Еңбек демалысына немесе материалдық көмек алуға өтініш жазуды, өз жетістіктері мен марапаттарын тіркеуді мемлекеттік қызметшілер тек қағаз түрінде ғана емес, сонымен қатар электрондық форматта да жасай алады. Оны жүзеге асыруға оларға Қазақстанда белсенді енгізіліп жатқан «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі көмектеседі.
Елбасы жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап беретін, сондай-ақ, ұлттың дамыған отыз елдің қатарына кіру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жариялады. Осы жоспарда мемлекеттік қызмет саласында да қолға алынуы тиіс жаңашылдықтары, яғни кәсіби мемлекеттік аппарат құру туралы айтылды.
Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің бағыттарының бірі мемлекеттік қызмет персоналын басқару процесін жетілдіру және ол мемлекеттік органдарда кадрлық қызмет іс-әрекетінде «электрондық үкімет» жүйесінің мүмкіндіктерін кеңінен қолдануды көздейді.
Қазақстанда 2011 жылы мемлекеттік қызмет персоналын басқарудың біртұтас жүйесіне және оны автоматтандыруға көшу мақсатында «Е-қызмет» тұжырымдамасы қабылданды. Жүйені әзірлеу 2013 жылы OR3 технологиясын қолдана отырып басталды және бұл оған 100 пайыз қазақстандық қамтуды қамтамасыз етті. Жүйе архитектурасы пайдаланушылардың орталық сервермен жұмысын бірыңғай ережелер бойынша қарастырады. Жүйені жүзеге асыру негізіне ашықтық қағидасы қойылған. Кез келген мемлекеттік қызметшіге жүйе ресурстары лауазымының рөлдік өкілеттігіне байланысты қолжетімді.
Қызылорда облысындағы мемлекеттік орган¬дарында «Е-қызмет» жүйесі 2015 жылы енгізілді. Бұл жүйе онлайн режимінде мемлекеттік қызметшілерге қатысты кадрлық ақпараттарды алуға, кадр қызметтерінің жұмысын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде «Е-қызмет» жүйесін пайдалану мемлекеттік органдар кадр қызметтерінің жұмыс өнімділігін арттыруға және ақпаратты алу мен жаңарту кезіндегі уақыт және еңбек шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Жүйе мемлекеттік қызметкерлерге қатысты толық кадрлық ақпаратты қамтиды: мемлекеттік қызметкерлердің дербес деректері, ұйым¬дас-тырушылық мәліметтер (кадрлық есеп), кәсіби және жеке құзыреттілігі туралы мәліметтер, білімі, біліктілігі, еңбек өтілі, кәсіби тәжірибесі, бағалау және аттестациялау нәтижелері, ротацияның жедел мониторингі, оқыту жөнінде есепке алу, курстардың мерзімі мен тақырыптары, ынталандыру туралы және әкімшілік пен тәртіптік жазалар туралы мәліметтер, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы құқық қорғау органдарының деректері.
Қазіргі уақытта «Е-қызмет» барлық жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде жұмыс істейді.
Жүйе енгізілгеннен кейін, біздің департаментпен «Е-қызмет» жүйесінің жұмысы бойынша орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері, облыстық және аудандық деңгейдегі жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың персоналын басқару қызметкерлеріне оқыту ұйымдастырылды, ол презентациялар көмегімен кіші жүйелердің жұмыс істеуін көрсету және әдістемелік материалдарды тарату арқылы жүзеге асырылды.
Сондай-ақ, жүйеде жұмыс жасауды одан әрі пәрмендету мақсатында 2017 жылдың 24-29 шілде аралығында Мемлекеттік қызмет персоналын басқарудың ұлттық орталығы» АҚ-ның қызметкерлері арнайы келіп, облысымыздағы кадр мамандары үшін «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі бойынша оқу курсын ұйымдастырды. Біліктілікті арттыруға арналған 6 күндік семинарға облысымыз бойынша 84 қызметкер қатысып, жүйемен жұмыс істеуде білімдерін толықтырды.
«Е-қызмет» мемлекеттік органдардың кадрлық саясатында меритократия қағидасын табысты енгізудің маңызды факторы болады деп сенеміз.
Мөлдір ҚАЗБЕКОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы.