жөнінде аз-кем сөз қозғасақ.

     Рухани сала өкілдерінің арасында «халықтар достығы-әдебиет пен мәдениет достығы» деген сөз жиі айтылады.Айтса айтқандай,тату-тәтті ұлтаралық қатынастардың қайнар көзі  әуеліде  әдебиетіміз бен мәдениетіміз арқылы да бастау алған сияқты.ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ арасында өмір сүрген орыс қызы Мәриям Жагорқызы(Мария Егоровна Рыкина) мен қазақ жігіті Дудардың арасындағы сүйіспеншілік қазақ өнерінің классикалық дүниесіне айналған «Дударай» әнін тудырды.Бұл ән  сол  заманнан бері бүгінге дейін еліміздегі интернационалдық жанұялардың символына айналып отыр.Сол ХIХ ғасырда орыс мәдениетімен сусындап,көршілес екі ел халықтары арасына  тату-тәтті достықтың әуелгі алтын көпірін салғандар данышпан-дана хакім Абай Құнанбаев,қазақтың демократтық,ағартушылық мәдениетінің тұңғыш өкілдерінің бірі Шоқан Уәлиханов және ұлтымыздың аса көрнекті ағартушы педагогі Ыбырай Алтынсариндер екені даусыз.Олар сол кездері жаңашылдық  жағдайға ұмтылудың бірден-бір  жолы орыс мәдениетінің үздік үлгілерін ел ішіне,жұртшылыққа тарту деп санады.Абай атамыз қазақ даласына жер аударылып келген орыс интелегентциясының өкілі Е.Михалиспен танысып,Л.Толстой,А.Пушкин,М.Лермонтов және  А.Крыловтың шығармаларымен сусындап,олардың көбісін өз тілімізде жырлады.Ағартушы демократ- ғалым Шоқан Уәлиханов орыстың жазушы,ғалым-интелегенттері Т.Патанин,Ф.Достаевский және Я.П.Семенов-Тян-Шанскимен танысып араласты,олардың озық үлгідегі білімі мен мәдениетін қазақ сахарасына әкелді.Ал,ағартушы педагог  Ыбырай Алтынсарин де көрші елдің мәдениеті мен жауһар шығармаларын қазақ балаларын сауаттандыруда шебер пайдаланды.Бір сөзбен айтқанда қазақтың бұл қайраткер тұлғалары ежелден бауырмалдылық пен кеңпейілділік бойынан мол табылатын қазақ ұлтының перзенттері ретінде халқымызға осындай жауһар дүниелер сыйлады.Бұл құбылыс кешегі кеңестік дәуірде де жалғасын тауып,бүгінге дейін жетіп отырған еліміздегі татулық пен береке бірліктің кепілі болды.Оған дәлел, академик жазушылар Мұхтар Әуезов,Әбділда Тәжібаев және Сәбит Мұқановтар сияқты қазақ зиялылары бастап  өзбек,тәжік,қырғыз,түрікмен,орыс,украйн,белорус және авар халықтарының ақын-жазушыларымен достық қатынаста болып,Қазақстандағы көптеген аз ұлттар өкілдерінен шыққан шығармашылық өкілдерінің шын мәніндегі қамқоршылары да болды.Ал,бүгінгі күндері «Шешендер»деген көлемді дастан жазып,Шешен Республикасы  Жоғары Мемлекеттік «Ұлт мақтанышы»орденін иеленіп,Шешен Республикасының Мемлекеттік лауреаты атанған жазушы,ақын Рафаэль Ниязбековті еліміздегі және өз елдеріндегі шешен ұлтының өкілдері өз бауырымыз десе, қырғыз халқының дәстүрлі эпосы «Манас» жырын жырлаушы,Қырғызстан Композиторлар одағы мен Мәдениет министрлігінің Халықаралық сыйлығының лауреаты атанған ақын Баянғали Әлімжановті өз еліміздегі және Қырғызстандағы қырғыздар мақтан тұтады.

   Қазақтың «Достыққа достық-қарыз іс» деген сөзі де бар.Қазіргі уақытта мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуді үзбей насихаттап жүрген көптеген қазақ ақын-жазушыларымен қатар,елімізде және басқа мемлекеттерде тұратын бірнеше басқа ұлт өкілдері де бар.Олардың бір қатары  шығармашылық адамдары болса,енді бірлері саясат пен спорт жолындағылар.Қазақ тілін бір қазақтан кем білмейтін және оны жанын сала шырылдап қорғап жүрген әзірбайжан ұлтының қызы Асылы Осман апайымыз бен өмірден озғанына онша көп уақыт өте қоймаған қазақ тілінің шын жанашыры бола білген,неміс ұлтының өкілі жазушы Герольд  Бельгер ақсақалды(көзі тірісінде оны қазақ достары осылай атаған) мақтанышпен атауымызға болады.Ұлтаралық қатынастар мен қазақ халқын және мемлекеттік тіл қазақ тілін құрметтеуде алдына жан салмайтын ақын апамыз орыс қызы Н.Лушникова мен кезінде  қазақ әндерін шырқап «қазақ өнерінің  үш тотысы» атанған орыстың Татьяна есімді үш қызы- Т.Бурмистрова,Т.Полтавская және Т.Мартыненколар  күллі қазақстандықтардың мақтанышына айналған еді.Бүгінде осы апаларының ізімен қазақ өнері мен радио,телевидение саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірнеше ұлттың қыз-жігіттері жалпыұлттық бірлікті сақтау мен қазақ тілінің нағыз жанашырлары болып жүр.Ал,әлемдік байрақты бәсекелерде еліміздің көк туын биікке көтеріп жүрген гүрзі жұдырықты боксшымыз Генадий Головкиннің: «Әкем орыс,шешем кәріс,өзім қазақпын»-деген сөзі әлем елдеріне ілезде тарап,Қазақстандағы ұйыған этносаралық бірлік пен татулықты айдай әлемге паш еткендей болды.Өзінен орыс тілінде сұхбат беруін сұраған қазақ журналисіне: «Мен тек қазақ тілінде ғана сұхбат беремін»-деген Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс  депутаты,жерлесіміз,орыс жігіті Генадий Шиповскихтың осы сөзі мемлекеттік тіл қазақ тілін білмейтін қандастарымыздың бәрінің бетін дуылдатқан шығар.Өз ана тілінде екі ауыз сөздің басын қоса алмайтын барлық қандастарымызды осылай мақтаман бауыздағандай еткен  Генадий бауырымыздың «Хабар»телеарнасынан да «Тіл-татулық тірегі»-дегені де бар.Саясат сахнасында жүрген Сыр ұланының осы сөзінің өзі еліміздегі мемлекеттік тіл- қазақ тілінің мәртебесінің күннен күнге артып келе жатқанын көрсетеді емес пе?

     Қазақта: «Нуына қарай аңы,заманына қарай заңы»-деген аталы сөз бар.Өткен мың жылдықтың тоқсаныншы жылдарының ортасына таман Егемендік алдық деп бәріміз бөркімізді аспанға атып жүргенімізбен еліміздегі жағдай аса мәз емес еді.Елдегі ауыр экономикалық жағдайды айтпағанда,кеңестік кезеңде «халықтар достығының лобараториясы» атанған елімізде тұрақсыздықтың салқыны да сезіліп тұрған еді.Дәл осындай сындарлы шақта Елбасымыз Н.Назарбаев 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып,оны 1998 жылы 20 қазанда заңмен бекітті.Міне содан бері аса көп уақыт өте қоймаса да,еліміздегі жүздеген этностар арасында шынайы достық пен татулық күннен-күнге арта түспесе кеміген жоқ.Бұл әлемдегі сан түрлі ұлттар мен ұлыстардың арасындағы қақтығыстар мен жанжалдардың,неше түрлі жан түршігерлік оқиғалардың орын алып жатқан уақытында біздің Отанымыз- Қазақстан Республикасының Конститутциясында көрсетілгендей зайырлы мемлекеттің азаматы ретінде  еліміздегі барлық этностардың татулығының арқасында жеткен жетістігіміз деп айтуға болады.

    Күллі қазақстандықтар қолдап,бүгінде татулықты ту еткен еліміздегі барлық этнос өкілдерін бір шаңырақтың астына топтастырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы біздің Сыр бойында да жақсы жолға қойылған.Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім»КММ-сі мен Ассамблеяның Қызылорда облысындағы Хатшылығының құрамындағы этномәдени бірлестіктер  1 наурыз қазақ халқына алғыс айту күнінде және Наурыз мерекесінде,1 мамыр-Қазақстан халқының бірлігі мерекесі мен тілдер мерекесінде және жыл сайынғы Құрбан айт пен бірнеше ұлттық және діни мерекелерде қазақ халқының және облыс аумағында тұратын  этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін насихаттауға бағытталған ауқымды шаралар ұйымдастырып отырады.Атап өткеніміздей бұндай  рухани- танымдық және мәдени шаралар-атаулы күндері ғана емес,спорт пен мәдениет және шығармашылық жолындағы Сырдан ұшқан сұңқар тектес әр ұлт өкілдерінің жеткен жетістіктері мен қазақтың көк туын желбірете көкке көтерген жеңістерін халыққа таныстырып,көрсету және оларды дәріптеп марапаттау мақсатындағы шаралар да жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады десек артық айтқанымыз емес.Сыр жұрты ғана емес, Қазақ Елінің мақтаныштары  зілтеміршілер, үш мәрте әлем чемпионы Илья Ильин мен олимпиаданың қола жүлдегері Александр Зайчиков және әйелдер боксынан қазақстандық тұңғыш олимпиаданың қола жүлдегері Мария Вольнова мен қазақ күресінен «Қазақстан барысы»жүлдесін жеңіп алған Еламан Ерғалиевтердің  жеңістері Ассамбелея Хатшылығы,облыс әкімдігі мен барлық аудан әкімдіктері және «Нұр Отан» ХДП филиалдары мен партияның «Жас Отан»Жастар қанаты ұйымдары тарапынан  түрлі шаралар аясында үлкен ұйымшылдықпен дәріптелді .Бұл шаралар Сыр өңіріндегі мызғымас халықтар достығы мен интернационалдық отбасылардың тату-тәтті бақытты өмірін көрсеткендей де болды.Өйткені жерлестеріміз боксшы Мария Вольнова қазақтың келіні болса,зілтемірші Александр Зайчиков қазақтың күйеу баласы.Ал,рухани сала бойынша  бірнеше ұлт өкілдерінен шыққан шығармашылық адамдары мен жекелеген еңбек ардагерлерінің өңірімізде халықтар достығы мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған мерейтойлары мен шығармашылық кештерін облыс орталығындағы «Достық үйінде» өткізу дәстүрге айнала бастады.Атап айтар болсақ ондаған ұлт өкілдері қатысқан бұндай кештің бірі- халықтар достығы тақырыбында тынбай жазып жүрген жалағаштық қарт қаламгер,Халықаралық Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шыңғыс Айбосыновтың 80 жасқа толуына байланысты «Айбосынов әлемі» деген атпен өтті.Сондай-ақ осындай кештің бірі Қармақшы ауданында түрік ұлтының өкілі,еңбек ардагері Тельман Диямуршаев ақсалға да арналыпты.

     Ал,өзім туып өскен Жалағаш ауданындағы жалпыұлттық бірлік пен этносаралық қатынастар жөнінде айтсам-біздің аудан халқы арасында да бірегей татулық пен бірнеше ұлттар арасында шынайы достық орнаған.Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім»КММ-нің этносаралық қатынастар жөніндегі Жалағаш ауданы бойынша сарапшысы Мәлік Гүләйім Ерікқызының айтуынша аудан көлемінде тұратын ондаған ұлттар арасында ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани саласының дамуына бір кісідей атсалысып жүрген ұлт өкілдері аз емес көрінеді.Бұл бағытта қазақ халқымен бір емес,екі мәрте құдандалы болып отырған шешен ұлттының қызы,ұлағатты ұстаз көп ұлтты Бұхарбай батыр ауылында тұратын Эльза Шарипова мен осы ауылдағы шешен ұлтының арасынан Салман,Хамзат Мәжиевтердің отбасындағы берекелі тірліктері мақтан етуге әбден тұрарлық екен.Сондай-ақ Жалағаш кентіндегі орыс ұлтының өкілдері Сетраковтар,шешен ұлтынан Серейтхановтар мен Хамиевтер отбасын,кәріс ұлтынан Ан Александр,Цой Вероника,Ким Светлана және қазақпен бірнеше рет құдандалы болып отырған Пак Лилияның отбасы мүшелері қазақ тілінде еркін сөйлеп,жазып қана қоймай,бауырмал қазақ халқының барлық   жақсы қасиеті мен салт-дәстүрлерін өз ұлттарының  әдеп-ғұрыптарымен байланыстыра отырып  ұрпақ тәрбиелеу арқылы  жалпыұлттық бірлікті нығайтуға үлкен үлес қосып жүр екен.Аудандағы жалпы тұрақтылық пен халықтар достығының жарқын көріністерін Републикалық,облыстық және аудандық деңгейлердегі басылымдарға тынбай жазып,көрсетіп жүрген Халықаралық Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,көп ұлтты Бұхарбай батыр ауылының тумасы,еңбек және тыл ардагері,патриот қаламгер Рысбай Кәрімов және аудандық «Жалағаш жаршысы»газетінде ұзақ жылдар қызмет еткен ардагер журналист,ақын Серік Бертаев сынды ағаларымыздың  есімдерін аудандағы ондаған ұлттардың өкілдері құрметпен атайды.

    Міне мен  бүгін туған Отанымыз-Қазақстандағы және Елбасымыз «Алаштың анасы»атаған Сыр бойы мен өзім туып-өскен Жалағаш жеріндегі жалпыұлттық бірлік пен этносаралық қатынастардың жетістіктерін,осы жетістіктердің жемісімен мамыражай күн кешіп жатқан сан ұлттардың бақытты өмірлерін қал-палсыз көңіліммен айтып өттім.Ендігі сөзімді Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» деген атпен жариялаған бағдарламалық мақаласындағы: «Туған жерге,оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу-шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.  ...Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып,жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.Олар ұлттың болашағын,келер ұрпағын,бізді қорғады.Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей,ұрпағына мирас етті»-деген аталы сөзіне жүгініп айтар болсам: «Туған еліміздің мәдениеті мен мемлекеттік тіл-қақақ тіліне деген сүйіспеншілік және Атамекендегі тыныштық  пен татулыққа ешқашан селкеу түспейді және осы ұлан-ғайыр жерімізге ешкім де сұқ көзін сала алмайды.Өйткені біздің Отанымыз- Қазақстанда Мәңгілік Ел болуға ұмтылған  жүздеген  ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп  жатыр.Сол этнос өкілдері де елімізді сұқ көздерден қоғауға қашанда дайын тұрады.Өйткені олардың да туған жері,өскен,өнген ортасы киелі қазақ топырағы емес пе?»-демекпін.


 Болатбек НҰРЖАНОВ,

Әлем халықтары Жазушылары одағының мүшесі.

Жалағаш ауданы.       

  

 

ҚОҒАМ 25 тамыз 2017 г. 1 163 0