Алаштың анасы – қазақтың панасы

Жыр елі саналатын Сыр өңірін өнер ордасы деп атасақ та болады. Алаштың анасы болған аймақта мәдениетті асқақтатар азаматтар баршылық. Оған  Астанада өткен Қызылорда облысының мәдени күндері қарсаңында тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Сыр елінің Елорда төріндегі мәдени шараларының барысында менің «Қорқыт» деп аталатын драмам сахналанды. Астанадағы М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында болған спектакльді тамашалауға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл спектакльдің режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір-Темір екенін айта кеткен жөн. Қызылорда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртістері рольдерді  тамаша сомдап шықты. Бүгінгі көрерменге Қорқыт бабаның тағдыры қандай болғанын көрсете білді.
Спектакль аяқталған соң  сахнаға шығарып маған құрмет көрсетті. Мен Сырдария өзеніне арнаған өлеңімді оқыдым. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мені 70 жылдық мерейтойыммен құттықтап, иығыма шапан жауып, ақ күріштен салынған портретімді сыйға тартты. Осындай марапат биігіне шығарған  қызылордалықтарға  алғысым  шексіз.
Сыр елінің мәдениет күндері халқымыздың рухани әлемін байытқан аса маңызды шара болды.

Иранбек ОРАЗБАЕВ,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 



ҚОҒАМ 15 тамыз 2017 г. 556 0