Сырдария ауданы Ақжарма ауылында 2013 жылы құрылған ауылдастар алқасы жұмыспен қамту, мәдени-спорттық шараларын ұйымдастыру бойынша белсенді рөл атқарып келеді. Тіпті кейде жергілікті бұзақыларды жөнге салумен де айналысады.
3 мыңға жуық түтін қоныстанған Ақжарма ауылындағы Қоғамдық кеңес өткен жылы елді мекеннің кем-кетігін түгендеп, жоқ-жітікке қарайласу бойынша 10 отырыс өткізсе, биыл 5 мәселені қарады. Оның ішінде ең сүбелісі – ескірген поштаның жағдайы. Мыңға тарта зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар жылуы жоқ, едені тозып, құлаудың алдында тұрған поштаның қызметін пайдаланатын. Қоғамдық кеңестің ұсынысымен ауылдағы шаруа қожалығы жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Қайрат Нұрсейітов, «Ақжарма и К» шаруа қожалығының төрағасы: – 1 ай көлемінде осы ғимаратты жөндеп, 4 жарым млн теңге қаржымен жылуын жүргізіп, басқа да жұмыстарын жасап берген жағдайымыз бар. Мешіт ғимаратын толық қоршау, тазалау және жанына қосымша ғимараттар салу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Жаңғыртылған пошта ғимаратынан ауылдық учаскелік полиция инспекторына да жұмыс бөлмесі бөлінді. Сондай-ақ байланыс мамандары да осында орналасты. Бұл да Қоғамдық кеңестің шешімімен жүзеге асты.
Құрман Ысқақов, Ақжарма ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы: – Қоғамдық кеңесте бұдан да басқа көптеген жұмыстар істеліп жатыр. Мәселенің барлығы қағазға түсіп, қатталып, нәтижесі халыққа жарияланып отырады. 11 мүшесі бар Қоғамдық кеңестің араласуымен ауыл жастарының барлығы елді мекендегі ірі 3 шаруашылыққа жұмысқа орналастырылған.
www.24.kz