ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ЖАЛТАРУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментімен  бірлесіп сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бірнеше іс-шара өткізді. «Салық саласында сыбайлас жемқорлық мақсатында жауапкершіліктен жалтарудың өзекті мәселелері» тақырыбында, «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу іс-шарасы ретіндегі «дөңгелек үстел» отырысы салық міндеттілігін орындау барысында жауапкершіліктен жалтарудың негізгі факторлары және себептеріне арналды.
Департамент басшысының орынбасары міндетін атқарушы Әділбек Бекішев кездесуде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен таралуын төмендету үшін бюджет қаржысының уақытылы түсуіне бақылау жүргізетін салық құрылымдарында сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің туындауы, онымен күресу және жол бермеу мүмкіндіктерін талқылады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің өкілі Бағдат Изкенов хабарлама жасап, лауазымды тұлғалардың өз құзыреті шеңберінен шықпауды, заңды бұзбауын, әділдік пен адалдықты ұстануды жемқорлықтың өріс алмау себептеріне тоқталды. Сондықтан өз қызметінің қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін, қарамағындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасамауына жағдай туғызуы үшін мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру мәселесі жиі көтерілетін сұрақ екенін айтты.  Қызмет бабында өз міндеттерін адал да мінсіз орындаған қызметшілерді көтермелеу, сыйақы беру, мансаптық жолда лауазымын көтеру жолдарының маңыздылығына тоқталды. Осындай жағдайда ғана лауазымды тұлғалар өз құзыреті шеңберінен шықпауға, заңды бұзбауға, әділ әрі адал болуға тырысады.
Сондай-ақ, баяндамашы «Салық» кодексінің кейбір баптарына сілтеме жасай отырып, салық төлеушілерге түсінікті әрі оңтайлы болуы керек тұстарына талдау жасады. Салық төлеушілерге айыппұл салу немесе ескерту беру, жер, мүлік, көлік салықтарын салудағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жайы, салықтар мен міндетті төлемдерді әкімшілендіру барысында, қызмет көрсетудің электронды нұсқада болуын жетілдіре түсу жайларына тоқталды.
Қаралып отырған тақырып аясындағы ой-пікір алмасулар мен талқылауға, басқарма, бөлім басшылары қатысып, тақырып төңірегінде өздерінің ой-пікірлерін білдірді.
Келесі кездесу «Кедендік төлемдерден жалтаруға қарсы іс-қимыл бойынша негізгі тәсілдер» тақырыбына арналды және кеден саласы қызметкерлерімен өтті. Департамент басшысының орынбасары Алмас Әбжаппаров модераторлық еткен бұл кездесуде Пост кедендік бақылау бөлімінің басшысы кедендік төлемдерді төлеуден жалтару, төлем көлемін төмендетуге тырысу бұзушылықтарының аясын түсіндіріп хабарлама жасады. Кедендік төлемдер мен салықтар бойынша негізгі көрсеткіштермен қатар, олардан жалтару және төленуге тиіс соманы төмендетіп көрсетуге тырысу фактілерінің туындау көздері мен жағдайлары туралы түсіндірді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің өкілі Бағдат Изкенов бірқатар заңнамалық талаптарға талдау жасап, сыртқы экономикалық қызметпен шұғылданушы тұлғалардың бұлтарыс іздеу әрекеттеріне мемлекеттік қызметкерлердің қарсы тұратын бір ғана қаруы – ол сауаттылық, табандылық және адалдық екенін алға тартты.
Модератор қатысушыларды белсенділікке шақыра отырып, Сыр өңірінің сыртқы сауда айналымына, оның негізін құрайтын тауарлар мен оларға қолданылатын кеден амалдарына нақты тоқталды. Кеден ісі саласында сыбайлас жемқорлық әрекеттері туындауы мүмкін тәуекел тұстар мен оған қарсы бірігіп күресу тетіктеріне мән берді.
Қатысушылар салық төлеушілер немесе сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тарапынан жауапкершіліктен жалтару жағдайлары әртүрлі болғанымен, лауазымды тұлғаның біліктілігі мен ашық, адал жұмыс жасауы арқылы ғана оларды жеңуге болатынында пікірлес болды. Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін ғана емес, материалдық әрі әлеуметтік жағдайын көтерудің аса маңызды екенін және оның уақыты туғанын алға тартты. Қызмет көрсету мәдениеті және мемлекеттік қызметшінің әдеп қағидалары да талқылаудан тыс қалмады.

А.АБУТАЛИПОВ,
облыс бойынша МКД
адам ресурстары басқармасының басшысы.
ҚОҒАМ 19 тамыз 2017 г. 507 0