ШИЖАҒАДАҒЫ ШАТТЫҚ

«Су – тіршілік нәрі» деп жатамыз. Шындығы солай. Кез келген тіршілік иесінің  сусыз ғұмыр сүре алмасы баршаға белгілі. Ал жұмыр әлемдегі бірқатар мемлекеттердің судан айтарлықтай тапшылық көріп отырғаны жалған емес. Қазекеңнің «судың да сұрауы барын» ұрпақ санасына терең сіңіруі де сондықтан шығар. Арал өңірі тұрғындарының  сапалы ауыз судың игілігін көріп отырғанынан оқырмандарымыз жақсы хабардар. Бүгінгі көпшілікпен бөлісер жағымды жаңалығымыз сол игілікті істің жалғасы іспетті.
Шижаға елді мекенінің сумен қамту жүйелерін қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстары бойынша ауылда ауыз су жүйесі құрылысы жұмыстары басталды. Осынау қуанышты  істің алғашқы жұмыстарына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, жұртшылықтың көптен күткен қуаныштарына ортақтасты.  Өз кезегінде дала перзенттері де мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтарға ризашылығын білдірді. Бас мердігері  МПК «ТҰРАН» ЖШС болып саналатын аталған жұмыспен Шижаға елді мекені бойынша 43,5 шақырым магистральді желі жүргізіледі. Сүйсінерлігі, құрылыс жұмыстарына түгелге жуық жергілікті тұрғындар тартылған. Толық аяқталғанда ауыл халқы таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Айта кетерлігі, аудан көлеміндегі Бөген, Аманөткел, Қамыстыбас, Аралқұм және Күнту елді мекендерінде де ауыз су жүйесі құрылысы жыл соңына дейін жүргізіліп,  тұрғындар таза ауыз сумен қамтамасыз етілмекші.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
ҚОҒАМ 18 тамыз 2017 г. 834 0