Ел мәртебесі мақтаныш

«Мәдениетсіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлт ұғымында тәуір тәмсіл бар. Мұның өзі осынау саланың адам санасына, қоғам өміріне тигізер пайдасы жоғары екенін аңғартса керек. Астана қаласындағы «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өтіп жатқан Қызылорда облысының мәдениет күндері осынау даналық сөздің өміршеңдігін тағы да дәлелдей түсті.
Әсілі, «Сырдың елі – жырдың елі» деп текке айтылмаған. Бұлай деуімнің өзіндік себебі де жеткілікті. Астаналық талғампаз көрермендер «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблінің, «Сырдария – Жырдария» атты өнер шеберлерінің гала-концертін, «Томирис» би ансамблінің, өзге де бағдарламаларды аса жылы қабылдады. Ал, жыршы-термешілердің шалқар шабытпен орындаған әрбір термесіне жұрт¬шылық қызу қошемет білдіргенде біздің де кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Өнер атты ұлы ұғымның қаншалықты қадірлі екенін онан әрі терең түйсінгендей күй кештік.
Оған қоса мәдениет күндерінде өткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі Астана тұрғындарына  Сыр өңірінің дархан пейілін, ыстық ықыласын, алғаусыз ниетін жеткізгендей әсерге бөлендік. Жәрмеңкеге шығарылған атағы әлемге мәшһүр Арал теңізінің балығын, ақ маржан күрішін, өзге де өнімдерді бас шаһардағы ағайын қуанышпен саудалап жатты.

Аманбай ЕРХАТОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
«СПК Қызылорда балық» ЖШС директоры. 





ҚОҒАМ 15 тамыз 2017 г. 595 0