МИГРАНТ ӘЙЕЛДЕР МӘСЕЛЕСІ

Адам құқығын қорғауға елімізде саяси әлеуметтік тұрғыдан ерекше мән берілген. Бұл бағытта халықаралық Конвенция аясындағы келісім шарттар мен қабылданған  шешімдер баянды жүзеге асырылып келеді. ОІІД көші-қон полициясының мәліметі бойынша жыл басынан бері облысқа 23719 шет ел азаматы келген болса, оның 10 413-і еңбек мигранты. Олардың басым бөлігін Өзбекстан азаматтары құрайды.
Қазіргі таңда қоғамда мигранттардың, оның ішінде босқын әйелдердің өмірі мен еңбек қарым-қатынасындағы құқығын қорғау мәселесінде назар аударатын жайт жеткілікті. Осы мақсатта үстіміздегі жылдың 17 тамызы күні облыс әкімдігінде ҚР Президент жанындағы Адам құқықтары жөнін¬дегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевтің қатысуымен «Мигрант әйелдерге еңбек құқығы жөнінде ақпарат алуға жәрдемдесу» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны өтті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов жүргізді. Ал комиссия хатшысы Тастемір Әбішев:
– Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, 1994 жылдың 12 сәуірінде ҚР Президентінің Жарлығымен құрылған арнайы комиссия мигранттар мәселесін шешу бағытында халықаралық ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп, тұрақты жұмыс жасап келеді. Бүгінде комиссия құрамында 31 адам бар. Комиссияның негізгі міндеті – түрлі жағдаймен елімізді паналауға келген адамдарға ҚР Конституциясын басшылыққа ала отырып, 1951 жылы қабылданған халықаралық Конвенцияның талаптарына сай көмек көрсету.  Бұл орайда босқындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, құжаттарын әзірлеуге жәрдемдесу кезінде барлық мемлекеттік орган мен үкіметтік емес ұйымдарды әріптестік аясында бірлесе жұмыс атқаруға шақырамыз, – деді.
Өз кезегінде Руслан Рүстемұлы: – Бүгінгі таңда босқындар мәселесі өршіп тұр. Әсіресе, Таяу Шығыс елдерінде, Африка мемлекеттерінде өте өзекті екені белгілі болып отыр. Айталық, бір ғана Кениядағы босқындар лагерінде бүгінгі таңда 300 мыңнан  астам босқын тұрып жатыр. Әрине, алаңдатарлық жағдай.
Өздеріңізге белгілі, 1951 жылы адам құқықтары жөнінде халықаралық Конвенция қабылданған болса, 1967 жылы осы Конвенцияның Хаттамасы қолданысқа енгізілді. Біздің еліміз де кеңестер одағы кезінен осы халықаралық  талаптарды басшылыққа ала отырып, жұмыс жасап келеді. БҰҰ тарапынан адам бостандығын құрметтеу бағытында қабылданған қарарлар мен шешімдерді жүзеге асыру барысында бүгінде елімізде 15-тен аса ұйым жұмыс жасайды. Ал, 2010 жылы «Босқындар туралы» заң күшіне енді. Бүгінгі таңда босқындарға қатысты мәселе осы заң аясында реттелуде, яғни елімізге пана іздеп келген әрбір адам осы заң шеңберінде мемлекеттік қорғауға қол жеткізе алады. Сондай-ақ, қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе еңбек құқығы тапталып, босқынға ұшыраған әйелдердің құқығын қорғау – әлемдік деңгейде қозғалып отырған өзекті мәселенің бірі. Біз өз тарапымыздан осыған үн қосуымыз қажет. Бұл орайда халықаралық ұйымдарда жұмыс жасауда еліміздің өзіндік қалыптасқан тәжірибесі бар, –  деді.
Дөңгелек үстел басындағы талқыланған тақырып төңіре¬гінде «Шағын кәсіпкерлер әйелдер қоғамының» жетекшісі С.Сыздықова, Қазақстан дағдарыс орталықтары Одағының төрағасы З.Байсақова, Алматы қаласы әкімі аппаратының отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Н.Тоғызбаева және Қызылорда ОІІД-нің көші-қон полициясының басшысы С.Омаров баяндама жасады. Ой-пікірлер айтылып, ұсыныстар  жолданды. Алдағы атқарылар жұмыстардың жайы айқындалды.
Ғазиза ӘБІЛДА.
ҚОҒАМ 19 тамыз 2017 г. 539 0