ҚАРАТЕРЕҢДЕ ҚУАНЫШ КӨП

Заман талабы жаңарған сайын жаңаша өмір сүруге бейімделу шарт.  Біз қоныстанған Қаратерең ауылы – аудан орталығынан ең шалғайда орналасқан елді мекен. Соған қарамастан көптеген әлеуметтік мәселелер шешімін тапқан. Жуырда ауылымызда тағы бір қуанышты оқиға орын алды. Ол ұялы байланыстың іске қосылуы болатын. Бұл мәселе көптен түйіні тарқатылмай жүрген түйткіл еді. Тіршілігі көбіне теңізбен байланысты болғандықтан, азаматтары сыртта жүретін ауыл тұрғындарына ұялы байланыстың қаншалықты маңызы зор екені  түсінікті жайт. Сондықтан қаратерең халқы ұялы байланыспен қамтылғанына шексіз қуанышты.
Осылайша Қаратереңге 40 шақырым аумақты қамтитын қондырғы орнатылып, ұялы байланысқа қол жеткізілді. Қазіргі таңда Қаратерең, Бөген, Қарашалаң, Жаңақұрылыс тұрғындарының шаттығында шек жоқ. Игілікті қадам қаншама жолаушылар мен жүргіншілердің, жалпы халықтың мұң-мұхтажын өтеп отырғаны анық. Енді  шалғай ауылдың тұрғындары да еліміздің түкпір-түкпірімен ұялы байланыс арқылы  кедергісіз тілдесе алады.
«Жақсының жақсылығын айт». Мен жасы үлкен ақсақалды ата, ардагер ретінде көптен шешімі табылмай келе жатқан осы мәселені өзінің тікелей назарына алып, қажетті қаражатын қарастырып, сала басшыларына нақты тапсырма беріп, орындалуын қадағалаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа, аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа ауыл тұрғындарының атынан алғысымды жеткізуімді жөн санадым. Еңбектеріңіз жемісті болсын демекпін.

Қасым ҚҰЛМЫРЗАЕВ,
Қаратерең ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Арал ауданы.
ҚОҒАМ 19 тамыз 2017 г. 953 0