ЖУРНАЛИСТЕР ӘСКЕРИ МАШЫҚҚА БОЙЛАДЫ

Ел тұтастығын көздің қарашығындай сақтаған жігерлі жауынгерлердің еңбегі ерен. Ал сол сап түзеген сарбаздардың әлеуетін бұқараға бұқпасыз жеткізу – мына біздің міндет. Осыны негізге алған бір топ журналист «Оңтүстік өңірлік қолбасшылығына» қарасты арнайы мақсаттағы барлау полкінде болып, далалық оқу-жаттығу жиынына қатысты.
Тірлігіміздің тамыры түйіндес болған соң, ә дегеннен әскери өмірге бөтен кейіп танытпадық. Мұндай мүмкіндік күнде беріле бермейді. Сондықтан бір сәт қаламды қаруға алмастырып, нысана көздеп, қару асындық.
Білек күші мен жүрек күші сай келген сарбаздарға әсте сырт беруге болмайды, бұл қызметтен. Жігерлі жауынгерлер мұны жақсы түсінеді. Сондықтан олар үздіксіз жаттығу жұмыстарын жүргізуді алдарына мақсат еткен.
Атыс алаңы құдды жігеріңді шыңдайтын шеберхана ма дерсің. Тарс-тұрс атылған оқтан бөлек, көз алдыңдағы түрлі қару-жарақ тіптен сұсты көрінеді. Жаттығу жиынында арнайы мақсаттағы барлау полкінің түрлі қару-жарақтары таныстырылды. Бұл соңғы үлгідегі нысана жойғыштар кез келген жағдайда әрекет етуге негізделген. Сондай-ақ мұнда жауынгерлерге арналған биологиялық-радиациялық қаруға қарсы құралдар да бар. Жалпы біздің әскерилер түрлі бағыттағы тосын әрекетке сақадай сай.
Қызылорда гарнизонының бастығы Ербол Әбдірайым арнайы жасақтағы әскери қарудың түр-түрімен тілшілерді таныстырған соң әрқайсысын тәжірибелік тұрғыда сынап көруге мүмкіндік берді. Мұнда «АКА-74» Калашников автоматы мен «Снайперлік винтовкалардың» түр-түрі бар. Қаламын қару еткен тілшілер бұл жолы қаруды нысанаға дөп тигізуге тырысты.
Осылай жаттығу алаңының тыныс-тіршілігін көзбен көріп, көңілге түйгеннің әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір қуанышты жайт, жуырда ғана Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметіне алғаш рет арнайы маман тағайындалды. Ол майор Дина Мухаринова. Енді ақпарат майданының майталмандары әскери өмірдің қыр-сырын үздіксіз насихаттауға мүмкіндік алады.
– Негізі журналистер қауымы байқаған болар, осындай баспасөз турларында біздің басымыз жиі қосылады. Ол, әрине, көңіл қуантады. Біз жауынгерлеріміздің өмірін халық білсе екен дейміз. Оны халық сіздер арқылы көре алады. Енді тілшілермен осындай жиындарды жиі өткізетін боламыз, – дейді Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы Д.Мухаринова.
Осындай байырқалы бастаманың куәсі болған тілшілер қауымы ерекше әсер алды. Иә, біз бүгін әскери өмірге терең дендеп, жігерлі жауынгерлермен байланыс орнаттық. Онан соң түрлі қару-жарақты меңгеріп, нысана көздеп, өзара жарыстық. Ал осы сайыста бірнеше мерген тілшілеріміз Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
ҚОҒАМ 23 тамыз 2017 г. 657 0