Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жалпы 311,2 мың гектар жердің пайдаланылмай отырғандығы анықталды. Оның 87,3 пайызы мемлекетке қайтарылса, 31,8 мың гектарын жер иеленушілер қайта пайдалануға кіріскен.
Бұл туралы Қызылорда облысының жер қатынастар басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Сондай-ақ, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында жер қатынастарының сақталуына байланысты 236 бақылау шарасы жүргізілген. Тексеру қорытындысы бойынша 171 заң бұзушылық деректері анықталды. Облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Қайрат Әбенұлының айтуынша, игерілмей жатқан 9 жер телімін мәжбүрлеп алып қою мақсатында сотқа талап-арыздар жолданған. Оның 5-уі мемлекетке қайтарылса, 2-уі пайдаланушы тарапына шешілді. Ал, қалған 2-уі соттың қарауында.
Қазіргі таңда облысымызда жер учаскелерін пайдаланудағы шектеулер бойынша 79 адам тіркелген. Яғни, оларға тиесілі жерін жалға беруге немесе кепілдікке қоюға заңды түрде рұқсат етілмейді.