ШЫҒАРМАШЫЛ ҰЖЫМ ШЫРАЙЫ

   Шәкірттерін ұзақ жылдардан бері сапалы білім, саналы тәрбиемен сусындатқан біз еңбек ететін білім ордасының негізі сонау қырқыншы жылдардың аяқ шенінде қаланған. Әдепкіде М.Горкий кейін  А.Жданов атын иеленген білім ошағы уақыт өте №25 қазақ орта мектебі деп аталды. Осы іргелі мектепті алғаш рет 1948-1949 оқу жылында 18 түлек бітірсе, қазіргі таңда  30 бен 50-дің аралығында түлектер орта білім алып, өмірге қадам басып жатады. Мектеп түлектері арасында Сейіл Боранбаев, Ақанжан Келімбетов, Әнес Нарымбетов, Мешітбай Құттықов, Жетіскен Мәкеналиев, Нұрперзент Домбаев сынды ақын-жазушылар, академик-дәрігер Бегалы Айтмамбетов, профессор Тоқболат Еңсегенов, филология ғылымының кандитаты Алданияз Ерғалауов, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Айнұр Қошқарбаева, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, доцент Шапай Жақсыбаев, магистрант (АГУ) Толқын Мәлікова тәрізді мақтан тұтар жандар баршылық. Осы уақытқа дейін мектеп бітірушілер ішінде көптеген  «Алтын медаль», «Күміс медаль», «Алтын белгі», «Үздік аттестат»  иегерлері болуы мұғалімдер мен барша ұжымның еңбегі екені анық.
Мектебіміз ҰБТ қорытын¬дысында аудан көлемінде жоғары деңгейден көрініп жүр. Биылғы оқу жылында ҚР Білім және ғылым министрлігі ҰБТ-ның жаңа форматын бекітті. Жаңа нысанның ерекшелігі түлектер мектеп бітіргендігі туралы аттестатпен «Алтын белгі» алу үшін өз мектептерінде емтихан тапсырады.  Мектеп бітірушілерден Бөкебай Дина мен Әбдіқани Ғазиза «Алтын белгі» иеленді. Бітіруші 17 оқушының 13-і ҰБТ-ға қатысып, орташа ұпай – 97,6 болды. Сондай-ақ, конкурсқа қатысқан 12 оқушы да жоғары нәтижемен білім грантын жеңіп алды. Қалған оқушылар өз қалауларымен арнаулы оқу орындарына орналасты. Оқушыларды ҰБТ-ға дайындауда мектеп мұғалімдерінің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсынан өту де тұрақты назарға алынған. Білім саласын дамытудағы нәтижелі табыстары үшін мектебіміз өткен оқу жылында «Кәсіби шығармашыл ұжым», «Үздік білім ордасы» сертификатын иемденді.
Алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жалғасын табады деп сенім білдіремін.

Ғабит САҒИДУЛЛАЕВ,
№ 25 мектеп директоры.
Қазалы ауданы,
Қожабақы ауылы.
ҚОҒАМ 19 тамыз 2017 г. 966 0