Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасының бастамасымен қолға алынған «Құқықтық патруль» атты акция жоспарланған кестеге сәйкес облысымызда орналасқан әскери бөлімдерде өткізіліп, өз деңгейінде тәмамдалды. Шараға Қызылорда гарнизонының әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелері белсенді түрде қатысты.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігіне қарасты 66597 әскери бөлімінде аталған акция ауқымды түрде ұйымдастырылды.
66597 әскери бөлімінің заң қызмет бастығы, аға офицері капитан А. Бейсембек: "Екі жыл бұрын жаңадан құрылған әскери бөлімде офицерлер мен келісімшарт негізінде әскери қызметшілер қызмет атқарады. Акция аясында әскери заңгерлерден құрылған топ мүшелеріне қойылған сұрақтардың басым көпшілігі: тұрғын-үй жалдау өтемақысы, мектепке дейінгі балаларын бала-бақшамен қамту жөнінде және қосымша еңбек демалысына қатысты болды".
Осы бағытта, 66597 әскери бөлімінің әскери қызметшілері өздерін мазалап жүрген сауалдарына мардымды жауаптарын алды. Сонымен қатар, акция әскери бөлімдердегі заңгерлер үшін ете араласуымызға, өзара тәжірбие алмасуымызға да септігін тигізді.
Қызылорда гарнизонының әскери прокуратурасының аға прокуроры әділет майоры А.М.Айтубаев: "Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік құқықтарын қорғау әскери прокуратура органдарының міндеттері болып табылады. Жыл сайын әр түрлі бағытта әскери қызметшілер арасында ұйымдастырылатын акциялар жақсы нәтижесін тауып жатады. Біз әрқашанда әскери қызметшілерге заңдық тұрғыдан түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бағыт-бағдар беруге дайын екенімізді айтқымыз келеді" - деді.
Қортындылай келе, «Құқықтық патруль» атты акциясы әскери қызметшілер үшін оң нәтижесін берді.
А.Шағырбаева.
Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз хатшысы.