Ағымдағы жылдың 11-13 тамыз аралығында қала көлемінде құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, криминогендік ахуалды тұрақтандыруға бағытталған «Құқық тәртібі» профилактикалық пысықтау шаралары жүргізілді. Аталған шараға Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік, учаскелік, ювеналды полиция инспекторлары, жедел қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері және басқа қызмет салаларынан 72 қызметкер жұмылдырылды.
Шара барысында Қызылорда қаласы Шанхай ықшам ауданы аумағында тіркелген атыс қаруының иелерін мекен-жайы бойынша тексеру, бұрын сотты болғандар мен алкоголь өнімдерін шамадан тыс қолданатындарды тексеру, қолайсыз отбасыларды анықтау, түннің екінші жартысында алкоголь өнімдерін көптеп сататын дүкендерді анықтау, металл қабылдайтын орындарды тексеру, тонау, бұзақылық қылмыстарының алдын алу мақсатында біршама шаралар жүргізілді.
Сонымен қатар, шара шеңберінде ішкі істер органдарында профилактикалық тіркеуде тұрған адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексеру, құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, жол қозғалысы талаптарын бұзған көлік иелерін анықтау бағытында жұмыстар жүргізілді.
Нәтижесінде шараның 3 күнінде барлығы 286 құқық бұзушылық анықталды. Оның 57-сі – шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзу бойынша, 26-сы – қалалар мен елдімекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша, 18-і – белгіленбеген орындарда сауда жасау бойынша, 43-і – алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу дерегі бойынша болса, 98-і – жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері болып табылады.
Шара барысында Шанхай аумағында тұратын атыс қаруы бар 346 тұлға мекенжайы бойынша тексеріліп, атыс қаруының заң талаптарына сай сақталуы қадағаланды.
Сонымен қатар, аталған аумақтағы 171 үй араланып, «қолайсыз отбасы» санатында тұратын 15 отбасының жасөспірімдеріне қылмысқа жол бермеу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Есепті мерзімде 11 қылмыс тіркеліп, оның 7-і ашылды.
Мәселен, 13 тамызға қараған түні қала тұрғыны үй ауласында тұрған «Opel Vectra» маркалы автокөлігінің есігін белгісіз біреулер кілтті іріктеу арқылы ашып, белгісіз бағытқа айдап кеткендігі жайлы арызданған. Іздестіру жұмыстары барысында Қызылорда қаласының 19 және 20 жастағы 2 тұрғыны ұсталып, ішкі істер бөліміне жеткізілді. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі